Руханият

Милан мен Париж қарағандылық сәнгерді шақырды

Бүгінгі таңда қазақи нақыштағы шапандар, камзолдар мен бешпенттер және әшекей бұйымдар сәнге айналуда. Этностиль өміріміздің бір бөлшегі болды десе артық емес. Қарағандылық Айжан Наукенова қазақы киімдер мен зергерлік бұйымдар жасауды бала кезден жанына серік еткен. Бүгінде ол – көпбалалы ана. Алайда, ол отбасылық өмір мен өнерін де қатар алып жүріп, әлемдік сән әлеміне аяқ басты. Айжан Наукенова Милан сән үйі мен Париж қаласындағы Fashion Week GX көрмесіне шақырылды.

Ісін ұлғайту үшін оған әкім грантының пайдасы зор болған. Мұны қолөнер шеберінің өзі де айтады.

– Мемлекетіміздің біз секілді кәсіппен айналысамын дегендерге қолдау білдіруі қуантады. Қарапайым адамдар арасында таланттылар көп. Олардың әрқайсысының өнері танылуы, бағалануы тиіс. Ал, сол өнер арқылы жұртымыздың салт-мәдениетін айшықтасақ, тіпті, жақсы емес пе?! – дейді Айжан Наукенова.

Өнерпаз жастайынан сәнге, матаға, ұлттық киімдерге көп қызығыпты. Ежелгі қазақи нақыштағы сәукеле, кимешек, тымақ сынды бас киімдерді жаңаша үлгіде ұсыну – оның әуелгі арманы. Күнделікті күйбең тірлік тыным таптырмаса да, арманына жетті. Перзенттерін бағып, жары мен туыс-туғандарының бабымен қатар қолөнерін де бірге алып жүрді. Үй жағдайында маңайындағы таныстарынан тапсырыс алып, олардың көңілінен шыға білді. Қазіргі таңда оның қолынан шыққан ұлттық өнімдер жоғары сұраныста. Кәсіпкерлікке де түрткі болған еңбегінің бағалануы еді.

Айжан «Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлер палатасында оқып, дәріс алды. Биыл айы оңынан туып, Қарағанды облысы әкімінің 1,5 миллион теңге грантын иеленді. Осылайша, жас дизайнер өз өнімдеріне екі авторлық құқықты тіркеп, халықаралық көрсетілімдер мен көрмелерге қатысу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Бүгінде Айжан Наукенованың қолынан шықққан киімдері мен бұйымдары тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де жоғары сұранысқа ие. Атап айтсақ, Германия, Оңтүстік Корея, Бразилия, Италия, Англия, Қырғызстан, Америка, Ресей, Ливан, Жапония, Англия, Түркия және Франциядан бірнеше тапсырыс келіп түскен.

Тапсырыстар түрлі танымал адамдардан келетін көрінеді. Олардың арасында эстрада жұлдыздары мен түрлі халықаралық байқауларға қатысушылар бар. Айжанның қиялы һәм оның қайталанбас туындылары өзгешелікті жаны сүйетіндерге ұнайды. Себебі, ол тіккен киімдер мен жасаған әшекейлер этностиль мен заманауи сәнмен ұштасқан. Қос ғасырды бір арнаға түйістірген сәнгердің қиялында шектеу жоқ. Әлемдік және қазақстандық дизайнерлердің пікірінше, мұндай киімдер мен әшекейлер әр адамда болуы қажет. Айжанның ендігі қалауы – бар білгенін үйретер шәкірт тәрбиелеу.

– Білгенімді үйретіп, өмірде өз жолын табатын бағыт көрсетер жастарды маңайыма жинағым келеді. Оларға еліміздің тарихын сақтау үшін мәдениеті мен салтын жаңғырту керектігін айтсам деймін. Өзімнің авторлық мектебімді ашқым келеді. Онда балаларды, көпбалалы аналарды және ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарын оқытар едім. Биыл мемлекет маған кәсібімді кеңейту үшін жабдық сатып алуға көмектесті. Отбасым да қолдайды. Ең бастысы – менің тұтынушыларымның тамаша пікірлері, – дейді дизайнер.

Расында, Айжан секілді сәнгерлер еліміздің мақтанышы. Қазақ халқының көне мәдениетін танытушы десек, артық айтпаған болар едік. Тек танытып қана қоймай, оны заманауи үлгіге салып, күнделікті тұтынуға дейін жетелегені – бұл ерен еңбек.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button