Өнер тарланының өлмес мұрасы
Алматыдағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында әнші, халық әндерін орындаушы, композитор, көптеген әндердің авторы, Қарқаралы ауданындағы Аққора ауылының тумасы Рымтай Бөдесовтің 60 жылдығына орай марқұмды еске алу үшін қатарлас әншілер және шәкірттері қатысқан концерт өтті. Өнер тарланы көзінің тірісінде Қасымның, Мәдидің әндерін, Жәнібек Кәрменовтің мұрасын кеңінен насихаттап, елдің ыстық ықыласына бөленген.
Қоғам қайраткері, тарихшы, композитор Хасен Қожахмет, өнертанушы, әрі Рымтай Бөдесовпен жақын дос болған Жұмабек Табын естеліктерімен бөлісіп, жас әншілерге табыс тіледі.
Рымтайдың бұрын көп орындаған әндерін Рамазан Стамғазиев, Жоламан Құжыманов, Ардақ Исатай, Еркін Шүкіман сияқты әншілер тамылжыта орындады. Сахна көрігін қыздырып, тыңдарманға таңдай қақтырды.
Сондай-ақ, кеш барысында Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының директоры Ұлжан Байбосынова сөз алды. Ол халық әншілері мен күйшілерінің шығармаларын зерттеушінің еңбектері туралы ой бөлісті. Ал, Рымтайдың зайыбы Бағдат Мүптекеқызы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, рахметін айтты. Дәл осы күні марқұмның шаңырағында арнайы дастарқан жайылып, құран бағышталды.
Рымтай Бөдесовтің орындауында Қазақ радиосының Алтын қорына жазылған отыз әнімен қоса, нотаға түспеген әндері де еске алу кешінің мазмұнын аша түсті. Өнер тарланының соңында өлмес мұрасы қалғанына осы тағылымды іс-шара дәлел.
Домалақ екі қара, екі бала,
Аулымыз біздің өскен Сарыарқада.
Тауынан Аққораның әсер алып,
Алатауға өрледік екі дара!
Арамызда, талай сыр қалып еді,
Кім қанша сағынады, езіледі,
Шаруам жоқ, басқасына
бас қатырып,
Домалақтың сыңары әлі іздейді!
Нәби БАЙТЕК.
АЛМАТЫ қаласы.
Орталық Қазақстан газетінің ұжымына, халық көңілінен шығар, тартымды да талғамды, құнды жария басылымдары үшін, алғысым шексіз, қаламдарыңыздан қара қылды қақ жарған, шығармаларыңызға табыс тілеймін! сәулетші Н.Байтек.