Республикалық «Менің сүйікті кітабым» эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана көру қабілеті бұзылған оқырмандар арасында «Менің сүйікті кітабым» атты республикалық эссе байқауын жариялаған болатын. Бүгінде байқаудың қорытындысы шығып, жүлдегерлер марапатталды. Шараның ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Е.Нелдібаев қатысып, жылы лебізін білдірді.

Аталмыш байқауға Алматы, Астана, Шымкент қаласы мен 12 облыстан 53 қатысушы өтінім берген. Жас таланттардың шығармаларын қазылар алқасы бағалап, үздіктерді жүлделі орындарға бөлген.
Қазылар алқасының шешімімен І орынды «Менің сүйікті кітабым – Күнкей қыз» жұмысымен Жамбыл облысынан қатысқан Мария Нисонова иеленді. Жеңімпазға 150 мың теңгелік сертификат табысталды. ІІ орын Жетісу облысынан қатысқан «История одной судьбы» жұмысымен көзге түскен Қарлығаш Бекеноваға бұйырды. Жүлдегерге 120 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат берілді. Ал, жүлделі ІІІ орын мен 100 мың теңгелік сертификат Шығыс Қазақстан облысынан сэр Терри Пратчеттаның «Кот без дураков» жұмысы бойынша Мария Серба иеленді.
Сонымен қатар, ерекше көзге түскен қатысушылар да арнайы номинация бойынша марапатталды. «Көркем сөздің шебері» аталымы бойынша Шахтинск қаласынан Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасымен қатысқан Мейрам Абенов марапатталды. Қарағанды қаласынан қатысқан Татьяна Елаш «Книга как пища для ума» шығармасы үшін «Золотое перо» аталымына лайық деп танылды. Қос номинация иегеріне арнайы диплом мен 40 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz