Мешін жылының мерейлері

    Бұтадан бұтаға секірген кәдімгі мешін түседі еске. Бұтадан басқа не атқа, не таққа мінбеген ол даяшыны елестетеді. Бір мезетте басқа ас мәзірін ойлап бас қатырған мешін қуырылған тарысын отырған бұтасына ұмытып кетсін. Оған тауық кеп қонады. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы дейтін емес, Тәңір өзі «біреудікін біреуге аударып берем» деген табиғи құбылыс. Жалпы мешін жылы жаман болмаған сияқты. Көрелік онда…

Жыл мерекесі

Елдігіміздің арқауы еге­мендігіміздің 25 жылдығы еліміздің түпкір-түпкірінде кең көлемде аталып өтілді биыл. Еншіміздегі еркіндік пен дербестікті еңбектеген баладан, еңкейген қарттың санасына дейін сіңіруге тырыстық. Атқарған іс, ұйымдастырған шаралар арқылы. Астанадағыларды айтпағанда, ауылдардан бастап аудан, аймағымызда түрлі-түрлі атаулы іс-шаралар ұйымдастырылды. Алла азаттығымыздан айырмасын!

Жыл мерейтойы

Ел көлемінде тойланған мерейлі мерекелерден бөлек аймақ жұртшылығы биыл Қарағанды облысының 80 жылдығын тойлады. Соның бірегейі – С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті. Онда Қарағанды облысы құрылғаннан бүгінге дейін қалыптасқан қатпарлы тарих сала-сала бойынша бейнекөрсетілімдер мен көріністер көрермендерге тұтас тарихи желі ретінде ұсынылды. Мәдени ошақтар – мұражай, кітапханалар мен жекелеген мекемелерде ұйымдастырылған көрме, мәдени, әдеби-сазды кештер мен жекелеген концерттер жыл бойы өз алдына бөлек өтіп жатты. Сөйтіп, сексеннің сеңгіріне шыққан Қарағанды облысы «Мәңгілік Елдің» мызғымас атырабы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жыл тартуы

Ақыраптың (қазан айы) 8-9 күндері Астанада Қарағанды облысы күндері өтіп, онда аймақ базарымен бірге Қарағанды өңірінің рухани қазынасы қатар көшіп барды. Осы жолы Алаш төрі – Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасына облыс әкімдігінің қолдауымен «Сарыарқа кітапханасы» әдеби жобасы бойынша жарық көрген Алаш арысы Әлихан Бөкейхан шығармаларының 9 томдығы және Бұқар жырау, Қазыбек биден бүгінге дейінгі Арқа ақын-жазушыларының таңдаулы шығармалары топтастырылған 100 томдық кітап тарту етілді.

Жыл марапаты

Қазақтан шыққан Тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы – Тоқтар ӘУБӘКІРОВ «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын алды. Бұл марапатқа бұрыннан лайық Қаһарманға аталған құрметті билік бұған дейін қиса қайда қалды?! Орайы осы жылы келіпті. Сондай-ақ, аталған марапат мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Оралбай Әбдікәрімов пен техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық академиясының академигі Николай Дриждге берілді. Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековке Елбасы «Парасат» орденін өз қолымен табыстағаны тағы бар.

Жыл жаңалығы

Осыған дейін 36 кездесу өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған қарағандылық боксшы Геннадий Головкин есімі биыл Гиннес рекордтар кітабына енді. Жойқын жұдырық иесінің аты оған «Ең көп нокаутпен жеңіске жеткен боксшы» ретінде тіркеліп отыр. Күні бүгінге дейін Гена 36 кездесудің 33-нде қарсыласын шөкесінен түсіріп, нокаут көрсеткіші 91,67 пайызды көрсетсе керек.

Жыл сыйлығы

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы биыл тұңғыш рет қарағандылық жерлесіміз Олжас Сүлейменовке бұйырып отыр. Шет ауданы, Ақсу ауылының тумасы Олжас Серікбайұлы бұған дейін «Болашақ» бағдарламасымен Шанхайдың «Тоңгжи» университетінде тоғыз жыл оқып келген. Сондай-ақ, ол былтыр БҰҰ-ның ұйымдастыруымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық жастар форумында «ЕХРО-2017» көрмесі қақында қазақ тілінде жоба қорғап, жеңімпаз атанған.

Жыл берекесі

Биыл аймақ диқандары соңғы 46 жылда еңсерілмеген биікті бағындырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 1 млн. тонна астық бастырылып, қамбаға құйылды. Бұл дегеніңіз – орташа көрсеткіштен 40 пайызға жоғары. Сонда астықтың әр гектарынан түсім 14 центнерден болған.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.