Облыс әкімі жұмыс сапарымен Нұра ауданына барды
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Нұра ауданына барып қайтты. Сапар барысында Нұра ауданында дәрігерлерге арнап салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Тұрғын үй жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында салынуда.
Аудан орталығында бұрынғы әкімшілік үй-жайды қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін медицина қызметкерлеріне арналған 14 қызметтік пәтер кілттері табысталмақ.
– Бұрын бұл ветеринарлық станцияның ғимараты болатын. Өткен жылы біз оны коммуналдық меншікке ауыстырдық, содан кейін денсаулық сақтау басқармасының балансына бердік. ЖСҚ әзірледі. Ғимаратты қайта құру басталды. Үйде 14 пәтер, орталықтандырылған жылу болады. Спорт зал қарастырылған, – деді Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.
Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы «Дипломмен ауылға!» жобасы аясында ауданға 26 жас маман, оның ішінде 7 дәрігер келген екен. Медицина қызметкерлерінің тапшылығы әлі де бар, әсіресе бейінді мамандар жетіспейді.
Өңір басшысына әлеуметтік қорғалатын санаттарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы да баяндалды. Тұрғын үйге кезекте 420-дан астам адам тұр. Нұрада жалға берілетін тұрғын үй беру үшін төрт пәтерлі үйлер салынуда. Сонымен қатар, биыл 63 отбасы үшін пәтер сатып алу жоспарлануда.
Аудан орталығы абаттандырылуда. Ермағанбет Бөлекпаев Нұра кентінің орталығындағы жаңа саябақтың аумағын аралап көрді. Қарағанды қаласының Урбанистика орталығымен бірлесіп әзірленген жоба бойынша бір гектар аумақ абаттандырылады. Ағаштар егіледі, қырлы тас төселеді, субұрқақ салынады.
Облыс әкімі Нұра ауданында егіс барысымен де танысты.
Ірі ауылшаруашылық кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарына барды.
Көктемгі дала жұмыстары уақытында басталды. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаздық егісі шамамен 320 мың га құрайды. Әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар мен жемшөп шөптері көбірек егілетін болады. Агротехнологияларды сақтау үшін минералды тыңайтқыштар сатып алынды.
Егістіктерге 360-қа жуық трактор, 71 егіс кешені, 1500-ге жуық сепкіштер тартылған. Аграршылар арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген.
Көбетей ауылында Ермағанбет Бөлекпаев 1100 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасын салу жобасының іске асырылуымен танысты. Оның қуаттылығы жылына 9 мың тоннадан асады. 70-ке жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, болашақ ферманың жанындағы егістіктерде суару жүйесі салынуда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылды.
Көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша алынған гранттардың арқасында өз ісін аша немесе кеңейте алды.
Сонымен қатар, өңір басшысы Нұра – Көбетей жолының жөндеуді қажет ететін учаскесін аралап көрді. Жыл сайын су тасқыны кезінде көпір сол жерде су астында қалады екен. Бұл жағдайдың алдын алу үшін су өткізгіштер орнату қажет.
Облыс әкіміне жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге тапсырыс берілгені туралы да баяндалды.
Сондай-ақ облыс әкімі Нұра кентіндегі Б. Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледжге де барды. Колледжде 211 студент оқиды. Онда тігіншілер, аспаздар, автомеханиктер және т.б. дайындайды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz