Теміртау

Нақты жоспармен – нәтижелі іске

   Жуырда облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Теміртау қаласында болды. Қала әкімі Ғалым ӘШІМОВТІҢ өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты.

Қазіргі күні шаһардың 178661 тұрғыны бар. Қазақстанның ірі индустриялық орталығындағы 2751 кәсіпорын ел экономикасына қомақты үлес қосып келеді.

Өткен жылы, 2015 жылмен салыстырғанда, теміртаулық кәсіпорындардың өнеркәсіптік өнімі көлемі 43,7%-ға артып, 586,5 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде, өндірілген өнімнің 84,2%-ы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына тиесілі, – деді шаһар басшысы.

Шағын және орта бизнес те тұрақты даму үстінде. 28 мың адамды жұмыспен қамтып отырған салада он жарым мыңдай субъект жұмыс істеп тұр. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өзі 59,2 млрд. теңгеге өнім өндіріп, қызмет көрсеткен. Нәтижесінде, бюджетке 3,4 млрд. теңге көлемінде төлем түскен.

Қалада индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру да жүйелі жолға қойылған. Мысалы, былтыр «Шайыр Тау» ЖШС-де құны 194 млрд. теңгені құрайтын кокс-химиялық өндіріс қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт іске қосылды. Биыл да қуатты өндіріс ошақтарын іске қосу жоспарда бар. Бастысы, Теміртауда «екі қолға – бір күрек» табылады. «Жұмыс жоқ» деп, қол қусырып отыруға негіз жоқ. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өткен жылдың өзінде 1550 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 95%-ына міндетті зейнетақы төлемдер жүргізіледі.

Осы жылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама іске қосылады.

Білім беру саласында да оң өзгерістер байқалады. Мектепке дейінгі білім беру ісін өркендету, бүлдіршіндерді балабақшаларға орналастыру мәселесін шешу үшін де жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, биыл ұл-қыздарды мектепке дейінгі білім берумен қамту үшін қосымша 100 орын ашылады. Осы мақсатта бюджеттен 46 млн. теңге бөлінген. Сегіз балабақшаға жөндеу жүргізіліп, 21 мектепке дейінгі білім беру мекемесіне бейнебақылау орнатылады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да жіті назарда. Мәселен, жол жөндеудің өзіне, өткен жылмен салыстырғанда, 6 есе артық қаражат бөлініп отыр. Облыс басшылығы да теміртаулық тұрғындардың тілегін ескере отырып, Теміртаудағы автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. 564 млн. теңге бөлді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «ЖЭО-2» жұмысын жандандыру да жиыннан тыс қалмады.

Кездесу барысында Теміртау тұрғындары қала басшысына қордаланған мәселелер бойынша да сұрақтарын жолдады. Ғалым Әшімов әр мәселе жіті зерделенетінін айтты.

Жиынды облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы қорытындылады. Қаланың алдағы дамуы үшін, жылумен қамту мәселесін шешу үшін атқарылар істердің нәтижелі боларына сенім білдірді.

Өз тілшімізден.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button