Отан – отбасынан басталады
Отбасы – кіші мемлекет. Махаббат, мейірім, ауызбірлік – кіші мемлекеттің ұйытқысы, бойтұмары. Елімізде отбасылық құндылықтардың кең ауқымда дәріптелуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Оның айқын дәлелі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Қарағандыдағы «Достық үйінде» облысымыздың ең үлгілі, ең үздік отбасылары марапатталды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл 10-шы жыл. Облыстық байқауға аудан бойынша үздік атанған отбасылар қатысты. Іріктеу кезеңі өңірдегі қала, аудандарда 15 мамыр мен 30 маусым аралығында өтті. Ондағы қатысушылардың жалпы саны 315-ке жетті. Ақтық сынға әрқайсынан 2 отбасы жолдама алды. Үздіктерге облыс әкімінің атынан ақшалай сертификаттар табысталды. Байқауда Абай ауданына қарасты Юбилейный кентінен келген Клименколардың отбасысы ІІІ орын алды.
– Біздің осында келуімізге көршілеріміз түрткі болды. Әуел баста сенімсіздеу болдық. Бірақ, ауыл жұрты сенімімізді арттырып, қолдау көрсетті. «Ауылдағы үздік отбасысыңдар» деп жылы лебіздерін білдірді. Халыққа сенім артқандары үшін алғысымыз шексіз. Аудандық байқауда ІІ орын алған едік. Отағасы 40 жыл ауылда механизатор болып жұмыс істейді. Үлгілі еңбек адамы. Мен волейбол ойнап, саламатты өмір салтын ұстанамын. Қызым үй шаруасымен айналысып, маған қолғабыс жасайды. Үйдегі барлық шаруаны ақылдасып, бірге атқарамыз. Басты ұстанымымыз – татулық пен ауызбірлік, – деді Лариса Клименко.
ІІІ орын екі отбасыға берілді. Екіншісі – Омашевтар отбасы. Жүлдегерлерге 300 мың теңгеден табысталды. ІІ орынды Бұқар жырау ауданының намысын қорғаған Дакировтар әулеті алды. Оларға 500 мың теңгенің сертификаты берілді. І орыннан Отарбаевтар көрінді. Жеңімпаздарға 700 мың теңге бұйырды. 1 млн. теңгелік сертификаты бар бас жүлде Шет ауданындағы Амриндердің қанжығасына байланды.
Марапаттау рәсімінде сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов ұлттық байқаудың маңызын атап өтті.
– Өнегелі отбасы – қоғамның байлығы. Сіздердей азаматтардан халық үлгі алуы тиіс. Отбасылық құндылықтар – ұлттық тәрбиенің өзегі. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының атқарар миссиясы зор. Байқау арқылы ауызбірлікті, шаңырақ астындағы махаббат пен мейірімді дәріптейміз. Бүгін сахнаға шығып, марапат алған үздіктерді шын жүректен құттықтаймын, – деді басқарма басшысы.
Байқау шарттары бойынша қатысушылар өздерінің отбасының күнделікті өмірі жөнінде бейнероликтер түсірді. Одан бөлек, ғұмырдың жарқын сәттерін айшықтаған фотосуреттері бар портфолио жасады.
10 жыл ішінде ұлттық құндылықты дәріптеуді мақсат тұтқан байқаудың шарапатын 50-ге жуық отбасы көрді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық нақылы бар. Ұлттық байқауға қатысқан әр отбасы өздері тұратын ауылға, ауданға үлгілі. Өсіп-өнген, жанұялар өмірден түйген-білгендерін осы байқауда көрсетеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жыл сайын қатысушылар қатары артып келеді. Соған қарағанда, ұлттық байқау өз мақсатына жетті деуге негіз бар.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz