Облыс әкімі

Орталықтағы оң өзгеріс

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының «А» қанатында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, жаңа медициналық техникамен жабдықталды. Орталықтың «Б» қанатында жөндеу жұмыстары әлі жүргізілуде. Жоспар бойынша, шілде айында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Ал, корпустың жөндеу жұмыстарына 307 млн. теңге жұмсалып отыр.

Сурет:автордан

Мұнда шатыр, жылыту, терезе, желдету және сумен қамтамасыз ету жүйелері толығымен ауыстырылған. Күрделі жөндеу барысында палаталар көлемі ұлғайтылған. Емделушілерге ыңғайлы болу үшін арнайы холл жасалыпты. Физиотерапия бөліміндегі құралдар толығымен жаңартылған. Жақын арада заманауи үлгідегі рентген аппаратын алуды жоспарлап отыр. Қезекші мейірбикеге дәлізде арнайы шағын орын әзірленіпті. Сондай-ақ, емделуші медбикені палатасына шақыру үшін, арнайы аппараттар қойылған. Яғни, тетікті басу арқылы, медбикені шұғыл шақырта алады.

– Біз жөндеу жұмыстарының толық аяқталуын күтеміз. Қазір жұмыс екінші қанатта жүріп жатыр. Онда палаталарды кеңейтіп, жеке санитарлық тораптар салынуда. Жөндеуден кейін палаталар екі-үш адамдық болмақ. Мұнда жату әлдеқайда ыңғайлы болады. Жөндеу жұмыстарына қарамастан, аурухана емделушілерді әдеттегі режимде қабылдайды, – деді нефрология бөлімінің меңгерушісі Елена Капинос.

«Б» қанатының құрылысына 112 жұмыскер жұмылдырылған. Жоспар бойынша маусым айында қолданысқа берілмек. Қазір жұмыстың 40%-ы орындалған.

– Эндокринология бөлімінде қаралып жатқаныма біршама уақыт болды. Жөндеу жұмысынан соң атап өтуге тұратындай өзгерістер орын алғаны анық аңғарылады. Аурухана ғимаратының іші ашық түсті бояумен әрленгені көңілге аса қонымды. Себебі, бұл мұнда келіп, ем-дом алушыларға айтарлықтай жағымды әсер етеді. Қызмет көрсету сапасы да бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсара түскен екен, – дейді емделуші Жаңагүл Сейітжанова.

Түптеп келгенде, мұндай ілгері басушылық, әрине, мемлекет тарапынан адамдардың денсаулығын сақтауға ерекше мән беруінен бастау алып отырғаны белгілі. Ендеше, сырқат жандардың жылдам айығуы мен дер кезінде аурудың алдын алуға қаланған берік негіз бар деп түйін жасауға болады.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button