Облыс басшысы – Нұра жерінде

Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ арнайы іссапармен Нұра ауданында болды. Алдымен, аудан орталығында орналасқан ветеринариялық станция жұмысымен танысты.

Ветеринария саласында ілгерілеу бар

Бұл салада мал иесінің және ветеринариялық қызметтің салғырттығынан жер-жерде туын­дап жатқан келеңсіз жағдайды қатаң бақылауға алғаны байқалады.

Аймақ басшысы малды сату, сою кезінде берілетін анық­тамалардың, ветеринариялық ша­ра­лардың – туберкулез, бру­цел­лез және басқа аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарының (вак­цинациялау) компьютер ар­қылы арнайы база­ға тіркелу жұ­мыстарына және арнайы дәрі-дәрмек пен екпеге қажетті вакцина сақтайтын тоңазыт­қыштардың жұ­мыс барысын пысық­тады.

Аудан бойынша ветеринарлық ахуалды бір қалыпта ұстауда 25 округтің мал дәрігерлері көлікпен және жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылған. Со­нымен қатар, ауру ошағы тір­келген жағдайда мал қораларды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін «Уаз» авто­көлігі мен мал өлекселерін жағатын ин­цениратормен қамтылған. Мал өлексесін көмуге арналған екі орын да бар. Кейінгі заманауи талапқа сай мал сою пункті аудан орталығында орналасса, аудан бойынша 10 мал сою алаңы жұмыс істеп тұр.

Рекордты күндер

алыс емес

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Нұра ауданындағы биыл­ғы аста-төк орақ науқанымен де танысты.

Алдымен Г.Прокоп басқарып отырған «Шахтер» серіктестігінің егіс алқабында болды. Диқан­шыларымен кездесті. Кілең шетелдік «Джон Дир» мен «Класс» маркалы егіс алқабының алып техникалары шаңды будақтата, ырысты оруда. Көздің жауын алар көріністің басты кейіпкерлері – диқаншылармен жақын барып танысқан облыс әкімі «Джон Дир» комбайнының тізгіншісі Нариман Есеновтен тізгінді қолына алып, бітік егінге орақ салды. Кейінгі үлгідегі қолайлы комбайнның еңбек адамына жасалған жайлылығымен танысты.

Бұл комбайндардың бір жа­ңа­шылдығы – таңның аты­сы­нан, күн қасқайып қарайған шақ­қа дейінгі жұмыс уақытында шаршатпайтындығында. Міне, кө­ңіл­ді әуен де ойнап тұр, – деп мог­нитофонының құлағын бұрап, әуеннің дауысын қаттырақ шығарып барып, – Ауаны салқын­датқышы өз алдына, отыратын орын­дығымыздың өзі жайлы. Ал, бұған орақ ору барысындағы ақ­ылдылығын тағы қосып қойыңыз. Бидайдың ылғал­дылығы әдеттегі нормадан көп болатын болса, оны тағы мына құрал арқылы көрсетіп тұрады. Биылғы бітік астық көңілімізді толтырып отыр. Күн райы тура осылай тұрса, рекордты күндер алыс емес сияқты. Қазір алқаптардан орташа есеппен 16 центнерден айналуда, – деді Нариман маңдайдан шып-шып етіп тұрған терін жейдесінің жеңімен сүртіп қойып, күнделікті нормасын 130-140 пайызға орындап жүрген диқаншы жігіт.

Жалпы, «Шахтер» серік­тестігі облыс көлемінде ауыл шаруашылығының өсімдік сала­сында әртараптандыру бағытын мығым қолданып отыр. Жалпы егістік алқабы 36500 га., оның ішінде, 32047 га. – бидай, арпа – 3150 га., сұлы – 599 га., нут – 704 га., ал, майлы дақылдар 804 га. алқапты алып жатыр. Биылғы жылдан бастап бұл серіктестік картоп егуді қолға алып, 130 га. алқапқа картоп отырғызған. Қазір картоптың әр гектарынан 350 центнерден өнім алуда. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Серіктестік өз қаражатынан картоп сақтайтын 8 мың тонналық арнайы қойма салып, картоп жинайтын шетелдік «GRIMME» маркалы алты қатарлы арнайы комбайнның 2016 жылғы жаңа түрінің екі данасын 128 млн. 520 мың теңгеге сатып алған. Тура осы комбайндар облыс көлемінде, тек, «Шахтер» серіктестігінде ғана бар.

Сонымен қатар, бұл серіктестік бидайдың бірнеше түрін, арпа, сұлы және көпжылдық шөпті өндіріп, нарыққа тұқымын шығарумен де ерекшеленеді.

Жыл сайын 10 мың гектарға жуық жерді парға қалдырамыз. Жерді күтіп-баптаудан да аян­баймыз. Пар­ға қалған жердің құнарлығын жоғарылату мақсат­ында күзге таман сұлы егеміз, ол көгеріп бой көтерем дегенше қар жауып, қардың астында қалады. Келесі жылы үстінен бидай еге береміз. Ал, сұлы болса топырақтың бойындағы зиянды заттарды бойына жинап алады, сол арқылы біз парға қалдырған жерді барынша зиянды қалдықтардан тазалап аламыз, – деді серіктестік басшысы Г.Прокоп.

Қырда да, ауылда да тынымсыз тірлік

«Пржевальское» серіктестігінің басшысы Ықсан Таттыбаев облыс басшысы Н.Әбдібековті, алдымен, ауылдың әлеуметтік саласымен таныстырды.

1965 жылы салынған клуб ғимараты 2009 жылға дейін қызмет көрсетіп, төбесі жарылып, ары қарай қызмет көрсетуі халыққа қауіпті болғандықтан жа­былған. Енді, міне, ағым­дағы жылдан бастап, Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасына сай, 54 млн. теңгені серіктестік бөліп, толығы­мен заманауи үлгіде күрделі жөндеу жұмыстарын жүр­гізген. Үш ай бұрынғы ғимараттың жайы мен бүгінгі күнгі жағдайы – жер мен көктей. Оны арнайы қойылған стендтен көрдік. Тағы бір жаңалығы жылу беретін қазандықтардың орнына жанармаймен (салярка) жылытатын заманауи шетелдік пеш орнатылған. Өте ұтымды шешім. Көмірге кететін шығын мен жанармайға кететін шығынның бағасы бір. Бірақ, шаң-тозаңнан адасың. Көмір жағып, маңайдың бәрін күл-қоқысқа толтырмайсың. От жағушының керегі жоқ. Жұмыс қолына үнем. Бір ғана оператор тетікті басып отырып-ақ, ғимараттың жылуын бір қалыпта ұстап отыра алады. Ал, жергілікті бюджеттен 5 млн. теңгеге сахна киімі, 200 орындық және дыбыстық аппаратура алып берілмек.

Серіктестіктің егіс алқабының жұмысы қарқынды. 25526 гектар алқаптың 23730 гектарына бидай егілген. Қазір серіктестіктің 44 комбайны осы алқапта. Техника паркі жыл сайын жаңартылуда. Ең ескі деген техниканың өзінің алынғанына 8 жылдың жүзі болған.

Астық бітік. Диқаншылар көңілі тоқ. 2 қыркүйекте егінге орақ түсіріп, бүгінгі күні 20 мың тоннасын қамбалап үлгерген. Енді, егіс алқабының төрттен бір бөлігі бар. Өткен жылы серіктестік 26 мың тонна астық қамбалаған. Гектарына, орташа есеппен, 10 центнерден шығым түскен екен.

Бүгін орақты пардан кейін­гі егілген алқапқа салдық. Шы­ғым көңілімізден шығуда. «Кара­гандинская-22» сұрыпты бидай – 20 центнерден түсім беріп жатса, «карабалыкская-90» мен ағымдағы жылы ғана еккен жаңа сұрыпты «степная -60» тарыңыз гектарына 16-18 центнерден өнім беруде, – деді серіктестіктің бас агрономы Жанат Тасымов.

Негізі, серіктестік Тәуелсіздіктің 25 жылдығында 35 мың тонна астық қамбалап, ХХІ ғасырда серіктестік тарихында тіркелмеген көрсеткішке қол жеткізуді көздеуде.

Қайырлы жыл,

құтты қадам

«Жараспай» серіктестігі 15200 гектар егістік алқабының 8200 гектарын орып алған. Қалған 7000 гектарды шамамен 10 күннің ішінде қамбалауға толық мүмкіндігіміз бар деп отыр.

Биыл егіс даласына кілең шетелдік «Класс» комбайндарын шығардық. Қуаты да, өнімділігі де жарап тұр. Түсім жылдағыдан әлдеқайда жоғары. Орташа есеппен, серіктестік бойынша 14-15 центнерден айналуда. Тамыздың аяғын ала егін алқаптарына орақ түсірдік. Содан тоқтаған жоқпыз. Осы қыркүйек айының өзінің ерекшелігі – таңғы шығымен ғой. Сол шықтың беті қайтып, егіс даласы құрғаған шақта күніне 8-9 сағаттан комбайншылар тынымсыз еңбек етуде, – деп, серіктестік басшысы Сейілхан Қоңырбаев диқаншыларын таныстыра бас­тады.

Серіктестік бойынша орақ науқанына 120-дан аса жұмыс қолы жұмылдырылған. Сырттан келіп еңбек етіп жүрген ешкім жоқ. Барлығы – Жараспай ауылының тұрғылықты тұрғындары. Ағайынды Ғалы мен Нұржан Бейбітовтер, Темірхан Омаров, Бақыткелді Әбдіхалықов, Қуан Шәкеновтің еңбектері – серіктестіктің жас механизаторларына үлгі. Ұжымның жұмыс қолының орташа жасы – 40 жас.

Егін егу, ору барысында кейінгі жаңа үлгідегі технологияны барынша пайдаланып отырған серіктестік осы жылы да техника паркін жаңарту мақсатында қосымша тағы төрт егін егу кешенін сатып алуды жоспарлап отыр. Қазіргі күні «К-744» кешенінің әрқайсысын 68 млн. теңгеден бағалап, 17 пайыздық үстеменің 10 пайызын – мемлекет, 7 пайызын серіктестік ақтайтын болып келісім-шарт жасасқан.

Қырманнан бүгінгі күні 5500 тонна астық өткен. 9000 тонна астық бастыратын қамба толы­ғымен дайын. Әзірге бидайды саудалап жатқан жоқ. Баға өткен жылға қарағанда төмендеген. Қазір 1 тонна астықты 40 мың теңге деп бағалауда. «Қамырлығы 28-30 пайызды көрсетіп тұрған сапалы астыққа бұл баға арзан» деп отыр серіктестік басшысы.

Техника паркін заманауи шет­елдік техника құрағандықтан, қосымша бөлшектерінің құны Ресейден шыққан трактор, комбайн­дардың бөлшек саймандарынан 7-10 есеге қымбат. Сондықтан, биылғы жылы «К-744» кешенін алуға бел байлап отырмыз. Астықты да баға көтерілгенше қамбада ұстауды ұйғардық. Биыл ширек ғасырлық мерекеміз қарсаңында астық мол бітіп, қайырлы жыл болғалы тұр. Серіктестігіміздің егіс даласын аралап көрген алғашқы облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы болып тұр. Қайырлы жылғы, құтты қадам болғай деп тілек білдіреміз, – деді білгір басшы Сейілхан Оспанбайұлы.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.