АймақҚарағанды

Өндіріс басындағы өзекті әңгіме

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев әр саладағы еңбек ұжымдарымен түрлі кездесу өткізуде. Басқосулар зауыт және кәсіпорындардың қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында жұмыс орындарында ұйымдастырылады. Осындай ерекше кездесу Maker компаниясының машина жасау зауытында өтті. Кездесуге негізгі басқармалар мен ведомство басшылары да қатысты.

– Сіздермен кез келген тақырыптағы мәселені талқылауға дайынбыз. Кәсіпорын қызметкерлері, әдетте, менің тұрақты кездесулеріме келе алмайды. Сондықтан, әріптестеріммен бірге осылай кездесу өткізу туралы шешім қабылдадым. Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл қарапайым жұмыскерлердің, мамандардың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Онсыз мықты өнеркәсіп пен тұрақты экономиканы елестету қиын. Біздің міндетіміз – лайықты еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғау және әр қызметкердің кәсіби өсуі үшін мүмкіндіктермен қамтамасыз ету, – деді Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымына.

Облыс әкімі жиында облыстағы еңбекке қабілетті халықтың жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарымен айналысатынын да атап өтті.

Сонымен қатар, аймақ басшысы колледждерді кластерлеу және оның жұмысшы кадрларды даярлауға қалай әсер ететіні туралы да айтып берді. Әр салада тірек колледждері бар. Аймағымызда осындай 8 колледж жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың материалдық-техникалық базасын жақсартып, шеберханалар мен зертханалар үшін заманауи жабдықтар сатып алынбақ.

Басқарма, департамент басшылары өз бағыты бойынша кәсіптік және техникалық білім беруді трансформациялауға, жұмысшы кәсіптерін қолдау мен дамытуға, еңбек қауіпсіздігін жақсартуға және басқа да мәселеге бағытталған шаралар туралы баяндады.

Сондай-ақ, зауыт жұмысшыларына «Отбасы банкі» мен облыс әкімдігінің бірлескен жеңілдікті ипотекалық бағдарламасы таныстырылды. Қазір бұл бағдарлама шахтерлер мен металлургтер үшін қолжетімді. Оған машина жасаушы мамандарды да қосылуға шақырды. «Отбасы банкі» мен әкімдік кез келген ірі компаниялардың ұсынысын қарауға дайын.

Жұмысшылар Үлкен Михайловка аумағын дамыту мәселесіне қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, қаладағы кәріздің жағдайына да алаңдаушылық білдірді.

Облыс әкімі қазіргі міндет қаланы орталықтандырылған сумен 100% қамтамасыз ету, содан кейін коллекторларды жөндеуді қолға алу маңызды екенін атап өтті. Бұл жұмыстарды бастау биылғы жыл еншісінде.

Бұдан бөлек, кездесуде апатты деп танылғаннан кейін бұзылған №44 мектеп туралы сұрақ қойылды. Олардың орнына жаңасы салынатынын атап өткен жөн. Қазір жобалық-сметалық құжаты жасалуда.
Ал, зауыт қызметкерлері осындай ерекше кездесу үшін алғыс айтып, өз жетістіктерімен бөлісуді де естен шығармады.

«Maker» ЖШС директоры Жәнібек Байғабеловтің айтуынша, кәсіпорын өндіріс көлемін арттыр­ған. Зауытта 822 адам еңбек етеді, жағдайлары – жақсы. Қызметкерлер өз жұмысын сапалы атқарып жүр, кадрлар ағымы аз.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button