АймақҚарағанды

Қолы білген құмда кеме жүргізер

Ел Президенті «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үле­сі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қа­зір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қол­дау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім» деген болатын.
Сондай-ақ, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды мәселелерді көтерді. 2025 жылғы Жолдауында да жұмысшы мамандықтарының маңызы ерекше атап өтілді. Әрине, бұл мамандықтар еліміздің экономикалық қуатын арттыруға, өндірістік саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге сеп.
Мемлекет басшысы атап өткендей, нақты индустрияландыру, жергілікті өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғыртуға баса назар аудару – міндет. Осы орайда бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды, ең алдымен, отандық кәсіпкерлер жүзеге асырады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында цех ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған қарағандылық Әсел Бекбаеваның «Бионан-К» денсау­лық бизнесі жайлы айтпақпыз.

Денсаулыққа бағытталған кәсіп

Президент өз ісін бастап, өндірісті дамытып, жұмыс орындарын ашып жатқан кәсіпкерлерді мемлекет әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізді.

Жолдауда айтылғандай, Қазақстанның экономикасы тек қана ірі кәсіпорындар мен инвесторларға ғана тәуелді болмауы керек. Бұл үшін елімізде орта және кіші биз­нес дамуы қажет, ал, бұл жұмысшы мамандықтарының қажеттілігіне алып келеді. Әсіресе, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндірістік секторлар мен инфрақұрылым саласында жұмысшылардың рөлі маңызды.

Осыны негізге алып, Қарағанды облысында өткен көрме-жәрмеңкеде жергілікті шикізаттан жасалған топ-10 тауар анықталды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 30 қатысушысы өз өнімдерін ұсынды. Комиссия үздіктерді таңдады.

Үздіктер арасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисті, «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысушы Әсел Бекбаева болды. Ол консерванттарсыз өскен бидайдан ашытқысыз бірегей нан – «Бионан-К» брендін ұсынды. «Бионан-К» цехындағы өскіндеген бидайдан нан өнімдерін пісіру барысын түсіндірді.

– Президент «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі», – деген болатын.

Табысты өндіріс құрып қана қоймай, әлеуметтік бизнесті дамытуға үлес қос­тық. «Бионан-К» бренді жергілікті өндірушілер мен әлеуметтік осал топтарды қолдай отырып, ерекше диеталық қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы нан, – деді Әсел Бекбаева.

Әселдің сөзіне сүйенсек, 2014 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өңірлердегі кәсіп­орындардағы мамандар қажеттілігіне мониторинг жүргізеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz платформасындағы бұл мониторинг еңбек нарығының қажеттілігін нақты анықтауға және техникалық кәсіби оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға көмектеседі. Нәтижесінде білім беру ұйымдары мен оқу орталықтары өз бағдарламаларын кәсіпорындардың сұранысына орай бейімдеп, маман дайындаудың сапасын арттырады.

– Колледждер мен бизнес өкілдерінің сұранысқа ие мамандарды даярлауы үшін біріккені жөн. Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алаңында колледждердің базасында оқу орталықтарын құрып, жастарға кәсіби маман болуға көмектеседі. Қазіргі еңбек нарығы тек білімді ғана емес, сонымен қатар, практикалық дағдыларды да талап етеді. Жастарға жұмысшы мамандықтарын тез игеруге, қажетті дағдыларды меңгеруге, жұмысқа орналасуға дайын болуға мүмкіндік береді. Осы орайда Қарағандыда жүзеге асқан бизнес жобаларға даму ерекшеліктері бар адамдарды белсенді қатыстыру – міндет. Отандық өндірушілерді қолдау және жаңа қазақстандық брендтер құру маңызды. Негізгі шарт – жергілікті шикізатты пайдалану, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Еңбек адамының елеулі жұмысы

Әселдің кәсіпорнында сегіз адам еңбек етеді. Олардың ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Бұл бір жағынан жобаның әлеуметтік мәнін арттырады. Кәсіпкердің алдағы жоспары – өндірісті кеңейту және әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін алу.

– Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы маған бизнес-жоспар мен жобаны дайындауға көмектесті. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысудың арқасында 3 миллион теңгеге грант ұтып алып, құрал-жабдықтар сатып алдым, – дейді Әсел.

«Бионан-К» наубайханасы кәсіпорны қызметкерлерінің бірі – 52 жастағы II топ мүгедектігі бар Айгүл Байгенжинова. Ол «Күміс жас» әлеуметтік бағдарламасы аясында нан пісіру цехында еңбек етуде.

Айгүл Ахметқызының айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аға буын өкілдеріне өздерін кәсіби тұрғыда қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол өз үлгісімен физикалық шектеулер белсенді әрі толыққанды өмір сүруге кедергі емес екенін дәлелдеді. Еңбекқорлығы мен табандылығы айналасындағыларға шабыт беріп келеді.

– Халқымызда «Жұмыстың көзін тап­қан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Біздің қолымыздан шыққан нан жоғары сапасымен және табиғи құрамымен ерекшеленеді. Құрамында консерванттар мен жасанды қоспалар жоқ. Бұл пайдалы өнім әрі дәмді, әрі денсаулыққа қауіпсіз, – дейді Айгүл Ахметқызы.

Бүгінде «Бионан-К» бренді өнімдері аймақ деңгейінде танымал. Өндіріске Осакаров ауданын қоса алғанда, Қарағанды облысының фермерлерінен сатып алынатын жергілікті ресурстар пайдаланылады. Ал, пісіру цехы Майқұдықта орналасқан.

Нанды ерекше ететін не?

«Бионан-К» былтыр «Қазақстанның үздік тауары» байқауының қатысушысы және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының фи­налисті болды. Ұн мен ашытқысыз пі­сірілетін нан максималды пайдасын сақ­тай отырып, өскен астықтан дайындалады.

Нанның құрамында ашытқы және консерванттар жоқ. Негізгі ингредиенттер – өскен астық, теңіз тұзы, табиғи бал және лимон. Табиғи ашыту арқылы өнім ең көп қоректік заттарды сақтайды және ас қорытуды жақсартады. Жалпы, еліміздегі «Бионан-К» өнімдерінің нарықтағы бағасы 455 – 750 теңге аралығын қамтыса, қарағандылық брендтің бағасы – 480 теңге.

– Көбіне бидай ұнынан жасалған нанның пайдасы – ағзаны токсиндерден тазартуымен ерекшеленеді. Ішектің жұмысын жақсартады. Асқазан-ішек аурулары мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Саламатты өмір салтын ұстанатын адам ретінде «Бионан» өнімдерін «Гүлжан», «Корзина», «Южный» сауда үйінен 480 теңгеге аламын, – дейді қала тұрғыны Айнұр Сапарқызы.

Өнімнің бірқатар артықшылықтары бар. Өскен бидай наны гликемиялық индексі төмен болғандықтан қандағы қант деңгейін тұрақтандыруға көмектеседі. Бұл, әсіресе, қант диабетімен ауыратындар мен салмақты бақылайтындар үшін өте маңызды. Өнімнің жоғары тағамдық құндылығы В дәрумендерінің, С және Е дәрумендерінің, сондай-ақ, магний, мырыш және темір сияқты минералдармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, өскен дәнде ас қорыту және қоректік заттарды сіңіру процес­терін жақсартатын ферменттер де бар.

– Нанды таңдау арқылы сау және теңдестірілген диетаға қадам жасайсыз. Өскен бидай наны белгілі бір кезеңге дейін өніп шыққан тұтас дәндерден пісіріледі. Өндіруде дәндер өзінің қоректік құндылығына ие болып, оны сақтайды. Жақында жүргізілген зерттеуде өсіп шыққан дәнді нандарда көмірсулардың аз болатындығы анықталды. Сондықтан, бұл нандар салмақ жоғалтуға және глюкозаны бақылауға жақсы ықпал етеді. «Бионан» немесе өскен бидай нанындағы талшықтың жоғары деңгейі ас қорытуды жақсартуға көмектеседі. Тағы бір маңыз­ды жағы бионандағы бидайдың өнуі нәтижесінде глютен мөлшері 47% дейін төмендейді, бұл оның төзімділігін айтарлықтай жеңілдетеді, – дейді Әсел.

Жастардың айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлап, еңбек адамының беделін көтеруге септігін тигізуде. Олай дейтініміз, биыл өңірде өз ісін ашу үшін 178 адам мемлекеттік грант алған. Ал, грант иегерлерінің бәрі бұрын жұмыс істемеген және әлеуметтік грант иеленген жандар. Тіпті, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жандар өз кәсібін ашып, нәпақасын айырып тұр. Жұмыссыз жүргендерді де жұмысқа алып, жұмыс ұсынатындар қатары артуда.

«Бионан-К» ұжымы жақында қоғамдық бірлестік қызметін қосуды жоспарлап отыр. Өнімдерді мүгедектерге арналған инклюзивті кафеде сатпақ.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер кәсіпорын мұрағатынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button