Бас тақырып

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Балқаш қаласына барды

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласына іс-сапармен барып қайтты. Қаланы аралау барысында тозған кәріз құбырлары сөз болды. Әрі биыл қаладағы кәріз құбырларын жөндеуден өткізуге шешім қабылданды. Сонымен қатар, қаладағы су құбырлары, жылу магистральдары да қайта жаңартылатын болды.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Кәріз құбырларының тозығы жеткені соншалық, салдарынан жиі апат орын алады. Енді құбырларды жаңарту үшін арнайы конкурс өткізіледі. Бұл жолы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын құбырлар ауыстырылады.

– Биыл кәріз жүйесін қайта қалыпқа келтіруге конкурс өткізіледі. Бұл – өткір мәселе. Негізгі коллектордың тозуы – 80%. Салдарынан апат жиі орын алады, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Сонымен қатар, қаладағы екінші және үшінші кезектегі су желісінің құбыры жаңартылмақ. Қаладағы жалпы су құбырының ұзындығы – 124,4 шақырым. Осы уақытқа дейін ұзындығы 24,4 шақырым болатын су құбыры жөнделген. Биыл – 14 шақырым жөнделеді деп жоспарлануда. Тиісінше жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта бригадалар төрт учаскеде жұмыс істеп жатыр. Қала әкімі Сапар Сатаев құбырлар салынып біткенше, учаскелердегі жолдардың жөнделмейтінін айтты.

Ағыбай батыр мен Сванқұлов көшесіндегі құбырлар толығымен ауыстырылған. Енді бұл жердегі жолдарға жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, Балқашта жылыту маусымы ресми түрде аяқталды. Күні кеше аяқталғанына қарамастан мамандар келесі жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. Алдағы уақытта ұзындығы 25 шақырымды құрайтын жылу желілері ауыстырылады. Оның ішінде, 6,4 шақырымы – магистральдық, 5 шақырымы – ЖЭО-дан шығатын құбыр. Ал, 13,8 шақырымы – орамішілік құбыр.

Облыс әкімі абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан қала жағалауына барып қайтты. Жағалау аумағында жаңа аллеялар, балалар және спорт алаңдары, велосипед жолы, тротуарлар мен басқа да дүниелер салынған. Бүгінде жағалауда бірінші және екінші кезектегі бөлшектеу жұмыстары аяқталыпты. Жағалау аумағы қоқыс пен қамыстан тазартылып, су және кәріз құбыры тартылған. Электр желісімен де толық қамтамасыз етілген. Жалпы, мұндай жұмыстар 16 гектар аумақта жүргізілген. Ал, жобаны тапсыру мерзімі 2025 жылға жоспарланған.

– Абаттандырылған жағалау – бұл инвесторларды, туристер мен демалушыларды тартудың маңызды компоненттерінің бірі. Белсенді жұмыс жасаңыздар, белгіленген мерзімнен асырмау керек!, – деп баса айтты аймақ басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар, Ермағанбет Қабдулаұлы қалада салынып жатқан жайлы мектеп пен бес үйдің құрылыс алаңына барып қайтты. Бүгінде мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үш қабатты мектептің қабырғасы толық көтерілген. Алдағы 10 күнде құрылысшылар шатырын жабады. Ал, мектеп 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ал, салынып жатқан жаңа үйлер қала тұрғындарына несиеге және жалға берілетін болады. Үйлердің бірі осы жылдың соңында пайдалануға берілмек. Аймақ басшысы қала басшысы мен мердігерлерге сапаға баса көңіл бөлу керектігін айтты.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button