Пәтер кілтін сыйлады
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы қарсаңында Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет сарайында ерекше қажеттіліктері бар 45 балаға көмек көрсету мақсатында және Сәтбаев қаласының 45 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай, «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық акциясы өтті.
Аталған шараға Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының директоры Е.Құсайын, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Оспанова, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубының төрағасы С.Водько қатысты.
Мәдениет сарайының залында ерекше туған балалар мен олардың ата-аналарының шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрме қонақтары көптеген туындыларды сатып алды. Сонымен қатар, балалар мүмкіндіктің шегі жоқ деген ұранды алға тартып, би билеп, өлең айтты, сурет салды.
Іс-шара барысында ерекше қажеттіліктері бар 45 балаға 50 мың теңге көлемінде сертификат табыс етілді. Ал, Амантай Ержанға екі бөлмелі пәтердің кілті берілді. Марапаттау рәсімінен кейін балалар өз өнерлерін көрсетіп, жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады. Балалардың тартуын көрермендер ерекше ризашылықпен қабылдады.
Қарағанды облысы ҚХА баспасөз қызметі.