Петровка ауылында ветеринарлық пункт ашылды
Бүгін Бұқар жырау ауданының Петровка ауылында жаңа ветеринарлық пунктің ашылу салтанаты өтті. Сонда Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын жаңа ветеринарлық пункті ашудағы мақсат – халыққа көрсетілетін малдәрігерлік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету екенін атады.

– Кез келген ұлттың, мемлекеттің қауіпсіздігі осы ветеринария саласының жай-күйіне байланысты. Бұл саланы жай ғана малды емдеу, мал ауруларының алдын алу деп қарасақ, қателескеніміз. Оның маңызы бұдан да терең. Оған тікелей еліміздің қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігі қатысты. Сондықтан мемлекетіміздің басшысы оның маңыздылығына ерекше мән беріп, материалдық-техникалық базасының дамуы мен мамандардың жағдайына көңіл бөлумен келеді, – деді.

Бұл жаңа ветеринарлық пунктті ашудағы мақсат осы ауылдық округ аумағында халыққа көрсетілетін малдәрігерлік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.

Соған байланысты ветеринар мамандар аталған елді мекенде профилактикалық және мал емдеу шараларын уақтылы жүргізіп, ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жұқпалы аурулардың таралуына жол бермей, аумақтың ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігінің күзетінде тұрулары тиіс. Ол жұмыстарды жүзеге асыруға арнайы мал қоршауы, заманауи жабдықтармен, білікті мамандармен жарақтандырылған осы жаңа нысан мүмкіндік береді.

Петровка аулындағы бұл салтанатқа шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл тұрғындары қатысып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



