Мыс балқымасы молайды

Екінші рудотермиялық пеш жаңғыртылып, қайта қатарға қосылғаннан кейін Жезқазған мыс қорыту зауытының жобалық қуаты екі есеге дейін артты. Жезқазғандық металлургтердің жылына 220 мың тоннаға дейін шақпақ мыс шығаруына мүмкіндік туды.

Жұмыс сапасын жақсарту мақса­ тында темір-бетон астау (ванна) по­лимер-бетон түрімен айырбасталды, анод негізін үздіксіз құю мен еңбек өнімділігін арттыру үшін су өткізбейтін құрылғы және салқындатқыш астау ор­натылды, металлургиялық агрегаттар­ды қалыпты температурада ұстау үшін жаңадан тұзды суды құрғататын орын салынды. Өндірістік газды тиімді пайдаланудың да жолы қарастырылды.

Ең бастысы, екінші пеш жаңадан жүздеген адамды жұмыспен қамтама­ сыз етті. Балқыту цехындағы Рашид Доспанов басқаратын ауысымда еңбек ететін Әділжан Есмұханов, Әбілхайыр Шахман, Владислав Матвиенко – қа­тарға кейіннен қосылған жас метал­ лургтер. «Бізді мәрт мамандыққа бау­ лыған, жөн-жоба сілтеген өндірістік тәлімгерімізді жерге қаратпаймыз» дей­ді олар бірауыздан. Жастарға жанашыр болып жүрген байырғы балқытушының бірі – Ербұлан Әбдіғалиев. «Жастардың ынта-жігері – ерен» дейді ол риза көңіл­ мен.

Электр пеші, конвертер және анод телімінен тұратын балқыту цехын қу­атты кәсіпорындағы металлургиялық кешеннің өзегі десек, артық айтқандық емес. Ол шихта дайындау цехынан жеткізілген шикізатты өңдеп, жалы­ны бет қаратпайтын балқымадан анод негізін алып, оны саф алтындай сары мыс айыру үшін электролиздеу цехы­на жөнелтеді. Ұжымда электр пеші телімінің өндірістік шебері Ы.Дүй­сенбаев, шихта тиеуші Т.Спан, электр жабдығын жөндеу шебері В.Карпич, конвертерші М.Омаров, балқытушы А.Қалмекеев, мыс құюшы Б.Елеме­сов сияқты ондаған өз мамандығының майталмандары еңбек етеді.

Мыс қорыту зауытында бірне­ ше металлург әулеті бар. Соның бірі – ағайынды Қалмекеевтер. Әулеттің үлкені Тоқсанбай мен Мыңбай еңбек жолын қарашаңырақ Қарсақбайда бастаған. Балқытушы Ақылбекті жоға­рыда айттық. Ал, Ғалым – ауысым ше­бері, Асылбек – конвертерші, Назымбек – мыс құюшы. Ағайынды Қалмекеев­ тердің жалпы еңбек өтілі екі ғасырдан асып жығылады.

Кәсіби мерекесін лайықты тар­ту-таралғымен қарсы алған балқыту цехының ұжымы мыс электролиздеу цехын жоғары сапалы анод негізімен ырғақты қамтамасыз етуде.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СУРЕТТЕ: ісіне мығым металлург­ тер.

Суретті түсірген Полина КУЗНЕЦОВА.