Мысты Балқаш, нұрлы Балқаш — киелім!

    Көкше теңіз жағасына орналасқан сәулетті, дәулетті ару Балқаш… Мыс бұлағын ағызып, дүние жүзіне атақ-даңқы жайылған нұрлы Балқаш. Мәңгілік достықтың ордасы болған, жасампаз халықтың қимас мекеніне айналған киелі Балқаш. Солай… Балқаш қаласының ірге тасының қаланғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай үстіміздегі жылдың 11 сәуір күні халық артисі М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында «Әкелер даңқы жолымен» атты қалалық форумы өткізілді, төрт буын өкілдері бас қосты. Жас өрендер әкелер даңқының қасиетті эстафетасын қабылдап алды.

…Сәл шегініс жасайық. Қала шежіресінде былай делінеді. «1937 жылғы 11 апрелде Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің шешімімен Прибалхашстрой поселкесі Балқаш қаласы болып аталды». Қойнауы кенге толған өңірдің шежіресі 1928 жылдан басталады. Бәрі де жұртшылықтың есінде. Ленинградтық инженер-геолог М.Русаков жетекшілік ететін экспедиция 1928 жылы көлдің солтүстік жағына келіп шатырын тіккен еді. Иә, мыс көзінің мол қоры бар екені сол кезде анықталып еді-ау. Аса бай кен қоры… Іле М.Русаков Ленинград қаласындағы геологиялық комитетке телеграмма жолдайды. «…Балқаш көлінің маңынан аса қуатты Қоңырат мыс-порфир кен орыны ашылды». Ал, көп кешікпей 1932 жылы комбинаттың алып құрылысы үшін 100 млн. сом бөлінеді. Әуелі Қоңырат кен орнын игеру жеделдете қолға алынып, 1931 жылы «Прибалхашстрой» құрылыс басқармасы құрылады.

Форумға қатысушылар Балқаш кен металлургия комбинатының тұрмыстық әлеуметтік саласының өсу, өркендеу жолына көз жүгіртіп, тарих шежіресін көз алдарынан өткізді. Ертедегі кинокадр шежірені тап басады. Тасқа басылған құжаттар, баспасөз материалдары сонау артта қалған ауыр жылдардың сансыз өткелдерін санаңда сарғайтады.

Тағы да шежіреге көз жүгіртейік. 1938 жылдың наурыз айында Балқаштың тұңғыш концентраты алынды. Сөйтіп, шілде айында шарпу пеші іске қосылады. Осы жылдың 24 қарашасында Балқаштың алғашқы мысы алынып, тарих қойнауына енеді. Бұдан былай 24 қараша даңқы алысқа кеткен Балқаш кен металлургия комбинатының туған күні ретінде тарих тақтасына жазылды. Ал, тұңғыш Балқаштың мыс құймасы Мәскеудегі мұражайда сақтаулы. Ұлы Отан соғысында Балқаштық металлургтердің ерен еңбегі ерлікке толы еді. Қорғаныс ісіне қажетті металдарды бере бастады. Мыс, молибден, вольфрам, күкіртті натрий, шойын, болат, түсті прокат – мұның бәрін игеру жеңісті жақындатты. Өндірістік тапсырмалар жанқиярлықпен орындалды. Балқаш комбинатының ұжымы сол кезде мемлекеттік қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туын 22 рет жеңіп алған. Көп ұзамай 1945 жылы Ту ұжымға мәңгілікке қалдырылды.

Соғыстан кейінгі жылдары конвертордың қалдық газынан күкірт қышқылы алына басталды. Оттегімен байыта үрлеу әдісі қолданылды. Жентектелген сулфидті мыс концентратын өңдеу кешені іске қосылды. Бәрі де есте, қуанышты сәт көңіл көкжиегін кеңейтеді, мерейіңді асқақтатады. Иә, 1967 жылы күзде Балқаштың катодты мысы Лондондағы металдар биржасында көрмеге қойылды. Әлемдік үлгі ретінде тізімге ілінді.

Уақыт өтіп жатты. Қоңырат, Саяқ кеніштері шикізат беруде өндірістік көрсеткішті еселей түсті. 1985 жылы мысты сұйық ваннада балқыту тәжірибесі енгізіліп, жүзеге асырылды, өндіріс тиімділігі артты. Түсті прокат ел игілігіне айналды.

Қаланың ірге тасы қаланып, құрылыс қанатының кеңге жайылуына «Прибалхашстрой тресі» ұжымы айтарлықтай еңбек сіңірді. Тұрғын үй құрылысы жедел жүргізілді. Ірі жобадағы әлеуметтік құрылыстық жобалар қаншама. Қалада Қарағанды политехникалық институты филиалы өз түлектерін ұшырды. Кен металлургия техникумы, педагогика және медицина училищелері жыл сайын білікті мамандарды даярлап, қанатын қатайтты. Ел өміріне араластырды. Тағы да қуанышты сәт, бүкіл қала халқының қуанышы, 1987 жылы халықтар Достығы орденімен марапатталды. Халықтың қажырлы еңбегі осындай мәртебеге жеткізіп жатты. Шежіре былай дейді: Комбинаттың алғашқы директоры И.Перцев Ленин орденімен наградталған. Мыс қорыту зауытының бас инженері С. Иванов, комбинаттың бас инженері Шевченко, цех меңгерушісі А.Ахметов, Байыту фабрикасының бригадирі Ш.Байтеміров, тағы басқалар алғашқы мыс концентратын берген жылдары мемлекеттік наградаларға ие болған еді. Содан бері қаншама еңбекшіл жандар мемлекеттік мәртебелі марапаттарға ие болып, оны жас буын лайықты түрде жалғастыра білді.

Балқаштықтардың арасынан 5 Кеңес Одағының батыры, 11 Социалистік Еңбек Ері, 24 мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары шықты. Бүгінде социалистік Еңбек Ері 91 жасқа келіп отырған Жылқыбай Бейісовтің ізбасарлары алдыңғы толқын ағалар жолын лайықты жалғастырып келеді.

Дәулетіне сәулеті сай Балқаш қаласының еңбекшіл тұрғындары өндірісте, әлеуметтік тұрмыстық салада өз қолтаңбаларын қалдырып, Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатын бір ауыздан қолдап, жүзеге асырып келеді. Қалада шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Туризм саласын дамыту қолға алынды. Қоғамдық өмірге белсене араласатын, өз мамандықтарын кәсіби тұрғыда меңгерген аяулы Балқаш тұрғындары бейбіт өмірдің жаршысы, экономиканы ілгері дамытушы қозғаушы күші. Балқаштықтар «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысады, болашақтың энергиясын әлемдік деңгейде бірге тамашалауға шақырады.

Форум барысында, Балқаш топырағында туып, тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы олимпиада чемпионы атанған, Баркер кубогының иегері, қаланың құрметті азаматы Василий Жиров мұхиттың арғы жағы – Америкадан бейнебаян арқылы жерлестеріне ыстық сәлемін жолдады. Сахна төріне қаланың құрметті азаматтары, орта буын, жас буын өкілдері шығып, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетті. Екі ғасыр тоғысынан көрініс беретін сахналық қойылым өте тартымды өтті. Жүрек тебірентетін қимас сәттер көп болды. Үлкендер өткен еңбек, өмір соқпағын еске алып, терең күрсінді. Ал, жастар жағы асқақ арманмен алға ұмтылады. Тәуелсіз елдің көк байрағы асқақтай береді.

Басқосу соңында Балқаш қаласының әкімі А.Аглиулин қала халқын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Жергілікті сазгерлер, өнерлі жастар сүйікті қаласына ән-жырдан шашу шашты, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мәртебең асқақтай берсін, мысты Балқаш, нұрлы Балқаш – киелім!

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

БАЛҚАШ қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.