Қоғамдық тамақтандыру да – жіті назарда
«ЭКСПО-2017» көрмесіне жиналатын бұқараға қандай ас мәзірі ұсынылады? Қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесінің барысы қандай?
Бұл туралы «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев ақпарат берді.
– Мейрамханалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру – осындай кең ауқымды іс-шаралардың қажетті әрі маңызды аспектісі. Қызмет көрсету, яғни, сервис әр мемлекеттен келген тұлғалар мен көрмеге қатысушы мемлекет делегаттарының, сонымен қатар, қала қонақтары мен тұрғындарының ойынан шығуы керек. Бүгінгі күні 15-ке жуық мемлекет өздерінің ұлттық асханасын көрсететін тамақтану орындарын ұйымдастыруды жоспарлады. Бұл – Италия, Германия, Польша және басқа мемлекеттер, – деді Д.Еркімбаев.
Сондай-ақ, көрмеге аумағы 10 мың шаршы метрден асатын жалпы тамақтануды ұйымдастыруға арналған коммерциялық орындар бөлінген. Жалпы, 40-тан аса тамақтану орнын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Коммерциялық павильондардың бірінші қабаттарында мейрамхана, шайхана, барлар орналасады. Екінші қабаттарда сауда орталықтарындағыдай фастфуд болады. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда барлық әлеуметтік топтар мен табыс деңгейі ескерілген.
– 2016 жылдың соңынан бастап байқауды жарнамалау басталды. Бизнес өкілдері белсенді қатысып жатыр. Сонымен, бүгінгі таңда орындардың 71%-ын жалдаушылар анықталды. Оларды іріктеу кезінде, ең алдымен, қызмет көрсету жұмысы, нарықтық тәжірибесі мен қолжетімді баға саясатына аса назар аударылады. Кәсіпкерлік секторды белсенді қатысуға шақырамыз. Қалай дегенмен, бұл – отандық өнім өндірушілер үшін өздерін көрсетудің таптырмас мүмкіндікі, – деді департамент директоры.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ