Басты тақырыпЖаңалықтар

Ойыннан от шықты немесе «Көк кит»

       Жасөспірімдерді суицидке итермелейтін ойындар көбейді. Ата-ана мен мұғалімнің алаңы – «Көк кит».

Қазір әлеуметтік желі 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің ойынға қосылу ұсынысын бірден қабылдайды. Санасын жаулап, сілтеме арқылы ойынның түр-түрін ұсынады. Ватсап қолданушыларын сақтандырған «Көк кит» ойыны 50 тапсырмадан тұрады. Талапты орындамаған жағдайда ойын бақылаушылары «Ата-анаң­ды өлтіреміз!» (тұрғылықты мекен-жайын көрсету арқылы) деп қорқытады. Ережеге сәйкес, қатысушы ойыннан тек өз-өзіне қол жұмсау арқылы құтылады.

Қарағандыда орын алған оқыс оқиға (6 ақпан күні өмірден қайтқан 19 жастағы студент Галина Сибирякованың өлімі) көк киттен болуы мүмкін деген болжам бар. Ал, отбасының ойын туралы хабары болса да, қыздары содан көз жұмды дегенге сенгісі жоқ.

Орын алған жағдайға қарамастан ҚР Ішкі істер министрлігі студент қыздың өз-өзіне қол салуы әлеуметтік желілердің ықпалынан деген ақпаратты жоққа шығарды. ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев: «Сибирякованың өліміне қатысты ҚР ҚК 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның өз-өзіне қол салуы әлеуметтік желілердің ықпалымен жасалғандығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Жәбірленушінің оқытушылары мен туғандары қоғамдағы соңғы ақпараттық толқынға байланысты оның «өлім топтарымен» байланысы бар деген болжам жасаған. Мән-жайлар тергеу барысында анықталатын болады»,– деді.

Ал, облыстық білім басқармасы осы ойындарға қатысты «Қазақтелеком» АҚ мекемесінің өкілі қатысқан ата-аналардың облыстық жиналысында ескерту жасады. Балаларды ғаламтор жүйесінде шектен тыс ақпараттан тыю жөніндегі сұрақ көтерілген жиыннан 50 000 ата-ана құлағдар болды.

Әлеуметтік желінің мәліметіне сүйенсек, ойын түрлері алдымен, Ресейге, Қырғызстанға тараған. Ойын үшін Ресейде 100-ден аса жас өспірім өз-өзіне қол жұмсаған дейді ғаламтор ақпараты. Қазақ­станда мұндай жағдай тіркелмепті. Дегенмен, қаланың кейбір мектептерінде орын алған жағдайлар БАҚ өкілдеріне белгілі болса да, назардан тыс қалуда. Әлеуметтік желіде түрлі ойындармен уақытын өткізетін жастар үшін бұл үйреншікті болып көрінуі мүмкін. Десек те, санасы уланып жатқанын мамандар ескертуде.

Атын атамауды қалаған психо­лог маманның айтуынша, ата-ана­лар «ВКонтакте», «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі кәмелетке толмаған балалардың арасында суицидті насихаттайтын топтар бар екенін біле бермейді. Жасөспірімдер бұл ойынға сілтеме арқылы кіріп жүр. «Кеше ватсаптан тараған ақпаратты естіген мектеп оқушылары оны қызықтау мақсатында парақшаны тауып, тіркелуде. Ойын жүргізушісінен тапсырма беруін күтіп жүргендер де жоқ емес», – дейді психолог.

«Өл, немесе жүгір» ойынының тапсырмасы бойынша қатысушы бағдаршамның қызыл белгісі жанып тұрған кезде жүріп бара жатқан машинаның тұсынан жүгіріп өтуі тиіс екен. Осыған ұқсас «4:20 мен ойындамын», «Тыныш үй» ойын түрлері әлеуметтік парақшаларда кеңінен тарап кетті. Талаптары – қатаң.

Таңнан тұра әркім әртүрлі мақсатта қалтафонына қарайтын заман. «Уа, құдайым, бала бер, Бала берсең сана бер!» дейтін жұрт баласының ұялы телефонын жіті қадағалауға міндетті. Оның «көк киттің» қызығына алданып «тыныш үйде» жүрмесіне кім кепіл?

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button