Бас тақырыпЖаңалықтар

Непал мен Қытай шекарасындағы апаттан кейін қазақстандық екі азаматша іздестірілуде

Непал мен Қытай шекарасында болған табиғи апаттан кейін Қазақстанның екі азаматшасы іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Сурет russian.rt.com

Алдын ала ақпарат бойынша, екі әйел де су тасқыны болған аумақта болуы мүмкін. Олардың бірі Непалдан Қытайға бара жатқан туристік топ құрамында өткен.

Қазір Қазақстан СІМ жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік жоғалған азаматшалардың туыстарымен де байланыста.

Табиғи апат 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында болған. Қатты су ағыны лай мен түрлі қалдықтарды алып, өзен аңғарларындағы елді мекендерге жайылған. Соның салдарынан үйлер, жолдар мен көпірлер қирап, жүздеген адам қаза тапқан. Тағы жүздеген тұрғын хабар-ошарсыз кеткен.

Бұған дейін Қазақстан СІМ Непалдағы су тасқыны кезінде бір қазақстандықтың жоғалғанын хабарлаған болатын. Кейін іздеудегі азаматтардың саны екі адамға жетті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинге Сицзан автономиялық ауданындағы табиғи апаттың салдарына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button