Оманнан олжалы оралды
Сәкен театрының қуыршақ труппасы Оман елінің астанасы Маскат қаласында өткен халықаралық фестивальдан олжамен қайтты. Өнер ұжымы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген халық ертегісін қуыршақ әлемінде сөйлетіп, «Үздік сахналық костюм үшін» аталымын жеңіп алды.
«Алдин» халықаралық фестивалі 10 күнге созылды. Сәкен театрының жанынан үш ай бұрын құрылған қуыршақ труппасы әлем елдерінен өтінім жіберген 200-ге тарта өнер ұжымының арасынан іріктелген 30 театрдың қатарында болды.
Артистер әрқайсысы сахнада бір емес, үш қуыршаққа жан бітіріп, үш рөлді сомдап шықты. Ал, спектакльдегі 11 қуыршақты режиссер Айдын Салбанның жетекшілігімен театр ұжымы жасаған.
Оманға сапар алдында Сәкен театрының қуыршақ труппасы Алматыда өткен «Almaty Puppet Festival» халықаралық фестивалінде де «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісін сахналап, «Үздік сценография үшін» жүлдесін еншілеген. Қазан айының басында Жетісу төрінде аты аңызға айналған актриса Бикен Римованың 100 жылдығына арналған BIKEN-l халықаралық театр фестивалінде О.Бөкейдің «Атау кере» шығармасын қойып, «Үздік режиссура» жүлдесін қанжығалады. Қоюшы-режиссері – Айдын Салбан. Талдықорғаннан кейін Қызылжарда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан театрларының фестивалінде де «Үздік сценография» аталымына лайық деп танылды.
Астанаға гастрольмен барып, елордалық көрерменге «Ұлтқа қызмет», «Текебұрқақ», «Айналайын», «Атау кере» спектакльдерін сахналады.
Қарағандылық өнер ұжымы республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық сахналарда да сәтті өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласын, сыншылардың жоғары бағасын алып жүр.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz