«Мемлекеттік тілдің болашағы жарқын»
«Қарағанды облысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жыл санап кеңейіп, қазақ тілін үйренуге деген қоғамдық сұраныс артып келеді. Цифрлық технология, жасанды интеллект, бизнес пен кәсіби ортада қазақ тілін дамытуға бағытталған жаңа жобалар да осы үдерістің маңызды бөлігіне айналды.Мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар және қазақ тілінің келешегі туралы облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаевамен әңгімелестік.

– Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы тілдік ахуалды қалай сипаттар едіңіз?
– Бүгінгі таңда Қарағанды облысының тілдік ахуалын тұрақты әрі оң даму үстінде деп бағалауға болады. Өңір тарихи тұрғыдан көпұлтты және орыстілді орта басым аймақтардың бірі болғанымен, соңғы жылдары мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Қазақ тілін меңгерушілер санының өсуі және оның қоғамдық өмірдегі рөлінің артуы өңірдегі тіл саясатының оң нәтижелерін көрсетеді.
Қарағанды облысында жүргізілген соңғы әлеуметтанулық зерттеу бойынша тұрғындардың шамамен 68-69%-ы қазақ тілін еркін меңгерген. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерде қазақ тіліндегі құжат айналымының үлесі де артып келеді.
Осы үшін облыс көлемінде қазақ тілін оқыту курстары, сөйлесу клубтары, тіл меңгеруді ынталандыру мақсатындағы тілдік лагерьлер, байқаулар, ғылым және цифрлық технологиялар саласында қазақ тілінің қолданылуын кеңейтуге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
Дегенмен, қазақ тілін қызмет көрсету, бизнес және техникалық салаларда одан әрі дамыту қажеттілігі бар. Биыл осы салаларға бағытталған жобаларға басымдық беріп отырмыз.
– Мемлекеттік тілді дамытудағы ең үлкен кедергі не, мотивацияның төмендігі ме, тілдік ортаның әлсіздігі ме, әлде басқа факторлар ма?
– Мемлекеттік тілді дамытудағы ең үлкен кедергіні бір ғана фактормен байланыстыру дұрыс болмас еді. Дегенмен, менің ойымша, шешуші рөл атқаратын мәселе – тілдік ортаның жеткілікті деңгейде қалыптаспауы.
Тілді дамыту ең алдымен оны күнделікті өмірде, қызмет көрсету саласында, өндірісте, бизнесте, цифрлық кеңістікте және қоғамдық қатынастарда кеңінен қолданумен тығыз байланысты. Азамат мемлекеттік тілдің өмірлік қажеттілікке айналғанын сезінген кезде ғана оны меңгеруге және қолдануға деген ынта артады.
Сонымен қатар, бұл жерде мотивация мәселесі де маңызды. Алайда, мотивация көбіне тілдік орта мен қоғамдық сұраныстың нәтижесінде қалыптасады. Егер мемлекеттік тіл білім алудың, кәсіби өсудің, сапалы қызмет алудың және қоғамдық коммуникацияның тиімді құралына айналса, оған деген қызығушылық та, жауапкершілік те күшейеді.
Сондықтан, бүгінгі міндет – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп қана қоймай, оның қоғамдағы нақты құндылығын арттыру. Тіл саясатының негізгі мақсаты да осы – мемлекеттік тілді әрбір азаматтың күнделікті өмірінде сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті және біріктіруші фактор ретінде орнықтыру.
– Кейінгі жылдары тіл саясатына қатысты қандай оң өзгерістерді ерекше атап өтер едіңіз?
– Соңғы 1-2 жылда тіл саясаты саласында бірнеше маңызды оң өзгерісті атап өтуге болады. Қазақ тілін дамытудың жаңа тұжырымдамасының іске асырылып, 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы қабылданып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған нақты индикаторлар бекітілді.
Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктері кеңейді. Кейінгі жылдары қазақ тіліндегі электрондық сервистер, онлайн курстар, автоматты аударма және жасанды интеллект технологиялары белсенді дамып келеді. Қазақ тілінің ұлттық корпусының базасын ұлғайту және тілдік технологияларды дамыту мемлекеттік деңгейде қолдау табуда.
Мемлекеттік органдардағы қазақ тілі қолданысының ауқымы кеңейді. Құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Басқарма тарапынан құжат айналымы төмен мемлекеттік мекемелерге жоспарлы түрде тексерістер жүргізіліп, ұсынымдар беріледі.
Қазақтілді медиаконтент көбейді. Телеарна, интернет-платформалар және әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі контент көлемі артып келеді.
Қоғамдағы сұраныс артты. Қазақ тілін үйренуге қызығушылық басқа этнос өкілдері мен жастар арасында да өсіп келеді. Бұл үрдіс тілдің әлеуметтік және экономикалық маңыздылығының артуымен байланысты деп ойлаймын.
Қарағанды облысында қазақ тілін оқыту тек дәстүрлі курстармен ғана шектелмей, жаңа форматтағы жобалар арқылы жүзеге асырылуда. Әсіресе, тілдік лагерьлер, бағдарламаға енгізілген тілдік клубтар, сөйлеу алаңдары халықтың қызығушылығына ие.
Сонымен қатар, ең маңызды өзгерістердің бірі – мемлекеттік тілді үйренуге деген қажеттіліктің күшеюі және жастардың қазақ тілін заман талабына сай дамудың құралы ретінде қабылдай бастауы.
– Қарағанды облысында қазақ тілінің бизнестегі, қызмет көрсету саласындағы және қоғамдық кеңістіктегі қолданысы қалай жүзеге асуда?
– Бүгінде облыста мемлекеттік тілдің бизнестегі және қызмет көрсету саласындағы қолданысының аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Көптеген кәсіпкерлік нысандарда маңдайшалар, жарнамалар, мәзірлер, ақпараттық материалдар қазақ тілінде ұсынылады. Қызмет көрсету орындарында қазақ тілінде қызмет көрсету мәдениеті де біртіндеп қалыптасып келеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерде, мәдени-көпшілік іс-шараларда, қоғамдық кеңістікте қазақ тілінің қолданылуына ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында өңірімізде жыл сайын 3 мыңнан астам азамат мемлекеттік тілді оқыту курстарымен қамтылады. Биыл облыс бойынша 3159 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның 1819-ы мемлекеттік тілді оқыту курстарына қатысып, білім алуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
– Кәсіпкерлердің қазақ тілінде сапалы жарнама әзірлеуі қалай?
– Иә, кейінгі жылдары кәсіпкерлер арасында қазақ тіліндегі жарнаманы сапалы әзірлеуге деген сұраныс бар. Бұл ең алдымен, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлінің күшеюімен, тұтынушылардың мемлекеттік тілдегі сапалы ақпаратқа деген қажеттілігінің өсуімен байланысты.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының тіл туралы заңының талаптарымен ақпараттандырылған. Егер «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабы талаптары бұзылғаны анықталса, кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.
Алғаш рет анықталған жағдайда Әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі жүйесі арқылы ескерту беріледі. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, заңнамаға сәйкес 5, 10 немесе 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Жалпы, жүргізіліп жатқан түсіндіру және ақпараттық жұмыстар кәсіпкерлердің мемлекеттік тілге деген жауапкершілігін арттырып, жарнама мен көрнекі ақпараттың сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.
Жалпы, жүргізіліп жатқан түсіндіру және ақпараттық жұмыстар кәсіпкерлердің мемлекеттік тілге деген жауапкершілігін арттырып, жарнама мен көрнекі ақпараттың сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.
– «Digital KZ» хакатонын өткізу идеясы қалай пайда болды?
– «Digital KZ» хакатонын өткізу идеясы Қызылорда қаласында таныстырылған Абай облысының тәжірибесіне негізделді. Осы форматтың өзектілігін ескеріп, жастар мен жеке тұлғалар тарапынан болған сұраныстарды назарға алып, неге осы тәжірибені Қарағанды өңірінде жүзеге асырмасқа деген ой келді.
Осылайша, Қарағанды облысында қазақ тілін цифрлық ортада дамытуға, тіл үйрену мен аударма мәселелеріне арналған жаңа IT шешімдерді қолдауға бағыт алдық.
Өңірде «Digital KZ» хакатонын өткізу идеясы қазақ тілінің цифрлық ортадағы қолданысын арттыру қажеттілігінен туындады. Біздің мақсатымыз – қазақ тілін үйренуге, қолдануға және аударма мәселелерін шешуге бағытталған заманауи мобильді қосымшалар мен инновациялық IT өнімдерді әзірлеу.
Сонымен қатар, хакатон арқылы өңірдегі цифрлық бастамаларды қолдап, жастардың жаңа технологиялар саласындағы шығармашылық идеяларын дамытуға мүмкіндік береміз.
– Жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілі қандай мүмкіндіктерге ие болып отыр?
– Жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілі үшін үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Бүгінде қазақ тілінде сөйлейтін чат-боттар, аударма жүйелері, дауыс тану және мәтін генерациялау технологиялары дамып келеді. Бұл қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданылу аясын кеңейтіп, ақпаратқа қолжетімділікті арттырады.
Сонымен қатар, жасанды интеллект арқылы қазақ тілін үйрену, зерттеу және насихаттау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілуде.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің технологиялық ортада кеңінен қолданылуы – уақыт талабы. Сондықтан, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті көбейту, тілдік деректер қорын толықтыру және отандық ІТ-жобаларға қазақ тілін енгізу аса маңызды.
Жасанды интеллект қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, оның ғылым, білім, бизнес және мемлекеттік басқару салаларындағы қолданысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өңірімізде жүзеге асып жатқан жобаның бірі – «Сөзжасам» жобасы.
Өзіңіз білесіз, Қарағанды облысы – ірі кәсіпорындар шоғырланған өңір. Күн сайын жаңа өндірістер іске қосылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Соған сәйкес жаңа ұғымдар мен терминдер де үздіксіз пайда болуда.
Осыған орай, өндірісте қолданылатын сөздерді тек аудармай, жаңа ұғымға дәл келетін жаңа термин қалыптастыру мақсатында осы жобаны қолға алдық.
– Қарағанды облысының аудандары арасында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінде айырмашылық бар ма?
– Әрине, белгілі бір деңгейде айырмашылықтар кездеседі. Бұл, ең алдымен, өңірдің демографиялық ерекшеліктеріне, тілдік ортаға және тұрғындардың күнделікті қарым-қатынас тіліне байланысты.
Дегенмен, облыстың Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарынан басқа барлық қала-аудандарында мемлекеттік тілді оқытуға тең мүмкіндік жасалған. Қазіргі таңда аудан-қалаларда тіл курстары, тілдік клубтар, түрлі мәдени-ағартушылық жобалар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылық барлық өңірде біртіндеп артып келеді және бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Қазақ тілінің болашағы тек оны қанша адамның сөйлейтінімен емес, оның күрделі білім мен технологияны жеткізе алатын толыққанды заманауи тілге айналуымен анықталады. Осы бағыттағы жұмыстар табысты болса, тілдің келешегі өте жарқын деп бағалауға болады.
Сұхбаттасқан
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



