Covid-19Коронавирус

“Омикрон” “дельтаны” ығыстыра ала ма?

Әлем бойынша 8 млрд. адам коронавирусқа қарсы вакцина алғанымен, індеттен құтылар түріміз көрінбейді. Ғаламды дүрліктірген «дельтадан» кейін «омикрон» штамының шығуы бұл сөзімізді растайды. Оңтүстік Африка республикасында пайда болған жаңа штамды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қауіп төндіретіндер қатарына қосыпты.

Пандемия мен карантиннен қорқып қалған әлем елдері «омикрон» туралы деректердің аздығына қарамастан, шекараларын жауып, әуе рейстерін тоқтатып жатыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен «омикрон» анықталған елдерден келгендердің барлығы 7 күндік міндетті карантинге жіберілуде. Соңғы деректер бойынша жаңа штамм әлемнің 38 елінде анықталғаны белгілі болды. Енді басталған зерттеулер жаңа штамның мутацияға бейім, сонымен қатар, вакцинаға төзімді екенін көрсеткен. Онымен ауырғандардың дені – жастар. Коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алғандар да вирус жұқтыруда. Бұл ретте вакцина өндіруші компаниялар вирустың осы түріне бағытталған вакцинаның жаңа түрін шығаруға тура келетінін айтыпты. Johnson&Johnson, Pfizer мен Moderna компаниялары бұл жұмысқа кірісіп те кетіпті. «Спутник V» мен «Спутник Лайт» шығаратын Гамалей атындағы институт аталған вакциналардың «омикрон» штамына тиімді екенін жеткізіпті. Дегенмен, «Спутник V»-дің «омикронға» штамына арналған жаңа нұсқасын шығаруды қолға алыпты.

Әлемдік деңгейдегі басылымдарда жарияланып жатқан деректерге сүйенсек, «омикрон» аса жұқпалы болғанымен, жеңіл өтуде. Оңтүстік Африка елі дәрігерлерінің айтуынша, жұқтырғандар көп болғанымен, ем қажет етіп, ауруханаға жатқандары аз екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да осы уақытқа дейін «омикрон» штамынан көз жұмған бірде-бір науқас туралы ақпарат тіркелмегенін айтуда.

Ұйымның денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бойынша бағдарламалар директоры Майкл Райанның айтуынша, жаңа штамның жұқпалылығы мен аурудың асқыну мүмкіндігі жайлы білу үшін әлі де бірнеше апта зерттеу жүргізу қажет. Дегенмен, ғалымдар бүгіннің өзінде оның тез таралып жатқанына қарап, алдағы бірнеше айда Еуропада осы штамм басым болады деп болжауда.

Қазақстандық ғалымдар «омикрон» штамына байланысты алаңдаушылық болғанымен, дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ дейді. Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның пікірінше, енді біраз уақытта «омикрон» штамы әлемнің әр түкпіріне жетеді.

«Бұл жолы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірден әрекет етті. Иә, алаңдаушылық бар, алайда дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. «Омикрон» штамы жайлы алғаш Оңтүстік Африкадағы Дурбан университеті жанындағы инновациялық эпидемиологиялық орталықтың докторы мәлімдеді. Оның командасы секвенирлеудің молекулярлы әдісімен 50-ден астам мутацияны анықтады. Соның 32-сі осы «омикрон» штамында болды. Әрине, бұрын-соңды болмаған мұндай мутация саны атышулы «дельта» нұсқасындағы мутациялар санынан бірнеше есе жоғары. «Омикрон» штамының пайда болу себептерінің бірі – ең алдымен, вакцина алмаған әрі иммун тапшылығы бар адамдардың ағзасында вирустың ұзақ мерзімді репликациясы болуынан. Ондай адамдар Оңтүстік Африкада өте көп. Сондықтан, біз күшті вакцина алуға бағыттауымыз керек», – деп жазды профессор әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жаңа штамның таралуы жағдайында сарапшылар бір ауыздан вакцина алуға, оны алғандарға бустерлік дозаны салуға кеңес береді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button