Басты тақырыпРуханият

Қобызды мойындатқан қазақ

Құрметті Дүйсен Қорабайұлы!

Сізді Қарағанды облысы жұртшылығы атынан бүгінгі кемел жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ сахарасының бойтұмары саналатын Қарағанды өңірінің төл таланты – Сізді Тәуелсіз еліміздің даму жолындағы қажырлы еңбегіңіз үшін және халыққа қалтқысыз қызмет етудің жолындағы тау тұлға ретінде отандастарыңыз жоғары бағалап, аса құрметтейді.

Ұлттық рухымызды асқақтатып, елімізді өркендету жолында мол үлес қосып келе жатқан Сіз секілді дара тұлғамен біз қашанда мақтанамыз.

Сіздің әділеттілік жолындағы аңызға бергісіз істеріңіз жастарды патриоттық сезімге баулуда тамаша өнеге болып қала береді.

Халықаралық «TURKSOY» ұйымында түркі елдерінің мәдениетін, тілін, мәдени мұрасын қорғау және дамыту жолында қосқан үлесіңіз баршамыз үшін үлкен сабақ әрі жерлестеріңізге үлгі.

Қадірменді Дүйсен Қорабайұлы!

Бүгінгі жігерлі жетпістің асқарына шыққан мерейлі күніңізде зор денсаулық, отбасыңызға береке, бала-шағаңызға амандық, зор бақыт тілейміз.

Н.ӘБДІБЕКОВ,

Қарағанды облысының әкімі.

Қобызды

мойындатқан қазақ

Әдебиетте «жиынтық образ» деген термин бар. Мәселен, жағымды кейіпкеріміздің бейнесін сомдауда шынайы адами болмысқа тән ізгі қасиеттердің барлығын соның бойына телиміз. Әрине, бұл – жазушының қиял еркіндігінен туған бейне.

Ал, менің кейіпкерім Дүйсен ағаның болмысы – боямасыз, шынайы бейне. Аға жаратылысындағы бар игі қасиеттер – сөз жоқ, оның басыбайлы меншігі. Автордың «косметикалық бояуынан» ада. Санамалай беріңіз, Дүйсен Қорабайұлы ҚАСЕЙІНОВ – азамат, кәсіби скрипкашы, ғалым, өнер мен мәдениеттің жанашыры, қайраткер… Осының барлығы жерлесіміздің үнемі бас әріппен жазылатын ТҰЛҒА екендігін айшықтап тұр.

Біз мұны Дүйсен ағаның 70 жасқа толған мерейтойында ғана мойындап отырған жоқпыз. Дүйсекең – әлдеқашан мойындалған тұлға! Әлемдік деңгейде мойындалып, тұтас Түркі әлемінің руханиятын, оның ішінде, Қазақстан мен Қарағандының рухани қадір-қасиетін алты құрлыққа танытқан тұлға!

Скрипканың

атасы – қобыз

немесе бірінші шегініс

…1999 жыл. Елде Президент сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Саяси науқанның санаға түсірер салмағы белгілі. Осы бір ұрымтал сәтті дөп басқан екен Дүйсен ағамыз сол кезде. Иә, ҚР Мәдениет министрі Дүйсен Қасейіновтің шақыртуымен дүние жүзіне танымал скрипкашы Спиваков Қазақстанға келеді. Спиваков – нағыз виртуоз. Классикалық өнердің классигіне айналған скрипкашының концертінде ине шаншар жер болмайды. Тіпті, өз елінде мұндай ықыласқа бөленіп көрмеген скрипкашы Дүйсен досына ырза болып, қазақтың қасиетті қобызына көңілі ауғанын аңғартқан екен. Скрипка мен қобыздың ұқсастығын әңгіме өзегіне айналдырған Спиваковқа Дүйсен Қорабайұлы:

Бұл жай ғана ұқсастық емес, ізгі өнердегі үндестік. Егер, Сіз келіссеңіз, мен қазақтың қобызын екеуміз ұстап жүрген скрипканың атасы дер едім, – деп, қобыздың тарихы сонау көне дәуірден басталатынын, Қорқыт бабамыз жайындағы аңыздарда қобыз туралы айтылатынын баяндап береді. Қобыз туралы аңызға қаныққан Спиваков аузын ашы

п, көзін жұмған.

Кейін Қазақстандағы Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жеткенін естіген Спиваков Дүйсен досына бір скрипка жібереді. Аспаппен бірге жеткен хатта скрипканы Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолына табыстауын өтінген екен. Сондай-ақ, хатта «ұлы Қорқыттың қобызы – ұлы Паганини скрипкасының атасы» деген пейіл бар. Бұл – ұлы скрипкашының қазақ қобызын мойындау актісі! Мойындатқан – Дүйсен Қасейінов!

Солай бола тұра, Дүйсен аға:

Бізге қазір қобыздың әлемге танылғанынан гөрі, ұлтымыздың ең қастерлі атрибуты саналатын аспапты жоғалтып алмау – маңызды. Өйткені, даңғазаға құмар қоғамда, жаһандану жұтқыншағына жұтылғалы тұрған жүйеде қобыз бен домбыраның төрге озуы сиреп барады, – дейді алаң көңілмен. Бұл – өзінің сүйікті аспабынан (скрипка) жеріну емес, ұлтын, ұлтының қасиеті мен қадірін сүйген жүректің лүпілі.

Бидің ұрпағы,

офицердің баласы

немесе екінші шегініс

Дүйсен Қасейінов – Абылайдың сегіз биінің ішінде «семіз биі» атанған Байдалы Бекшеұлының тікелей ұрпағы. Бабаның қасиеті баласына қонбаса да, жеті атаға дейінгі ұрпағының біріне қонады деп жатамыз ғой. Иә, Байдалы бидің бойындағының бәрі болмаса да, ұшқыны дарыған Дүйсекеңе. Турашылдығы, шешендігі, руханиятқа бүйрегі бұрып тұратындығы… Әйтпесе, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы да биік мінбер ғой. Сол мәртебелі ұйымның түзгінін тоғыз жыл бойы кім ұстар еді?! Музыка әлемінде шебер орындаушы бар да, шебер ұйымдастырушы бар. Екеуі – екі әлем. Алайда, осы екі қасиетті қос қанатындай етіп, биікке самғаған қырандар некен-саяқ. Екеу болса, біреуі – Дүйсекең, жалқы болса, соның өзі – Дүйсекең!

…Дүйсен Қорабайұлы 1947 жылы Ресейдің Алтай өлкесінде, Бийск шаһарында дүниеге келген. Түбі – Қарағанды, тамыры – Жаңаарқадан. Әкесі Қорабай елден ерте кеткен.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Ташкенттегі артиллеристер училищесін бітірген Қорекең бар ғұмырын әскери қызметке арнады. Екінші дүниежүзілік соғысты бастан-аяқ басынан кешкен. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Алтай өңіріне әскери чемоданмен барған жауынгер әке 1953 жылы Қарағандыға оралды. Болашақта алты Алаштың қамын ойлар алты жасар ұлы Дүйсенді жетектеп.

…Анасы Күләй апай да – офицердің жары болып, ұзақ уақыт елден жырақ жүргенімен, нағыз уызына жарыған қасиетті жан. Ұлт уызына өзі жарып қана қоймай, ұрпағын да уызға жарытқан Ана!

Дүйсен аға бойындағы жинақылық, темірдей тәртіп, сөзге беріктік, іске мығымдылық офицер әке тәрбиесімен дарыса, ұлтты сүю деген қастерлі ұғым ана тәрбиесімен дарыған. Бір қарағанға музыкант адам нәзік келеді емес пе?! Ал, Дүйсекеңе болаттай беріктік пен сыршыл нәзіктік Әке мен Ана болып жылға тартқан қос арнадан бірдей дарыпты. Оны көзімізбен көріп, көңілімізбен түйсініп жүрміз.

«Аралап, талай жердің дәмін

татты»

немесе үшінші шегініс

DSC_0023

Қасейінов бойындағы музыкалық дарынның тамыры Тәттімбеттен бастау алады. Ол – Тәттімбет бабамыз атындағы Қарағанды музыка училищесінің (бүгінгі өнер колледжі) түлегі. Ұстазы – Евгения Буртман. Екеуі де ерінбей тер төкті. Мақсатшыл жанның талабы нәтижелі болатыны бесенеден белгілі. Училищеден кейін Алматы консерваториясына оқуға қабылданды. Онда да консерваторияның маңдайалды студенті, халқымыздың классикалық музыкадағы үкілі үмітіне айналды. Иосиф Бенедиктовичтен дәріс алды. Ұстаз үміті ақталып, консерваторияны үздік бітірген шәкірті Мәскеу консерваториясының аспирантурасына қабылданды. Бағына қарай, аспирантурада Кеңес заманындағы классикалық музыканың қос корифейі Игорь Безродный мен Юрий Янкелевичке тап келді.

Аспирантурадан кейін елге оралып, өзінің консерваториясына оқытушы болып орналасқан жас ұстаздың алдынан Ғазиза Жұбанова шықты. Міне, Дүйсен ағаның бағы! Ұлт уызына жөргегінде жарыған ұл осындай ұстаздардың да тәлімі мен тәжірибесіне сүйенді.

…1978 жыл. Дүйсен Қорабайұлын консерватория ректоры Ғазиза Жұбанова шақырды бір күні.

Дүйсен, Мексика Президенті өзінің оркестрін құрып жатыр. Соған әлемнің түпкір-түпкірінен скрипкашылар, виоленчилистер және альтистер керек екен. Конкурстық негізде қабылдап жатқан көрінеді. Мехико Мәскеуден көмек сұрап отыр. Сол конкурсқа неге түсіп көрмеске? Мексика Президентінің оркестрінде ойнауға сен жарап бағасың! – деді. Он ойланып, мың толғанып, түсті конкурсқа. Бағы жанды. Содан үш жыл Мексиканың Президенттік оркестрінде ойнап, осы үш жылдың ішінде әлемнің 30-дан астам елін аралады.

Әлемнің «Карнегий-холл», «Гевандхауз», «Шаушпильхауз», «Концертгебаум» секілді әйгілі концерт залдарында өнер көрсетті. Әсіресе, «Карнеги-холл» сарайындағы концерт есінен кетпейді. Өйткені, Дүйсен аға – бұл сарайда өнер көрсеткен тұңғыш қазақ еді. Сол залдың сахнасында тұрып: «Шіркін, осы сарайға қазақ музыкасының, дала сазының әуенін алып шықсам» деп армандаған. Ақыры дегеніне жетті. Елге келіп, Мәдениет министрі орынтағына отырған кезінде тікелей Дүйсен Қорабайұлының ықпалымен әйгілі «Карнеги-холда» Құрманғазы оркестрі мен Айман Мұсаходжаеваның концерті өтті.

Дүйсен аға 60 жасқа толған мерейтойы қарсаңында шетелдік БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында: «Осы жасыма дейін скрипкамды арқалап, 61 елдің сахнасында саз тербеттім» депті. Бүгін 100-ге жуықтап қалған шығар…

Дүйсен ағаның ықпалымен менің өзім 2015 жылы Еуропаның үш елінде – Франция, Германия, Аустрияда болып қайттым. ТҮРКСОЙДЫҢ ұйымдастырумен осы үш мемлекетте өткен түркінің Наурыз мейрамына қатысып… Ағаның арқасында Еуропа сапарынан алған әсерімді бөліскенім естеріңізде болар.

ТҮРКСОЙ төрінде

немесе төртінші шегініс

Ұлт руханиятын көкке көтеруді мақсұт еткен пейілді ұл қызметтен кенде болған жоқ. Елде жүрген шағында да «жіліктің майлы басындай» көп-көрім, тәп-тәуір қызметтердің тұтқасын ұстады. Өзі оқыған консерваторияда аға оқытушылықтан бастап, ректорлыққа дейін көтерілді. Ректор болып келген сәтінде консерваторияда халық әндері кафедрасын ашты. Кафедра тұрмақ, бұрыш ашу үшін Мәскеудің келісімін сұрайтын заман еді. Оның үстіне «Желтоқсан көтерілісінің» ызғары қайтпаған 1987 жыл. Соған қарамастан, Ақан сері, Біржан салдардан, берідегі Жүсіпбек, Ғарифоллалардан қалған ұлы мектептің дәріптелуі кемшін болып жүргені жанына батқан батыл басшы осы тұста қайраткерлік танытты. Мұны бір деп қойыңыз…

Одан кейін ҚР Мәдениет министрлігінде Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министрі лауазымында болған кездерінде де бар күш-жігерін ұнжырғасы түсіп тұрған ұлт руханиятын еңселендіруге бағыттады. Үйсіз-күйсіз жүрген өнер-мәдениет майталмандарының «аузы аққа жарыған» тұсы осы еді.

ТҮРКСОЙ Дүйсекең шыққан биік мінбердің алғашқысы емес. Әр жылдары Қазақстанның ТМД-дағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның бас хатшысы, Халықаралық дельфийлік комитет басқармасының төрағасы сынды халықаралық деңгейдегі қызметтердің тізгінін ұстады. Креслоның бағын емес, мехнатын көрді. Ұлттық мүддені бірінші орынға қойды.

Әсіресе, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның бас хатшысы лауазымында жүрген кезінде Ұлы Абайдың 150 жылдығы, академик Ахмет Жұбановтың 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтуінде Қасейіновтің қайраткерлігі тұрғанын баршамыз білеміз. Сондай-ақ, сол жылдары тікелей Дүйсен Қорабайұлының ықпалымен Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен «Таңбалы тас» петроглифтер ескерткіші ЮНЕСКО-ның «Әлемдік маңызы бар мәдени мұралар тізіміне енгенін ұмытпауға тиіспіз.

Одан кейін тұғырлы тұлға ТҮРКСОЙ төріне озды. 2008 жылы. Содан бері Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының тізгіні – Дүйсен Қорабайұлының қолында. Қазақ азаматының басшылығы тұсында тұтас түркі әлемінің рухы жаңғырғанын мақтанышпен айтамыз. Ия, Дүйсен Қасейінов қырғыздың Тоқтағұлын, қазақтың Қасымы мен Сәкенін түркі әлемінің төріне оздырды. Түркіменнің Мақтықұлын, қазақ операсының Мұқанын (Төлебаев) түркі дүниесі таныды. Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы қарсаңында дауылпаз ақынның мұрасы алты тілге аударылып, алты құрлықтың тәкаппар әлеміне «Мен – қазақтың баласы!» деп үн қатты.

Қазақстанды былай қойғанда, Қарағандының өнерпаздары мен өнер ұжымдары «Кәрі құрлықтың» бірнеше еліне сапарлады. Әрине, ТҮРКСОЙДЫҢ демеушілігімен. Сәкен театры мен Тәттімбет оркестрі Түркияңызға Майқұдыққа барғандай сапарлап жүр. Осының барлығында Дүйсен Қорабайұлының қайраткерлік қажыры жатыр.

2010 жылдан бері ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымға мүше мемлекеттердің бір қаласын «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп қабылдап, түбі бір халықтардың мәдени шараларының дені сол шаһарға бағыттауды дәстүрге айналдырған. Бұл мәртебеге алғаш болып біздің Астанамыз лайықталса, 2017 жылғы мәртебе киелі Түркістанға беріліп отыр. Бұл – сөз жоқ, Қасейіновтің халықаралық дәрежедегі беделінің артықшылығы. Әйтпесе, бұра тартып отырған Дүйсекең жоқ. Тек қана Дүйсен Қорабайұлының іскерлігі тұтас түркі әлемінің қазақ халқына деген ыждаһаты мен ықыласын оятқан.

Айталық, мұның барлығы – қайраткер аға бойындағы ізгі мақсаттар жемісі. Бірақ, Дүйсекең:

Мақсат қою – арманнан бөлек дүние. Ол – үлкен арманның бөлшегі ғана, – дейді. Дей тұра, қазақ халқы әлемге таныту арманы болғанын жасыра алмайды. Ендеше, арман мен мақсат үндескен жерде нәтиже болатынын түсіну оңай. Біздің Дүйсен ағамыз – арманы орындалып, мақсатына жетіп жүрген тұлға.

Тағдыр таразысында

немесе түйін

Дүйсен аға – сусыз өмір сүре алмайтын балық секілді қызметсіз ғұмыр кеше алмайтын шынайы шенеунік емес. Қызмет оған емес, ол креслоға әр беріп жүр. Ол ұлтын сүйеді! Ұлты оны сүйеді!

Қайраткер тұлғаға биік мінбердегі шенеунік деп қана қарасақ, қателесеміз. Ол да – Сіз бен біз секілді өз тағдырының таразысына тартылып, пешенесіне жазылғанды көріп жүрген қарапайым азамат.

…«Көрші үйдің қызы керемет еді» дегендей, консерваторияда оқып жүрген шағында жатақхананың көрші бөлмесінде күйсандығын күмбірлетіп отыратын Александраға (Шура) сезім білдіріп, сөзін айтқан. Көңілдері жарасып, 20 жасында отау құрған. Сол сүйікті Шурасынан қос перзент сүйіп, немерелерін тағдыр сыйына балап жүрген. Өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді емес пе?! Көлеңке мен күнгей секілді.

Өткен жылы Дүйсен ағаның тағдыр таразысы теңселіп, сүйікті Шурасынан мәңгілікке көз жазды. Тағдыры ауыр күндерді көлденең тартты. Жеңгеміздің жаны жәннатта болғай!

ТҮРКСОЙ түрленгенімен, Дүйсен ағам жабырқап қалды… Ол да – тағдыр таразысының таралғысы. Тұтас түркі әлемі қазақ халқына, жаны жабырқаған қазақ азаматына көңіл айтып, егіліп тұр. Қарағанды қамығып…

Қамықпаңыз, қайсар аға! Қажырың түгесілмесін! Сіз – қазаққа керексіз! Желкенді жетпісіңіз құтты болсын!

Ерсін МҰСАБЕК

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Қоғам қайраткері Д.Қасейінов; 2. Қарағандылық мәдениет майталмандарымен;

3. Д.Қасейінов пен автор – Парижде.

Басқа материалдар

5 пікір

  1. Дүйсен Қорабайұлының биік болмысын, азаматтық ажарын айшықтаған, таутұлғасына тағзым еткен керемет тұшымды толғаныс екен, жарайсың Ерсін!
    Ал Дүйсекеңнің 70ке толған мерейтойы құтты болсын! Ұлтына ғана емес бүкіл түркі әлеміне қызмет етіп жүрген қайраткердің қарымы қайтпасын,қанаты талмасын!!!!

  2. 70 ке де келіпті нұрлы ағамыз!
    Менің білетінім өнерге зор жанашыр аға.
    Дүйсен аға сізге зор зор денсаулык.
    Ұзақ өмір тілеймін!

    Раушан Оразбаева.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button