Бас тақырып

Қоғам аутист балаларды қабылдауға дайын емес

Бұдан 10-20 жыл бұрын аутизмнің не екенін білмек тұрмақ, ешкім естімеген де еді. Қазір оның көбейіп бара жатқанын айтуда. Десе де, қоғам әлі де аутизмнің не екенін және оған шалдыққан балалардың ерекшеліктерін ескере бермейді. Аутист балалары бар ата-аналар оны ерте жастан бастап анықтау, түзету, оқыту, күнделікті әрекетті үйрету мәселелерінен бөлек, қоғамның түсініспеушілігімен де бетпе-бет келеді. Қоғам аутистік спектр бұзылыстары (РАС) болатынынан бейхабар. Ондай балаларға қандай көмек көрсетуді, не істеу керектігін білмейді. Қостанай облысында жоғалған бес жасар Мадинаның өлімі осыны көрсетті. Әйтпесе, ішкиіммен ғана жүгіріп жүрген баланы көрген-білгендер болды ғой.

Аутизм қазақстан

Көбінесе қоғам мұндай балаларды қабылдай алмайды. Олардың түсініксіз әрекетін еркелік немесе «бетімен кеткен» тәрбиенің нәтижесі деп қабылдайды.

– Менің балам 3-тен асты. Онда аутистік спектр бұзылыстары анықталды. Біз қайта баланың ерекшеліктерін ертерек байқап, дәрігерге бардық. Біздің қоғам мұндай балаларды қабылдауға дайын емес. Көпшілік аутизм туралы білмейді, бұл туралы ақпарат аз. Енді, бұрын ешкім ол туралы естімеген ғой. Баланың әрекетінен неврологиялық ауытқудың бар екені көрініп тұрғанымен, оны тәрбиесізге балап жатады. «Балаңызға үйтпейсіз бе, бүйтпейсіз бе?» деп ақыл айтады. Басында әр сөзге ренжіп қалатын едім. Қазір мән бермеуге тырысамын, түсінетіні де болады, түсінбейтіні де баршылық, – дейді Гүлсара Байысова.

Ол диагнозды естігенде әуелде қабылдамау, кейін депрессия болатынын айтады.

– Мұны бастан кешірген кез келген ата-анада осылай болады. «Неге менің балам осындай болды? Не үшін?» деген сұрақтар, содан кейін қабылдау. Мұндай сәтте отбасыңнан қолдау болса, өте жақсы. Әйтпесе жалғыз қаласың. Аутизм баланың 3 жасына дейін білінеді. Сол кезде оның әрекетіне мән беру қажет. АВА маманы Дархан Ажмолдаев оның негізгілерін атады. 

– Бала көзге тіке қарамаса, басқа балалар сияқты ойнамаса, ата-анасымен қарым-қатынас болмаса ол аутизм белгілері деген сөз. Осыны байқаған ата-ана барлық күшін салып, дәрігерге көрсету керек. Егер диагноз расталса, коррекциялық орталыққа апару қажет. Ерте барса, жақсы, бала ертерек қатарға қосыла алады, – дейді ол.

Кезінде ол өзі де баласының диагнозын кеш біліп қалыпты.

– Біз 5 жасында білдік. Оған дейін бірде-бір дәрігер айта алмады. Қазір ата-аналар мұндайға шалдыққан баласына дәрі-дәрмек іздейді. Ресейге, Ташкентке барады. Бірақ, олардан көмек жоқ. Себебі, бұл ауру емес, бұл – бала дамуының бұзылысы. Ол коррекциямен ғана келеді. АВА терапиясы, мінез-құлықты қолданбалы талдау әдісінің берері мол. Баланың мінез-құлқын түсінсең, оның әрекетін бақылап, қандай да бір жағымсыз қылықтың алдын аласың, – дейді ол.

AUTISM KAZAKHSTAN ұлттық ассоциациясының төрағасы Нұрия Балтабайқызы да «аутизм ауру емес» дейді.
– Аутизм баланың жағдайы, оның дамуының бұзылуы. Бірақ, оны түзетуге болады. Алайда, аутизмді емдейміз деген жарнамаларға сенудің қажеті жоқ. Оның емі күнделікті жұмыста. Бұл – отбасы мүшелері мен мамандардың жұмысы. АВА терапиясы, сенсорика, спорт, күнделікті тұрмыстық әрекеттерді үйрету. Баланы сол күйі қабылдау және қоғаммен байланыс орнатуына көмектесу, – дейді маман.

Алайда, қоғаммен байланыс орнату ең қиыны болып тұр. Себебі, ата-аналар да, мамандар да бір ауыздан қоғам аутизм туралы, оған шалдыққан баланың қандай болатыны және онымен қалай қарым-қатынас орнату керектігін білмейтінін айтады.

– Мысалы, осы Мадинаның жағдайын алайық, – дейді Дархан Ажмолдаев. – «Көрген адамдар неге ертіп алмады? Неге ауруханаға апармады?» деген сұрақ туады. Қазір мұндай балалар көп, өкінішке қарай. Бір айда екі рет қашатын балалар бар. Олар шапшаң, қауіпсіздікті ойламайды, оны түсінбейді де. Көліктер ағылып жатқан жолға шығып кетуі мүмкін. Ит қабады-ау деген ой келмейді де. Суықты, ыстықты да сезбеуі мүмкін. Бұл жерде көмектесетін жалғыз нәрсе – терапия. Баланың осындай жағымсыз әрекеттерін түсіну және түзетуге тырысу керек. Бірақ, ол уақытты, ерік-жігер мен көп қаражатты қажет етеді. Өкінішке қарай, әр ата-ана бұл мәселені өз бетінше, шама-шарқынша шешіп жүр.

Десе де, мемлекет Балалар жылында бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Арнайы педагогикалық-психологиялық көмек беру 40%-ға артады. Психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинеттердің, оңалту орталықтарының көптеп ашылуы да мәселенің шешімін табуына сеп болар. Ал, қоғамды бұл мәселені жиі айтып, көрсету арқылы ақпараттандыру қажет. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, Қазақстанда аутизмге шалдыққан 8 796 бала бар екен. Бірақ, ресми емес деректер бойынша олардың саны 30 мыңнан асып жығылады. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы ұсынған дерек бойынша өңірде 200 бала аутизммен өмір сүріп жатыр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button