Жаңалықтар

Ойдан оқырманға дейін

Ормандай оқырманы бар «Ortalyq Qazaqstan» газетінің таспалану процесі кім-кімді болсын қызықтырады. Иә, газет шығару тек тілшілердің ғана жұмысымен шектелмейді. Әр номердің артында бірнеше сала мамандарының еселі еңбегі мен үлкен үлесі бар. Олай болса, редакция табалдырығынан аттап, шаңырағыңызға дейін жететін біздің газеттің жарыққа шығу жұмысын мерейтой қарсаңында назарларыңызға ұсынамыз…

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымы лездеме үстінде

ТАПСЫРМА ТАС-ТҮЙІН БОЛУЫ КЕРЕК

Әуелгі жұмыс «Ortalyq Qazaqstan» газетінің электрондық поштасына келген хаттарды қабылдап алудан басталады. Компьютер цехының маманы жиналған хаттарды Бас редакторға буып-түйіп жеткізеді. Бас редактор хаттарды сала бойынша әр журналиске үлестіріп береді. Хаттардың ішінде қорытылатын материалдар және басшылыққа өтініш ретінде жазылған сұраныс хаты болады. Белгілі бір жерде өтетін іс-шараға тілшіні жіберу керектігін өтінеді. Бас редактордың тапсырмасы осылай беріледі. Әр дүйсенбі және жұма күндері Бас редактор кабинетінде лездеме өтеді. Шығармашылық топпен жиналған жиында сол аптада жарық көрген газеттерге шолу жасалып, сын-пікір де, мақтау да айтылады. Яғни, журналистердің еңбегіне баға беріледі. Және газеттің жауапты хатшысы жаңа санның жоспарымен таныстырады. Бас редактор қоғамда болып жатқан жайттарды пысықтап алып, тағы да тапсырма легі осы кезде беріледі. Қысқасы, тапсырма тас-түйін болу керек. Бас редактордың бізге қойған басты талабы – осы.

Бет қаттаушы Шынар

ОЙ МЕН СӨЗ ФАБРИКАСЫНДА

Редакция – ой мен сөз фабрикасы. Әрі қарай журналистер тапсырмаға сәйкес немесе айға жасалған медиа-жоспардың тақырыбы төңірегінде жазуға отырады. Тілшілер отыратын қосында, әсіресе газет шығатын күні тарстұрс. Кәдімгі сөз құйылып жатады компьютермен. Ал, жауапты хатшы қолдағы бар материалдарды бет қаттаушыларға тапсырады. Бет қаттаушылар қазіргі тілмен айтқанда – дизайнерлер. Міне, сіздер біле бермейтін мамандардың бірі – осы кісілер. Таңнан кешке дейін компьютермен бетке материал салып, ретімен орналастырып, тіпті суретсапасыз болса, оны өңдеп, бетті әп-әдемі қылып әрлеп береді. Бар өнерлерін салады. Идея ұсынып, «газет жаңаша дизайнмен жарық көрсін» деп білек сыбана кірісетін бұл мамандарды қалай шығармышылық топқа жатқызбайсыз?

«Arko» баспа үйінің мамандары дайын газетті баспаға дайындауда

ГАЗЕТТІҢ ҚАРА ЖҰМЫСЫ

Журналистер мақалаларын әуелі бөлім басшысына оқытып, одан кейін бас редактордың орынбасары немесе шеф-редакторға қаратады. Ең жауапты кезең – осы. Басшылар материалдың сапа-сынына мұқият назар аударады. Егер, көңілінен шықпаса, қайта жазуға бұйырады. Бұл кісілердің қолынсыз материал бетке түспейді. Ал, редактор мақұлдаған материал жауапты хатшының қолына өтіп, оны бет қаттаушыларға ретімен түседі. Газетте «макет» деген ұғым бар. Осы кезде жауапты хатшының кәсіби шеберлігі үлкен рөл атқарады. Бас редактор «бетті көре білу керек» дейді. Жауапты хатшының үнемі ойында – макет және материалдың қай бетке салынатыны. Арамыздағы әріптестеріміздің түсінде де «жауапты хатшы кезімізде бетті жоспарлап жататын едік» деген әңгімелерін талай естігенбіз. Және бұл қызметтің жауаптылығынан бөлек, жүгі ауыр. Нағыз газетті өрге сүйрейтін қара өгіз.

«БИТ ҚАРАҒАН» КОРРЕКТОР МЕН КЕЗЕКШІ

Бет қаттаушылар уақыт оздырмай, дайын беттерді корректор бөліміне жеткізеді. Корректорлар газеттің әріп қателеріне, тасымалдарға, тақырыптарға мұқият назар аударады. Түзету енгізеді. Ұстазымыз марқұм Мағауия Сембай «беттен қате іздеу – бит қарау» дейтін. Шынымен де, көздің майын тамызып, қате барлап отыратын бұл бөлімнің жұмысы – аса жауапты, енді. Корректорлармен қатар, жауапкершілік сол күнгі санның кезекшілігіне жүктеледі. Яғни, редактордан кейінгі мәртебе кезекші редакторда. Себебі, кезекші редактор қол қоймаса, сол күнгі сан шықпай қалатындай әлеует бар. Кезекші редактор не істейді? Сол күнгі санға жарияланған тақырыптарға, материалдың сапасына, суреттерге мән береді. Бетті түгел оқып шығады. Ал, егер қате кетіп қалса, онда бірінші болып кезекші редактор жазаланады һәм басымен жауап береді.

Корректорлар Жазира мен Әсия

РЕДАКЦИЯДАН – БАСПАХАНАҒА

Газет беттері дайын болған соң, жауапты хатшы «просмотрға» әкетеді. Яғни, Бас редактор мен орынбасарлар беттегі материалдарға, оның орналасу реттілігіне, тақырыптарға қатты қарайды. Егер, бәрі ойдағыдай болса, Бас редактор қол қойып, мақұлдайды. Беттегі материалды жарамсыз деп танып жатса, онда орнын басқа мақаламен алмастыруға тура келеді. Жауапты хатшы «просмотрдан» шыққан соң, бет қаттаушыларға беттерді тапсырады. Мамандар Бас редактор түзеп берген қателерді мұқият енгізеді. Осы процестен кейін барып, беттерді салыстырып, кезекші редактор қолын қояды. Газет баспаға тас-түйін дайын деген сөз. Енді газет ой мен сөз фабрикасынан «Арко» баспасына PDF форматта жолданады.

ЕЛЕНАЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ – ЕРЕН

Редакциядан жолданған хатты «Арко» баспасының баспаға дейінгі маманы Елена Сяськова қабылдап алады. Газеттің PDF нұсқасын өзіне жүктеп алған соң, тағы бір қарап, беттерді шолып шығады. Сапасына, орналасу реті мен күніне ерекше қарайды. Егер, газет баспаханаға әзір болса, қытайлық «СТР» лазерлі машинкасына жолдайды. «СТР» лазерлі машинкасының операторы Елена Вивчарук әріптесі жолдаған кезекті үнқағазды қабыл алып, аталған машинка арқылы пластинаға таспалайды. мей тапсырып келеді. Бұл да зор жауапкершілік пен жанкешті еңбектің жемісі болса керек. – Баспа машинасы көп күтімді қажет етеді. Ол аптасына бір рет толықтай тазаланып тұрады. Ескі бөлшектері ауыстырылып, жаңадан май құйылады. Оның барлық қыр-сырын бізден артық ешкім білмейді. Сондықтан, қажетті құрал-жабдықтар істен шығып қалса, оны өзіміз жөндеп аламыз. Ең бастысы, газеттің бояуына қатаң мән беріледі. Егер бояу мөлшерден асып кетсе, газеттен өткір иіс шығып тұрады. Сондықтан, бояу бір қалыпта ұсталады. Баспа цехындағы ауа температурасы да бірқалыпты болуы тиіс. Одан жоғары болған жағдайда газет қарайып кетеді, керісінше, аз болса, қатып, кеуіп қалады, – дейді газет цехының жетекшісі Мұрат Теміржанұлы. Айтуынша, жұмыс барысында кейде қызық жағдайлар да орын алып жатады екен. Мәселен, күтпеген жерден басылып жатқан рулон қағаз шорт үзіліп кеткен жайттар да болған. Ол кезде баспагерлер шапшаңдық танытып, қағаздың үзілген жерін жалғап, жұмыстың ретін табады.

Басылымның алғашқы нұсқасын тексеру үстінде
Газеттің алғашқы тобын таратуға дайындық
Дайын болған газетті баспахананың жауапты маманы оқып, танысуда

БАСПАДАН – ПОШТАҒА

Осылайша, басылып шыққан газет сұрыпталып, буып-түйіледі. Осы ретте еңбегі ерен Дариға Омарованы ерекше атап өту керек. Дариға – баспаханада қырық жыл еңбек өтілі бар қызметкер. Баспадан жаңа шыққан газетті шапшаңдықпен сұрыптап отырады. Оны Қанат пен Денис есімді баспагерлер буып-түйіп, поштаға әзірлейді. Сөйтіп, сол күйінде «Қазпошта» бөлімшесіне жол тартады. Таңға дейін тиісті мекенжайына жеткізіледі. Міне, қарашаңырақ «Орталықта» қатталған бет сіздің шаңыраққа осындай қыруар еңбекпен газет болып келеді. Сіздің қолдағы газетте қанша адамның маңдай тері сіңгенін ескерсек, бұл газетте қасиетке ие. Аяқ асты етпей, қадіріне жетейік, мәртебелі оқырман!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button