Руханият

Өнерде жоқ шекара


Сенбі күні «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен кәріс әндерінің фестивалі өтті. Кәрістер аталған фестивальді облыс деңгейінде өткізуді дәстүрге айналдырған. Сайысқа кәріс тілін үйренуге құлшыныс танытып жүрген қазақстандық жастар да белсенді қатысты.
Атап өткен жөн, байқаудың іріктеу кезеңі облыстың қала және аудандарында өтті. Іріктеуде Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларының қатысушылары белсенділік танытты. Ал, Теміртау қаласының өнерпаздары II кезеңде қойылатын талаптарды I кезеңде сәтті орындап, қазылар алқасының көзіне түсті.
Фестиваль аясында вокалды ансамбльдер мен жеке орындаушылар екі кезеңнен тұратын ән байқауында үш арнаулы топқа бөлініп, сайысқа түсті. Фестивальде вокалдық ансамбльдер, жеке орындаушылардан өзге, түрлі музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын шеберлер де болды.
Мысалы, «Киппым» бишілер тобының «Мерекелік» және «Питульги» биі көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, олардың барабанмен көрсеткен өнерлері де көңілден шықты. «Оттоке» әнін көрермендер қосылып шырқады. Орындаушылардың өнерін музыка, актерлік шеберлік және кәріс тілінің мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, кез келген әнді кәріс тіліне келтіріп айту – аса күрделі. Оған қоса, кәріс тілін меңгеру көп дайындықты талап етеді. Кәрісше ән орындауға қызығушылық танытқан кез келген өнерпаз әннің сөзін және сазын түсініп орындамаса, мазмұны түсініксіз болып қалады. Сондықтан, сөздің дұрыс айтылуын қадағалап, жаттап алу міндетті.
Сөйтіп, облыстық кәрістер этномәдени бірлестігінің «Мугунхва» халық ансамблі қатысқан кеш көңілді өтті. Дарынды бүлдіршіндер марапатталып, жеңімпаздар анықталды. Сондай-ақ, қала тұрғындары кәріс халқының ұлттық өнерінен тамашалап, әндерін тыңдады.

 

Аяулым Совет.

Басқа материалдар

Back to top button