Бас тақырып

Несие несібе болмайды

Сауатсыздық деген хат танумен шектелмек емес. Әр істе сауат қажет. Қаржы-қаражат та сондай құнтты қажет етеді. Несиені несібе көрген қарабайырлау көзқарас өзгермейінше елдің де хал-жағдайы жақсара қоймайтыны анық. Дәл бүгінде күліп барған қарыз жылап та кері қайта алмай жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда 8,5 млн. тұрғынның мойнында несиесі барын жария етті. Қазақстан халқының 84 пайызы несие төлейді. Ал, 1,5 млн. астам азаматтың несиесін уақытылы төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан да, осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды тапсырған Жолдауында. Содан соң Мемлекет басшысының пәрменімен былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасы басталды. Ол – «АMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы. Биыл елдің барлық өңірін қамтитын жоба туралы бұдан бұрын да айтылды. Жоба арқылы азаматтар қаржылық сауаттылыққа оқытылады. Әйтпесе, бұл сауатсыздық несие қамытын кигендердің қатарын күн сайын көбейтіп жатыр.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Қарыз қамытын кимес үшін сауат қажет

«Қарызсыз қоғам» – несие берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтарды, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлерді оқытады. Қарағанды облысында ақпан айында бастау алған жоба арқылы 9 мың адам дәріс алады. Дәріс беруге білікті қаржыгерлер, экномистер тартылған. Қатысушыларға заңгерлік көмек те ұсынылады. Олар әрбір борышкердің несие тарихын жеке қарап, қарыздың жүктемесін жеңілдету үшін қандай әрекеттер жасау қажеттігі туралы кеңес береді. Ал, кәсіпкерлерге гранттық қаржыландыру, жеңілдетілген несие жөнінде бизнес-жоспар жасауға, қаржы-қаражатқа қол жеткізуге көмектеседі.
Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмырзаева БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында несиені көп алатын аймақтарды атады. Бұл «көшті» Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе бастап тұрса, бұл қатарды Қарағанды және Маңғыстау облысы толықтыра түседі екен.

– «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың жас шамасы 36-42 жас. Ғылым және жоғары білім министрінің мәлімдеуінше, студенттердің 80 пайызында несие бар. Осыдан соң олардың жұмысқа орналасуында қиындықтар туындайды. Олар енді ғана өмірін бастап жатыр, бәрі жақсы. Бірақ, жастар ендігі не істеу керектігін білмейтін, түсінбейтін дал күйде. Несиелер берешегі орташа алғанда 2 миллион теңге. Аса үлкен сома болып көрінбегенімен, кей адамдар мұны өтей алмайды, – дейді Ақмарал Бекмырзаева.

Халық тамақ алуға, емге, оқу төлеуге, мектепке дайындыққа мәжбүрлі түрде несие алатын кездері де бар екен. Ал, кейде тіпті, еш ойланбастан несие алуы жиі ұшырасатынын да сарапшылар жоққа шығармайды. Мақсатсыз алынған несиелер де көп деседі. Бір басында 26 несиесі бар тұрғындар да табылыпты. Сондықтан да, «Қарызсыз қоғам» дәрісі адамдардың ойлау жүйесін өзгертуді көздейді. Тұрғындарға ұзақ мерзімді мақсат қойып, қаражатының есебін жүргізіп, жоспарлай білу туралы кеңірек мағлұмат беруді міндет тұтқан.

Тұтынушылық несие алушылар көбейіп барады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандардың көбейгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, халықтың мойнында 18 трлн. теңге несие бар. Оның ішінде, тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд. теңге онлайн қарыз алған.

«Ұлттық банк дерегінше, 2021 жылдан бастап, кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33 пайызды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн. теңгеден асты», – дейді Мәдина Әбілқасымова. Бұдан былай агенттік төлем мерзімі кешіктірілген несиесі бар адамға жаңа қарыз бермеуді заң жүзінде бекітуді көздейді. Борышкерге бұған дейін алған несиесін толық жаппайынша жаңа несие рәсімделмейтін болады. Сондай-ақ, тұтынушылық несие көлемін де шектеу ұсынылады. Агенттік баяндауынша, тұтынушылық мақсатта 100 миллиондаған қарыз алатын тұрғындар бар екен.

Бір қарызды жабу үшін екінші қарыз

Мамандар «Тұрғындардың несиеге белшесінен бататынының бір себебі – осы» дейді. Яғни, бір берешекті екінші бір несиемен жабу. Бұдан бөлек, несие алуда әйелдер мен жасөспірім студенттердің үлесі көптігін деректер дәлелдеген.

Бұған дейін еліміздің әр түпкірінде өткен дәрістер әйелдердің туған-туыс, күйеуінің қарызын жабу үшін несие рәсімдегенін көрсеткен. Қайсыбір жағдайда, азықтүлікке, ем-домға да қажеттілік несиеге жүгіндіріпті.

Студенттер жаңа гаджет үшін. Несие алған жастардың 3 пайызы ғана өз бизнесін ашуға қарызданса, қалған 97 пайызыныкі – мақсатсыз. Оны жабу үшін микроқаржы ұйымдарынан тағы рәсімдеген. Онда пайызы өте жоғары. Осыдан соң былтыр агенттік және сарапшылар мұндай ұйымдардың соңғы кезде несие портфелін молайта түсіп, ахуалын жақсартқанын мәлімдеді.

Түйін

Тегін келгендей көрінетін несиені төлер кезде тамаққа тұрған сүйектей сілікпені шығаратынын халық біршама түсініп қалды. Десек те, қайта барып, бір кебісті бір кебіске кигізетін жайттар да баршылық. Қоғамның өзгергенін сана да қабылдауы шарт. Бұл арада мәселе – баспана алған ипотекада емес. Әңгіме – бос дақпырт, дарақылық, әрі мақтан үшін несиеге дүние-мүлік, бұйым алу хақында. Бұл «аурудан» осы жоба айықтыруы тиіс. Құлантаза жазылмаса да, жұрттың беті бері қарайтын шығар деген үміт бар. Көрпеге қарай көсілген жөн.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button