Жаңалықтар

Қоныш толып, қар омбылап келеміз

Бір күн боранда Қарағанды қар құрсауында қалды. Боран соқса, Қарағандының әбігерге түсуі жалғыз бұл емес. Былтыр да тап осы кепті киген. Бірақ, сол сабақ болып жарытпапты. Жол тазалаушылар жұмысының жүйесіздігі тағы көрінді. Өткен жылы «енді бұлай болмайды» деп желкесін қасып, жер шұқыған билік сөзі де желге «ұшты». Оған дүйсенбіде Қарағанды мен Майқұдық арасында, тіпті, қала ішінде кептелісте сағаттап тұрған, жаяужалпылаған халық – куә.

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Facebook парақшасында «Құрметті қарағандылықтар! Екі тәулік ішінде қар көп жауды, синоптиктердің болжамынша, жауын-шашын әлі де жалғасады. Қазір 300 бірліктен астам барлық қалалық арнайы техника жұмысқа жұмылдырылды. Алайда, бір уақытта барлық қарды шығарып тастау мүмкін емес, қиындықтар туындайды. Қысқа мерзімде, ең алдымен, жолаушылар көлігіне арналған жолдарды, аялдама павильондарын, одан әрі аула кіреберістері мен тротуарларды тазалаймыз. «Восток5-те» апаттан кептеліс орын алды. Қазіргі уақытта ол тазартылды, тасымалға жол ашылды. Жағдайды тұрақтандыру үшін бар күшімізді саламыз» деп жазды.

Бұдан соң Қарағандыда қардың бір айлық нормасы түскені туралы мәлім етілді. Демек, кінә – қар мен боранда. Жол тазалап үлгермей жатқан қызметте емес. Одан соң коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде деген ақпар да шықты.

Осы жол тазалаушылар жау кеткен соң «күшенбей-ақ», жау жағаға жармаспай тұрғанда неге әрекет етпейді екен? Нұр-Сұлтанда да боран соғады. Ұдайы. Бірақ, сол Нұр-Сұлтанның коммуналдық қызметі «үлгермей жатыр» дегенді естімейсіз. Өйткені, ондағылар түн баласы кірпік қақпай түскен қарды түнімен тырмалап, тазалап қояды. Жылан жалағандай етіп. Ал, біздің коммуналдық қызмет түнде жұмыс істейтін не жапалақ, не таң бозында тұратын бозторғай да емес. Бір жүрген аты жоқ көкек секілді.

Не десек те, соңғы күндері Қарағанды қардың қалың құшағында. Көлік жолдары тазалануда, әйтеуір шала-шарпы. Алайда, қайсыбір жаяу жүргіншілерге арналған жол әлі аршылмады. Жұрт жалғыз аяқ өздері салған сүрлеумен жүр. Ә.Ермеков көшесінің бойында күрек тимеген жаяу жүргіншілер жолы түрен түспеген тыңдай. Тізеден асатын қарды қонышы тола омбылап жүр жұрт.

Қарағанды билігінде бүгінде екіақ жол бар. Біріншісі – Жаратқанға тасаттық беріп, боран соқпауын жатып, жалбарынып тілеу. Екіншісі – қала ішіндегі қарды тазалайтын қызметтерді ширату. Әйтпесе, мына жағдай абырой әпермейді. Екі күн соққан боранда Қарағандының есі шықты. Ақтүтектің апталап, айлап соқпайтыны сақтап тұр екен баршамызды…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button