Басты тақырыпРуханият

ОТАНЫ ЖОҚТЫҢ РӘМІЗІ БОЛМАЙДЫ

   Ұлттық болжамдау орталығымыз жыл сайын өзекті мәселелер бойынша ел арасында сауалнама өткізіп тұрады. Соның бірі – отансүйгіштік сезімімізге қатысты.

Дау жоқ, өз Отанын сүймейтін азамат болмайды. Сүйікті Отаны үшін жанын пида еткен бүгінгі замандастарымыз да баршылық. Алайда туған жерін, туған елін тәрк етіп, шетел асып кетіп жатқан қандастарымыз да асып төгіліп жатыр. Қазақстаннан қоныс аударушылар жыл өткен сайын өсе түсуде. Статистика мәліметіне жүгінетін болсақ 2016 жылы 32930 адам қоныс аударған. Көпшілігі Ресейге барып тұрақтайды. Өйткені онда арнайы бағдарлама қабылданған. Алдыңғы жылы 32 мың қазақстандық Ресей азаматтығын алса, былтыр ол тағы да 6 мыңға арта түскен. Ал биыл біздің эмигранттарымыз Ресейге қоныс аударушылардың 11 пайызын құрап отыр. Әсіресе, шетелде оқып жатқан жастарымыз елге қайткен күнде қайтпай қалудың амалын ойластырады екен…

Себеп?..

Нақ сол отансүйгіштік сезімде жатыр.

Олардың отансүйгіштік сезімі әлсіреген, олардың патриоттық сезімі селкеуленген. Екеуі екі түрлі сезім болғанымен оларды бір-бірінен ажыратуға да болмайды. Біріншісі екіншісіне бастайды.

Отанын сүйген адам сол Отаны үшін құрмалдыққа бара алады. Ал ондай адамды қалыптастыру нә­рес­тенің дүниеге келуімен бас­талады. Бізде бүгінде адами құндылықтар кейінге сырғытылып, алға капитал құндылықтар шықты. Олай болса сыртқа қоныс аударушылар әзірге толастай қоймайтын болады. Бұл өте қауіпті. Советтік қызыл өкімет жеріне жабысып қалған қазақты орнынан қозғай алмай мәжбүрлеп туған жерінен айырып, итжеккенге айдаған еді. Қазақ жерін сөйтіп қана босата алған еді. Ендігі жағдайымыз не болмақ?

Сарапшыларымыз мұны білім алу эмиграциясымен байланыстырады. Қазіргі уақытта еліміздің 70 мың өскіні Ресейде білім алып жатыр. Сол сарапшыларымыз олардың нақты эмигрант болу мүмкіндігін де шығармайды. Олай болса біздің еліміздің ақыл-ойы, миы сыртқа кетіп жатыр деген сөз.

Ең сорақысы елімізде даярланған кәсіби кадрлар да кетіп жатыр. Оларды тоқтатудың тетігі бар ма?

Бар, әрине.

Ол – патриоттық сезімді қа­­лыптастыру. Бала жастан. Әлгі болжамдау орталығының мә­лі­меті бойынша отан­дас­тары­мыздың 80 пайызы өзін патриотпыз деп есептейді екен.

Ресейдегі, Қырғызстандағы, тіпті, АҚШ-тағы көрсеткіш те осы деңгейде екен. Тек Теріскей Кореяда ғана бәрі жақсы көрінеді. Ал айтып отырған Кореядағы жағдай белгілі. Ондағы әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдай әлі де ойдағыдай емес. Соған қарамастан кетіп жатыр деп байбалам салып жатқан олар жоқ. Олай болса мәселе нақ осы патриоттық сезімде.

Біздер сол сезімнен ажырап жатырмыз. Бәріміз де патриотпыз, алайда сол сезіміміздің селкеулігін де жоққа шығара алмаймыз. Баяғыда бір қазақ жол апатынан опат болып жатса мың қазақ уайым жеп, қара жамылып отырушы еді. Бүгінде мың қазақ әлгіндей жағдайға ұшыраса да бір қазақ бұл қалай демейтін болды. Ендеше біз өзімізді сүюден қалып барамыз. Бір қазақ екіншісіне иығын тоспайтын болды. Сөйтіп, біздер қарындастардан «тірідей» айырылып жатыр­мыз. Алайда, көзімізден жас көрінбейтіні қалай?!

Ең әуелі бесік жыры айтылмайтын болды. Оның орынына шетелдің «баю-баю»-лары айтылуда. Бесік жырынан кейін міндетті түрде «Ана жыры» мен «Әке жыры» айтылатын. Ендігі асу «Елім-ай» әні болар еді. Қазақтың нағыз отаншылдық рухы осы әнде жатыр. Осы әнді сіңірген ұрпақ өмір бойы патриот болып өтер еді.

Сол әнімізді елұранымыз жалғастырып отыр. Кешегі кейуаналарымыз бен кейқуаттарымыз «Елімайды» көздеріне жас алып тұрып айтушы еді. Қазіргілер болса елұранымыздың мәтінін де білмейді. Батырыңқырап айтар болсақ елұранды білмейтін өскінді жұмысқа алып та керегі жоқ. Қарын қамын ойлаған кадрдың қайырлысы болмаған.

Елұранымызды көбірек шырқайтындар спортшыларымыз болса керек. Кезінде «Шахтер», «Астана» командаларымыз аяқдоптан Еуропаның азулы командаларын жерге қаратып, еліміздің елұраны шырқалды. Сол елұранымызға қосылып тұрған спортшыларымызды көрмей жерге қарағанымызды несіне жасырайық.

Елұран айтылған жерде қазағы болсын, қазақстандығы болсын құр ауыз ашып тұру жарамайды Елтаңбамыздың, елұранымыздың, елтуымыздың басымызды түйістіруші, біріктіруші фактор екенін жадымыздан еш шығаруға болмайды. Көк туымыз көтерілген жағдайда біріге қаламыз, елұранымыз айтылған жерде қосыла қаламыз…

Біздің елұранымыз ешкімдікінен сорлы емес. Қазақ баласының елұранын ешкім де сырттан келіп жазып берген жоқ. Керек десеңіз қазақ баласы мойындалған елұранымызға жетеқабыл сарын тудыра алған. Е.Хасанғалиевтің «Атамекені», Б.Тілеухановтың «Елім менің» әндері сондай туындылар. Мыңды орнынан тұрғызатын әуендер.

Көк түсті елбайрағымыз жөнінде де осыны айтар едік. Әсіре патриоттығымызды да осы жерде айта кетелік. Қазір қала ішіндегі көліктердің нөміріне көз жүгіртсеңіз елбайрағымыздың суретін көрер едік. Оған лай жұғып қалады, болмаса кірлеп қалады деп бас тартуға бола ма? Жоқ, әрине. Кірлесе тазартып аламыз. Әлгіндей жайтпен бір отандасымыз байрақты алып жууханаға бармай ма. Барса жумаймыз деп айтады дейді. Өйткені ол рәмізіміз деп айтады дейді. Міне, елбайрағымызға деген құрмет! Міне, патриотизм!

Елтаңбамыз жөнінде де осыны айтар едік. Елбайрағымыз сынды оны да қазір кеудемізге тағып алатынды шығардық. Құптайтын-ақ жайт. Бойтұмар қылып тағып жүргендеріміз қаншама?!

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Соның бірін де адамдар әдейі істемеген. Оның барлығы табиғи қалыптан шыққан. Патриотизм деп соны айтады.

Мемлекеттік рәміздеріміз біздің Отанымыздың барлығын білдіретін нышандар. Ал сан миллиондаған халқы бар мемлекетсіз ұлттар қаншама?!

Отаны жоқ елдің мемлекеттік рәміздері болмайды.

Осыған тәубе дейік.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button