АймақБас тақырыпҚарағанды

Пәтер аларда құрылыс компаниясынан қандай құжаттар талап ету қажет?

Қазіргі кезде өңірде резонанс тудырып тұрған мәселелердің бірі заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлер мәселесі. Осы мәселеден кейін аймақ тұрғындарында қаражатымызды салмай тұрып, тұрғын үй салуға рұқсаты бар құрылыс компанияларын қалай ажыратамыз деген сұрақ туындады. Бұл сұраққа облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов үлескерлерге өз қаражаттарын сеніп тапсырар алдында құрылыс салушыдан пәтер сатып алу кезінде қалай сақтануға болатыны жайлы кеңес берді.

Сурет: realty.rbc.ru

Ведомство басшысы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңын оқып, танысып алуға кеңес береді. Онда ережелер нақты жазылған. Атап айтқанда, құрылыс салушының бірыңғай оператордың кепілдігі болуы не екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысуы қажет. Үлескерлердің ақшасын тарту көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын салғаннан кейін ғана мүмкін болады.

– «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның бір мақсаты – сіз салған ақшаны қорғау, сақтандыру екенін түсінуіміз керек. Сіз пәтерлерді сату кеңсесіне келгеннен кейін, ең алдымен, құрылыс салушыдан хабарлама талонын көрсетуді талап етіңіз. Бұл құжат үй заңды түрде салынып жатқанын көрсетеді. Екіншісі – техникалық және авторлық қадағалау шарттарын көрсетуді сұраңыз. Үшіншісі – үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың болуы. Бұл құжаттар бірінші кезекте талап етілуі керек. Егер қандай да бір себептермен оларды көрсетуден бас тартылса, онда ойлануға негіз бар. Ақшаны біреуге бермес бұрын, үлескерлердің қаражатын тартудың заңды құқығына көз жеткізіңіз. Бүгін инвестиция салсаңыз, кейін аз төлейсіз деген жарнамалық қақпанға түсудің қажеті жоқ, – дейді Сержан Аймақов.

Құрылыс компаниясы құжаттарды көрсетуден бас тартқан жағдайда, сенім телефонына хабарласуларыңызға болады: 8-7212-43-22-43.

Сержан Аймақов Қарағандыда бүгінде 70-ке жуық тұрғын үй кешені салынып жатқанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, рұқсат құжаттарының толық пакеті жоқ 11 нысан бақылауда. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 14 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, тағы екеуі бойынша хабарламалар жолданды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button