Рухани қазына – сөреде
Таяуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапханаға латын әліпбиіндегі кітап сыйла» акция басталған болатын. Кешегі күні айтулы акция аясында, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері, ардагер ұстаз, Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі Ошақбай СУХАНБЕРЛИН латын қарпінде шыққан үш кітапты сыйға тартты.
Аталмыш кітапхананың директоры Дина Базарбайқызы құнды жәдігерді салтанатты түрде қабылдап алды. Сонымен қоса, ардагерді Алғыс хатпен марапаттады. Дина Аманжолованың айтуынша, латын әліпбиінде жазылған кітаптар кітапхана сөресінде жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында және оқырмандардың латын әліпбиіне көшу заман талабы екендігін насихаттап, өз бетінше оқуын жолға қойып отырған көрінеді. Шара басталған күні бірінші латын қарпінде шыққан «Батырлар» атты кітап Қарқаралыдан әкелініп, аманат ретінде тапсырылыпты. Ал, тыл және еңбек ардагері Ошақбай Суханберліұлының сыйлаған латын әліпбиіндегі Абай Құнанбаевтың, Николай Островскийдің «Как закалялась сталь» атты кітабы және Джек Лондонның «Белый клык» атты кітабы кітапхананы қорын толықтырған төртінші кітап екен.
Кітаптар ақсақалдың қолына түскелі жетпіс жылға жуықтапты. Ол туралы әңгімені өз аузынан естідік.
– Мен жасымнан кітапқұмар болып өстім. Сауатымды латын әліпбиімен аштым. Соғысқа кетерде ағаларым өз бетіммен әріп танитын қабілетке жеткізді. Сол уақыттарда латын әліпбиінде жазылған «Қазақтың тоғыз батыры» атты кітабын ел жиналған жерде оқып беретін едім. Әлгі кітапты 9 – сынып оқып жүргенде жоғалтып алдым. Ал, бүгінгі табыстаған үш кітап менің қолыма 1950 жылы түсті. Интернатта жатып оқимын. Бізге кітапхананы тазалатып, латын әліпбиіндегі кітаптарды арбаға тиетті. Сол кезде осы үш кітапты қимай алып қалған едім. Кітаптың баға жетпес қазына екендігіне бүгін тағы да бір мәрте көзім жетіп отыр, – деді Ошақбай Суханберліұлы.
Нұрдос КӘРІМ