Руханият

«Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден»

Қарағандыда Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қызметтік өмірін баяндайтын «Бүркіт» фильмінің премьерасы өтті. Тұсаукесерге Ұлттық ұланның сарбаздары отбасымен келді. Әсіресе, жастардың қарасы – қалың.

 

Арнайы жасақтың тапсырманы орындау кезіндегі қарақшылармен қақтығысы сәтті түсірілген. Жауынгерлер автоматтан оқ атады, жарылғыш лақтырады. Бәрі шынайы. Оқ тигендер еденге сұлап жатады. Дәл осы жанрды ұнататын көрермендер қызығатындай-ақ туынды. Қылмыс әлемінің тілі, яғни, жаргондар да қамтылған.

Фильмде талай адамның өмірін қиған, тағдырларды ойыншық қылған, халықаралық деңгейде көп мөлшерде есірткі саудалаған қылмыстық топты ұстау операциясы баяндалады. Операция бірнеше жылдар бойы жоспарланған. Оларды әшкерелеу үшін құқық қорғау органдарының өкілдері өз өмірлерін бәске тігіп, қанпезерлердің арасына тыңшы боп енеді. Сонда жүріп әріптестеріне астыртын ақпараттар жолдайды. «Бүркіт» арнайы жасағындағы үш дос – басты рөлде. Олар арнайы жасақтың құрманына ену үшін, күрең беретті кию үшін аянбай тер төгеді. Полигондағы жаттығулары да көрсетіледі. Мақсаттарына жету үшін небір бейнетті көреді. Межелі күнге жеткенде бронды көлік тізгіндеген, сауыт асынған, мұздай қаруланған «Бүркіт» жасағы қала шетіндегі мафияның казиносына «штурм» жасайды. Штурм кезінде арнайы жасақ жауынгерлері бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін кеуделерін оққа тосады. Басты рөлдегі үш дос­тың бірі қаруластарын аман сақтау үшін едендегі гранатаның үстіне жата кетеді. Фильм оқиғасы осылай өрбиді.

Фильмді барынша шынайы ету мақсатында режиссерлер «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының ардагерлеріне жүгініпті. Олар полигондағы жаттығулардың қалай өтетінін баяндап берген. Жауынгерлер қарулы қақтығыс кезінде қалай әрекет етеді, қандай әдіс қолданады, бәрі кәсіби деңгейде көрсетілген.

– Арнайы мақсаттағы жасақтардың сапында жүрген азаматтар бейбіт күнді сақтау үшін, тұрғындарды қорғау үшін өздерінің өмірлерін қауіп-қатерге тігеді. Олар – көзге көрінбейтін қаһармандар. Тапсырманы орындау барысында қаза тапқандар көп. Отанның тыныштығы сарбаздар үшін бірінші орында. Бұйрықты бұлжытпай орындап, ел іргесін сақтап жүр. Мына туынды сол ерлердің өмірін баяндайды. Оқ пен оттың арасында жүрген арыстандар. Ел өз қаһарманын білсін, көрсін, қадірін түсінсін, – деді полковник Қазбек Әубәкіров.

Фильм соңында ізгілік пен әділет жеңіске жетеді. Арнайы мақсаттағы жасақ өз тапсырмасын сәтті орындайды. Бірақ, қақтығыс кезінде қарулас достарынан да айырылады. Осы эпизодтар арқылы ел тыныштығын күзеткен жауынгер өмірінің бір қыры көрсетілген.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button