Ән жинағының тұсауы кесілді
Қарқаралыдағы Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» атты ән кеші өтті.
Салтанатты шараға өнер мен мәдениет қайраткерлері, әр жылдарда Қарқаралыға ән-жырын арнаған ақындар мен сазгерлер, күміс көмей әншілер арнайы келіп қатысты. Әнсүйер қауымға, алыс-жақыннан келген қонақтарға аудан әкімі Әділжан Арғынов құттықтау сөзін арнап, игі лебізін білдірді.
Әйдік елдің аспанын ән кернеген осы күні Мәди Бәпиұлының әйгілі әнінің атауы берілген «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» ән жинағының тұсаукесер рәсімі де жасалды. Қарқаралының биылғы тойына тамаша тарту болған жинақтың тұсаукесер жоралғысын жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, аудан басшысы Әділжан Арғынов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қарлығаш Құспанова, жергілікті композитор Қанат Мерсалимов жасап, алпыстан астам әндер жазылған топтаманың сүйінші легіне ақ жол тіледі.
Сахнада қалың елге етене таныс әсем әндер шырқалып, туған жерді тербеген әдемі әуендер қалықтады. Жақсыгелді Кемалов, Дәуренбек Әркенов, Сержан Мұсайын, Нұрлытаң Саятқызы, Сәрсен Әбішев, Азамат Амантайұлы сынды әншілердің, «Салтанат» ән-би ансамблінің, «Қарқаралы әуендері» ансамблінің, өнер мектебі шәкірттерінің, сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар мен «Аңыз» хореографиялық би тобының өнеріне тәнті болып, қошемет көрсетті.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz