Руханият

Құрмет көше берумен шектелмейді

Қайраткер есімі елдің есінде қалсын, зердесіне жазылсын, жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен жасалып жатқан насихат пен құрмет шаралары тек көше берумен шектелмейді. Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ақтап қана қоймай, әрқайсының ел тұтастығы жолындағы күрес кезінде сіңірген еңбегінің дәрежесін анықтап, баға берер деп ойлаймын.

Егер, осылай баға берілсе, Әлімхан Ермеков ағамызға деген құрмет те жоғары дәрежеде болуы тиіс. Олай дейтінім «Қазақ» газетінің, ғалым М.Ескендірұлы «Алаш Орда министрлері» кітабындағы, профессор Жанна Қыдыралинаның монографиясындағы, ұстаздық қызметі туралы мағлұматтар, профессор И.Арыстанның «Ескірмейтін еңбек» мақаласындағы, Назгүл Әбутрапованың деректі фильміндегі Әлімхан Ермековтің еңбектері мен өміріндегі мәліметтер шындық болса, ол кісінің есімі көшелер мен кішкентай білім орындарына берілуімен шектелмеуі керек шығар.

Әлімхан – білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді парыз санаған жігерлі азамат. Сонымен қоса, Орыс географиялық қоғамы, Семей бөлімшесіне мүше болып, Қазақ автономиясы шекарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғаған. Осы қызу айтыста В.Лениннің төрағалығымен өткен комиссарлар кеңесінің мәжілісінде баяндама жасап, бұлтартпас дәлелдерімен Каспийдің теріскейіндегі мұнайлы өлкені, Ертістің сол жағалауындағы біраз жерді Қазақ еліне қайтарды.

Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен педагогикалық техникум ашумен қатар, бірнеше жоғары оқу орнында ұстаз, кафедра меңгерушісі болған. Жоғары оқу орындарында арналған алғашқы қазақ тіліндегі математика оқулығын жазса, ғалымның «Ұлы математика курсы» оқулығы бірнеше мың данамен басылып шығыпты. Істі болған уақытта осы кітаптардың бәрін жойып жіберген. Әйтеуір, бір данасы аман қалып, кейін шәкірттері қайта бастырды. Ұлттық математиканың негізін қалаушы ретінде танылып, осы кезде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін шығарады.

1935 жылы ҚСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы бұл кісіге теориялық механика мен математикадан Профессор дәрежесін береді. Елімізге келешекте білімді азаматтардың қажет болатынын ескере отырып, келешегі мол жастарға қамқорлық жасайды. Соның айғағы, кейіннен ұлы ғалым болған Қаныш Сәтбаевты жетектеп апарып, Томскіге оқуға түсіреді. Осылайша, келешегінен зор үміт күттірген қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы қалада оқуына қолдау көрсетеді.

Менің жазып отырғаным – бізге жария еңбектері ғана. Ал, жазылмай қалғандары қаншама. Туған халқына осыншама мол еңбек сіңіріп жүрген азаматты Кеңес өкіметі қаншама қуғын-cүргінге салып, үш рет түрмеге отырғызып, он сегіз жыл темір тордың арғы жағында бейнет көріп, елге оралғаннан кейін де осының бәріне мойымай ұстаздық қызметін жалғастырған. Ал, адамгершілік қасиетін, ұлтжандылық бағытын, ғалымдық, ұстаздық болмысына кір шалдырмай, сақтай білген ағамыз неге көлеңкеде қалып жүр?

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кез болған соң, біздің зиялы қауым қорықты ма, жария етпей жерлей салғаны және елеусіз жатқан христиан бейітіне қоюына не себеп болды екен?

Әрине, бұл – өткен шаруа. Онымен қоса, бұл азаматтың соңында беделді қолдаушысы болмаған сияқты. Ең бірінші, бейітін аруақ риза болатындай қалыпқа келтірсе. Одан кейін ұлттық математиканың негізін қалаушы ретінде танылып, математикадан бастау алған еңбектері оқу орындарында пән ретінде енгізілсе. Есімі қазір аталып жүрген Алаш қайраткерлерімен бір қатарда тұрса. Ол үшін елінің шекарасын бекітудегі еңбегі жоғары бағаланып, келешек ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуге кеңінен қолданылса. Халық бұл кісінің есімімен жақсы таныс болуы үшін белгілі оқу орындарына атын бергені дұрыс болар еді. Өзі туып өскен және қызмет атқарған Қарағанды облысы осыған зор мән беруі қажет. Осыған сұранып тұрған өзі ұстаздық еткен политехникалық университетке есімін берсе, артық болмас еді.

Бұл мүмкін болмаса, облыстың бір ауданына атын беру лайықты дер едім. Осы сияқты ғалымның тұлғасын насихаттаудан атыраулықтар да шет қалмағаны дұрыс. Егер, Әлімхан Ермеков В.Ленин бастаған комиссияға қазақтың жер көлемін толық дәлелдеп бермегенде, мұнайлы өлкенің біраз бөлігі Ресейдің қарамағында қалатын еді.

Атырау облысының зиялы қауымы бұл кісінің осы еңбегін бағалап, бір беделді білім ордасына есімін берер деп үміттенемін. Сөз соңында, халқының келешегі үшін тайсалмай күресіп, үш рет сотталып, он сегіз жылын түрмеде азаппен өткізгенін де ескергеніміз жөн болатынын айтқым келеді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button