Рухани негіз – ұлттық тамыр


Жуырда Шет ауданы Красная Поляна ауылының Мәдениет үйінде білікті ұстаз Жанар МАШАБАЕВАНЫҢ ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби-сазды кеш өтті.
Мақсаты – оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеуде мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру, тiлге құрмет – елге құрмет екенiн сезiндiру, рухани адамгершілігі мол қасиеттерге баулу. Кеш қонағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай, дәстүрлі ән өне­рінің дүлдүлі, әнші Сағат Әбілханов болды. Көшбасшымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өрбіген сырласу кешi жиналғандарға керемет әсер қалдырды. Қазақтың жүз әні туралы әңгімелер оқушыларға рух бердi. Сонымен қатар, қазіргі таңда еліміз үшін ең маңызды мәселелердің бірі – латын әліпбиіне көшу жөнінде сөз қозғалды.
– Бүгінгі күнде Қазақстанның алдында тұрған әлемнің барынша дамыған 30 елі қатарына кіру мақсатына жету үшін қазақстандық әрбір азамат бәсекеге қабілеттілік, прагматизм секілді қасиеттерге ие болуы тиіс, сонымен қатар, өзінің ұлттық бірегейлігін сақтай отырып, батыстық өркениеттің тек жағымды жақтарын ғана сіңіруі қажет екендігіне назар аудару қажет. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында туған жер қасиетін паш ету, оның ішінде, құнды жəдігерлерді сақтау мен тарихы жөнінде кеңінен насихаттау, кемел келешек пен оған жетер қадамдар жөнінде бағыт беріп отыр, – деп ақын Руслан Нұрбай ой түйіп, екпіндеп өлең оқыды.
Өз кезегінде әнші Сағат Әбілханов Қасымның, Мәдидің әндерін шырқап, Арқаның дәстүрлі әндерін аңсап, домбыра үніне шөлдеп қал­ған елдің ыстық ықыласына бөленді. Сахна көрігін қыздырып, тыңдарманға таңдай қақтырды.
Абай, Қасым, Мұқағали, Фаризаның және Арқа ақындарының өлеңдерін Красная Поляна ауылы орта мектебінің математика пәнінің ұстазы Жанар Машабаеваның шәкірттері Әділет Тоққожинов, Мақпалды Шохатаева, Аида Калилинова, Тамирлан Тоққожинов, Нұрқанат Алпысов, Еркеназ Еркін, Жарас Қап­пас, Гүлсая Топыш, Дияс Жақсыкелді, Сән Сайлау, Ләйлә Манат мә­нерлеп оқыды. Сонымен қатар, көкейлерінде жүрген сұ­рақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар тала­сы» (Абай) демекші, сахнада жас мұғалім Айдана Сәулебек пен оқу­шылар Нұрқанат Алпысов, Мақпалды Шохатаева өз өлеңдерін оқып, жырмен сусындатты.
9 «А» сыныбының оқушысы Ақниет Ақышова Абайдың «Көзім­нің қарасын» қобызбен күңірентіп жеткізді. Сондай-ақ, физика және математика пәнінің мұғалімі Қарлығаш Бабажанқызы ақжарма тілегін білдірді. Жанар Машабаева болса қолдау білдірген ауыл әкімі Сағит Мақажановқа, Мәдениет үйінің меңгерушісі Сандуғаш Алдажароваға, көрермендерге алғысын айтты. Кездесу соңында оқушылар қонақтардың қолтаңбасын алып, суретке түсті. Содан кейін кітап қоры 5 мың дананы құрайтын Мәдениет үйі кітапханасының жұмысымен танысты.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.