Бас тақырып

Оқушылардың еден жуғаны дұрыс па?

Оқушылар сабақтан кейін сынып бөлмесін тазалап, еденді жуып кетуі керек пе? Ата-ананы алаңдатқан басты мәселенің бірі – осы бүгінде. Тың бастама қоғамның қызу талқысына түсіп, жұрт пікірі қақ жарылды. Даттаушылар «бала еңбегін қанау» десе, жақтаушылар «тазалыққа бейімдейтін – пайдалы іс» екенін айтуда. Дұрысы қайсы? Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы қандай?

Бастамашылардың айтуынша, бұл – бала тәрбиелеудің жапондық үлгісі. Күншығыс елінің мектептерінде тазалықшы деген штат бірлігі болмайды екен. Оқушылар сабақтан соң кезекшілікке қалып, оқу ордасын өздері тазалап кетеді. Осылайша, жастайынан еңбекке еттері үйреніп, тазалыққа етене жақын болады. Әлгі, Ресейде өткен футболдан Әлем чемпионатында жапониялық жанкүйерлер стадионды жинап кетіп, жұртты таңғалдырғаны бар еді ғой. Сол – осы бала жастан бойларына сіңген қасиеттің бір көрінісі-міс.

Әйтсе де, қарсы тарап бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Кеңес дәуірінде елімізде дәл осындай тәжірибе қолданыста болған екен. Бірақ, ТМД елдерінің ешбірі ерекше тазалығымен мақтана алмайды. Қайта, стадионды жинап жүрген жапондықтардың әрекетіне күле қарап, мазақ қылуға тырысқандар да болды емес пе? Сонда, бұл бастаманың берері не? Ата-аналар не дейді?

– Баламның еден жуғанына қарсымын. Біздің кезіміздегідей емес, қазіргі балалардың оқу жүктемесі көп әрі күрделі. Одан қалса қосымша үйірмелерге, тіл үйрену курстарына және спорттық секцияларға барады. Енді оған мектепті тазалау қосылса не болмақ? – дейді Салтанат есімді ана.

Ал, заңгер Жангелді Сүлейменов балаларды мектептің тазалық жұмыстарына тарту заңға қайшы екенін айтып отыр. Өйткені, заң талаптары бойынша химиялық қоспалары бар дизинфекциялық заттар балалардың қолы жетпейтін жерде сақталуы керек. Ал, балаларға еден жуғызу бұл талаптың өрескел бұзылуына әкеп соқтырады. Сондай-ақ, оқушылар еденді жуған кезде түрлі инфекциялармен бетпе-бет келеді. Бұл олардың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Көптеген ата-аналардың астаналық мектептердегі жаңашылдыққа үрке қарауының да бір себебі – осы. Олар балаларының денсаулығына алаңдайды. Әрі елдегі барлық мектеп санитарлық талапқа сай келеді, ыстық-суық су келіп тұр деп айта алмаймыз. Әжетханасы далада орналасқан ауыл мектебінің оқушылары қыстың аязында суық сумен еден жуып, ауырып қалмай ма? Сондықтан да, ата-аналар мұндай тәртіптің енгізілуіне қарсы. Әйтсе де, бала құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Сайн бастамашыл топты қолдап, пікір білдірді.

– Отырған орынын таза ұстауға үйренген балалар мен ересектер айналасына қоқыс тастамайды. Елордалық мектептердің тәжірибесі құптарлық. Осының нәтижесінде келешекте қала көшелері, кіреберістер және пәтерлердің тазалығы артарына сенемін, – деп жазды Аружан Сайн «Фейсбук» парақшасында.

Көптің көңілін күпті етіп, ата-аналарды алаңдатқан мәселеден Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те сырт қалмай, өз пікірін білдірді. Министрдің айтуынша, оқушыларды мектептің еденін жууға ешкім мәжбүрлей алмайды. Мұндай жұмыстар оқушылардың өз ықтиярымен және ата-аналардың келісімімен ғана жүзеге асады. Астаналық мектептердің тәжірибесін ел аумағына енгізу мәселесі министрліктің күн тәртібінде жоқ. Мектептерде, тиісінше, тазалыққа жауап беретін әкімшілік-техникалық қызметкер штаты қарастырылған. «Әрине, еңбекке баулу – мектептегі оқу-тәрбие жұмысының өте маңызды бөлігі екендігі сөзсіз. Мектеп те, отбасы да еңбекке баулуы тиіс. Сондықтан, мұндай жұмыс жүргізіледі және мектептерде түрлі шаралар арқылы жүзеге асырылады» – деді министр.

Асхат Аймағамбетов ата-аналарды балаларды еңбекке ерте жастан үйретіп, тазалыққа осы бастан үйретуге шақырды. Яғни, оқушылар үй шаруасына қолғабыс жасап, ыдыс-аяқ, еден жуу және бөлмелерді жинау тәрізді жұмыстарды істей білуі керек.

Расымен де, баласын алақанға салып, ақсаусақ етіп тәрбиелейтін ата-аналардың барын да көріп жүрміз. Бұл – дұрыс емес. Өйткені, ес білгелі өзі үшін өзгелердің жұмыс істеуіне үйренген баланың ержеткен соң да масылдық психологиядан арылуы қиынға соғады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button