Рауан – жеңімпаз!

    Ел Тәуелсіздігі мен Елорданың құрметіне ұйымдастырылған жыр додасында «Орталықтың» бәсі биік, жұлдызы жоғары шықты тағы. Тағы деуіміздің себебі, әріптес ақын жігіт Рауан ҚАБИДОЛДИН өткен жолы да олжалы оралған Астанадан. Осы жолы да бірінші орын – Бас жүлдені қанжығалап келді. Бірге қуандық. 

Елордада ҚР Тәуелсіздігі күніне және Астананың 20 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» атты жас ақындар мүшәйрасына редакциямыздан Астанаға Рауан аттанғанда, бәріміз тақым қысқанбыз. «Ауылдастың тайы озсын» деген бар ғой. Текке шықпапты сонымыз. Жүлдегер ғана емес, жеңімпаз – Рауан.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған әдеби байқау үш кезең бойынша өтіпті. Бірінші кезеңде 50-ге жуық ақынның арасынан 10-ы іріктелсе, екінші кезеңде олардың өлеңдері сайтта жарияланып, оқырмандардың арасында дауыс беру жүргізілген. Үшінші кезеңде жас ақындар қазылар мен көрермендердің алдында өлең оқып, қабілет-қарымын көрсетті. Сайысқа Несіпбек Айтұлы, Серік Сейітман сияқты белгілі ақындар мен Елдос Тоқтарбай секілді әдебиет сыншысы қазылық етіпті. Қорытындысында ақын Рауан Қабидолдин алғашқы болып келсе, елордалық Ажар Ерболған екінші және тағы бір астаналық ақын Алпамыс Файзолла үшінші орыннан көрінсе керек. Сөйтіп, әріптесіміз астаналық ақындар арасынан қара үзіп, Арқаның абыройын асқақтатып келді. Құтты болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.