Тарих

Рулы елге ұран болған Қарқабат ана: аңыз бен ақиқат

Қарағанды өңірінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген атақты Қаздауысты Қазыбек бидің, Бұқар жыраудың, абыз Шортанбай Қанайұлының мерейтойлық іс-шаралары ел еңсесін тіктер елеулі оқиғалар болғаны мәлім. Ал, тарих қалтарысында қалып бара жатқан тағы бір айтулы тұлға – Қарқабат Ана туралы осы жылдың сәуір айында «Орталық Қазақстан» газетінде ынталы топ атынан арнайы мақала жариялануы да көпшілікті бейжай қалдырмағаны анық. Оған дәлел – Қарқабат Ана есімін ұлықтау жөнінде еліміздің бір топ белгілі ғалымдары, жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің (олар жөнінде сұхбат барысында тоқталамыз) облыс әкімі Ерлан Қошановтың атына жазған Ашық хаты әкімдік тарапынан, жалпы жұртшылық тарапынан кең қолдау тауып, ізін суытпай «Қарқабат Ана» тарихи-этнографиялық қоғамдық бірлестігі құрылып, жұмыс істей бастағаны. Бұл соны бастаманың алға қойған мақсаты да құптарлық. Оқырмандарымыздың «тереңірек білсек» деген ынта-ықыласына орай, баспасөз беттерінде Қарқабат Ана туралы алғаш мақалалар жариялап, тәрбиелік мәні зор осы ғибратты істің бастамашысы болып жүрген ынталы топ жетекшілерінің бірі, белгілі журналист-қаламгер, Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының, Н.Төреқұлов атындағы дипломатиялық сыйлықтың иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Болат ЖӘМКЕНОВПЕН кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Сіз бір мақалаңызда: «Осы өңірлерден шыққан Жұбан Ана, Нұрпая Ана, Белең Ана, Айғаным ханым, Ақтолыс Ана, Айпара Ана және тағы басқа көптеген әйгілі Аналар шоғырында дара тұрған Қарқабат Ана есімі қазақтың Ұлы жүзі руларының қалыптасуына ұйытқы болған Домалақ Анамен ғана салыстыруға болатын ірі тұлға деуге әбден негіз бар» депсіз. Осы жөнінде тағы бір қысқаша тоқтала кетудің артықтығы болмас.

– Әңгімемізді тақырыптың тәрбиелік мәнінен бастайын. Құрылған қоғамдық бірлестіктің (қор емес) ерекшелігі сол, тек, Қарқабат Ана есімін есте қалдыру шараларымен шектеліп қалмай, ең бастысы, дәл қазіргі таңда аса өзекті – Аналар тақырыбын көтеру. Сол ұлы Аналарымыздың рухани болмысын тануға, қыздарымызды олардың талбесік тәрбиесінен тәлім алуға шақыру – атқарылар істердің түп қазығы болмақ. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегенге саяды. Әсіресе, қыздарымыздың әлеуметтік желілерден «қазақ қызы» деуге ауыз бармайтын әбес қылықтары әбден асқынған, ұлт қамын сырып қойып, көрінген «көк аттының» етегіне жармасып, шет ел асуы (санын айтудың өзі шошырлық) тым шектен шыққан қазіргі тұста Аналар тақырыбы қай кездегіден де өзекті. Рухани қажеттілік екені даусыз. Ал, жаңағы әуелгі сауалыңызға келсек, қазақта небір қиынқыстау кезеңдерде ақыл-парасатымен ұлтты ұйытып, бүкіл ру өнеге-үлгі тұтқан абзал аналар аз болмағаны тарихтан белгілі. Қарқабат Ана жөнінде қысқаша мынадай тарихи айғақ-деректерді келтірсек те жеткілікті. Ән мен жыр дүлдүлі Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897ж.ж.) ақын Сарамен айтысқанда: «Қарқабат, Қарақожа – ата-бабам, Осындай ерегісте қолдай-тұғын!…» демей ме?! Яғни, бүкіл Арғынның атасы саналатын Қарақожамен қатар аталуының өзі-ақ, Қарқабат Ананың қазақтың ұлт болып ұйысуына қосқан зор үлесін, тарихи алар орнын айқын аңғартар дәлел болмақ. Ал, бұдан бір ғасыр бұрын қазақтың біртуар азаматы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қарқаралы уезі» кітабының 32-33-беттерінде сол кездегі Қарқаралы өңірінің белгілі ақсақалы, шежірешісі Мақат Ақай-ұлы Қаракесек және Қарқабат Ана туралы өзіне айтқан көлемді шежіре-аңызды келтіреді. (Мәтіннің толық нұсқасы қолымызда). Өз кезегінде «Қазақ энциклопедиясы» осы айтылған деректерді толықтыра және түгелдей дерлік растай түседі (ҚСЭ, 7-том, 11-бет).

– Қарқабат Ана есімін Арқа жерінде ежелден-ақ қастер тұтқан ғой. Кешегі кеңестік мәңгүрттендіру саясаты салдарынан кейінде көп аталмай, көмескі тарта бастағаны да жасырын емес еді…

 – Мейрамсопыдан тарайтын бес ұл: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа) «Бес Мейрам» деп аталатыны мәлім. Қарқабат Ана өзінен туған Болатқожамен бірге Мейрамның бірінші әйелі Нұрпаямен бірге елінен ере келген жеңгесінің ұлы Қамбарды (Балқожа), кейінірек туған Шұбыртпалы (Темірқожа) мен Жалықпасты да (соңғы екеуі Мейрамның өз кіндігінен) өз қамқорлығына алып, қоса тәрбиелеп өсірген Ана! Олардың бәйбіше балаларымен тату болуына, іргелері сөгілмеуіне ғұмыр бойыкүш салғаны ел ішінде әлі де аңыз болып айтылады. Тіпті, бәйбішеден туған Сүйіндіктің де емшек беріп өсірген, сүт анасы болған. Бұл жерде оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес, әрине. Тек қосарымыз, Қарқабат Ана тәрбиелеген аталған төрт атаның («Төрт Қаракесектің») тұқымының өзі қазіргі күнде қаулап өсіп, Сарыарқа бойын ен жайлап, қалың қазақ елінің шаңырағын көтеріскен, іргесін бекемдескен қабырғалы ру Қаракесек атанып, бүгінге жетіп отыр. Демек, Қарқабат Анамыз демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің дерегі бойынша, ұзын саны бүгінде миллионнан асып отырған барша Қаракесек руының арғы ұлы Анасы.

Академик-жазушы Ғ.Мүсіреповтің айтуынша, анасының есімін ұран қылып шақыратын қазақтың үш руының бірі осы – Қаракесек. Көкбөрі Қаракесек сарбаздары ата жаумен айқасқа шыққанда «Қарқабат! Қарқабат!» деп Анасы есіміне сиынып шапқан ғой!

– Қарқабат Ананың шыққан тегі туралы да әртүрлі айтылып келген тәрізді…

 – Иә, ол да рас. Бұл жөнінде мен Шет-Бұғылы өңірінен шыққан Сазанбай батыр жөнінде жазылған «Дала дастаны» атты тарихи-деректі кітабымда (2016 ж.) және осы жылдың сәуір айының орта шенінде сіздердің «Орталық Қазақстан» газетіндегі мақаламда толығырақ жазғандықтан бұл жерде, тек, мына бір деректерге ғана тоқталайын. Қазақтың «ормандай қалың» Орта жүзі ішіндегі іргелі ру Қаракесек атауының қалай шығуы туралы тарихи баяндар, аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер көп. Өлеңмен жазылған сондай екі көлемді жыршежіре қолымызда тұр. Бұларда Қарқабат Анамыздың өмірбаяндық деректері, аналық, даналық бейнесі анық көрініс тапқан.

«…Кең далада бірліктің отын көсеп,

 Іргелі ел болыпты Қаракесек,

 Соларды ер жеткізген Қарқабатты,

Бақ дарыған киелі ана десед.

Қасиетті Шадияр Әли екен,

Қарқабат анамыздың арғы тегі..» деп келеді ұзақ жыр.

Ұлы анамыздың текті жерден екенін осы Шет өңірінде ғұмыр кешкен атақты абызкеуде жырау Шортанбай Қанайұлының (1818-1881ж.ж.) жыршежіресі де дәлелдей түседі: «Сыр қызын Мейрамсопы алған екен, Жеңгесі шығарып салып барған екен. Емшекте жеңгесінің бар баласы, Үш адам келген еді айналасы. Біреуі Арыстан баб тұқымынан, бірге өскен бай қызының жан жолдасы». Міне, осы жолдардағы «Арыстан баб тұқымынан» деп отырғаны Қарқабат Анамыз.

Қарқабат ер адамға бергісіз аса қайратты, өте ажарлы, ақылына көркі сай Ана болуымен бірге, отбасына ерекше мейірімді жан екен. Әсіресе, күйеуін ерекше құрметтеген. Мейрамсопының етіне суық су, табанына сыз тигізбеген. Дәрет алатын құманын түнде қойынына алып жатады. Осыны байқай жүріп, әбден риза болған Мейрам: «Өркенің өссін!» – деп бата береді екен. «Қарқабаттың арты жақсы болып, өркені өскені, рулы елге есімі ұран болып, әруақ дарығаны осыдан», – дейді кешегі көнекөз ақылмандар. Мейрамның бәйбішесі де құт дарыған қасиетті кісі екен. Қарқабаттың мейірімділігі мен аналық қасиеттеріне әбден риза болған Нұрпая оның балаларына: «Көрпең кең болсын, тұқымың қалың ел болсын!», – деп бата беріпті. Бұл қазақтың жазба шежіресінің ғұламасы атақты МәшҺүр Жүсіп Көпейұлы қалдырған мол деректердің бір парасы ғана. Зерделеп қарағанымызда, Қарқабат Ана туралы біздің жоғарыдағы келтірген деректерімізді толықтыра түсетін оннан астам дереккөз кітаптардан нақты мағлұматтар кездестірдік. Ал, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде «Елім-айлап» жүріп ел тарихын тереңдете жазған Софы Сматаев ағамызға Алматыға арнайы барып жолыққанымызда, ол өзінің 2010 жылы жеке кітап болып шыққан «Мейрамсопы – Қарқабат» дастанын жазу барысында Арыстан баб кесенесіне барып, зиярат ете жүріп, ондағы көнекөздерден Қарқабат Анамыздың шыққан тегі, төркінжұрты жөніндегі құнды дерек-құжаттар тапқанын айтып, бізді бір серпілтіп тастады. «Арнайы экспедиция жасақтап, Анамыздың туған, қайтыс болған жерлері анықталса, тездетіп кітаптар шығаруды қолға алсақ», – дейді жазушы ағамыз.

Ақтоғайлық автор Аманолла Шайбековтің сирек кездесетін деректер келтіре отырып, құнды танымдық-зерттеу мақала жариялауы біз үшін күтпеген қуанышты жаңалық болды. Әрі ел арасында өзге де зерттелмеген тың дүниелер, бағалы тарихи деректер мол сақталуы арада ғасырлар өтсе де ел қамын жеген асылдар есімі өлмейтінін, мәңгі халық жадында екенін көрсетіп отыр. Қазір ардақты Анамыз туралы ел арасындағы аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер, ғылыми-зерттеу еңбектер жинастырылу ісі басталып та кетті. Анамыздың ғұмырнамалық деректері Мейрамның сонау Еңсегей бойлы Есім ханның биі әрі қолбасшысы болған тұстарға жетелейтіні де қызықты…

– Ардақты Анамыздың есімін ұлықтау жөніндегі бастамашылыққа негізінен белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар мұрындақ болғанға ұқсайды…

– Иә, Қарқабат Ана туралы баспасөз бетінде алғаш мақала жарияланысымен-ақ бірден жер-жерден көптеген азаматтар, соның ішінде, ҚР ҰҒА академиктері – Сейіт Қасқабасов пен Диқан Қамзабекұлы, елге танымал жазушы ағамыз Софы Сматаев, белгілі қоғам қайраткері әрі кәсіпкер Амангелді Ермегияев, филолог-ғалым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, шежіреші-ғалым Мақсат Алпысбес, ақын, Алматы облысының Құрметті азаматы Бақытжан Тобаяқов, қазақтың ұлтжанды біртуар азаматы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров бастаған бірқатар зиялы қауым өкілдері қолдау білдіріп, тіпті, ынталы топ құруға ынталы болғанын ризашылықпен жеткізе кетудің де артықтығы болмас.

– «Қарқабат ең алдымен, қазақты қазақ қылған ошақтың үш бұтындай анау атақты үш бидің бірі – Қаздауысты Қазыбектің арғы ұлы анасы. Яғни, Қазыбектің арғы атасы Қаракесекті (Болатқожаны) дүниеге әкелген Ана. Ал, осындай ұлысты ұйыстырған, руды ұйытқан ұлағатты Ананы еске салар бір белгі-ескерткіш бар ма осынау ұлан-ғайыр Ұлы Дала жерінде!? Таппайсыз. Ұрпақ алдында ұялар жан болса, қанеки?! Өкінішті… » – деп жазған екенсіз «Дала дастаны» кітабыңызда…

– Иә, ақын Жұбан Молдағалиев ағамыз: «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде танысқам мұң тілімен..» деп тегін тебіренген бе?! Ұлт тағдыры сан мәрте қыл үстінде қалтырап, талай жер бетінен жойылып кету қаупі төнген қиын-қыстау тұстарда ерлермен бірге атқа қонған қаһарман қыздарымыз, ақыл-парасатымен ұлтты ұйытып, рулы елге сөзі жүрген абзал Аналарымыз қазақ даласының әр өңірінде де аз болмаған ғой. Тіпті, өзге түркі халықтарында, тіпті, күллі шығыс халықтарында деуге де болар, дәл қазақ қыздарындай жауынгер-батыр, әлгіндей ірі тарихи тұлғаға айналған аналар көп кездесе де бермейді қарап отырсаң…

«Әттең…соларды үлкен экрандардан әлі көрсете алмауымыз, қазіргі жас өскіндерге үлгіөнеге етіп айта алмауыз қалай?» деседі көргенді көпшілік. Бұл да бойдағы бодандық, тоталитарлық, құлдық санадан арыла алмауымыздан демеске амалымыз жоқ. Ойланарлық мәселе.

Тұжырымдай келе айтарымыз, Қарқабат Анамыз есімін мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асыруға (ескерткіш орнату, елді мекендерге атын беру, кітаптар шығару және тағы басқасы) жергілікті билік өкілдері, ел азаматтары, кәсіпкер азаматтар бір кісідей атсалысса, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан лайықты үлес әрі елдігімізді танытар ерекше ғибратты іс болар еді деп сенеміз.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

 Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button