Медицина

Менингококк инфекциясы және оның алдын алу шаралары

Менингококк инфекциясы – бұл Neisseria meninqitidis (менингококк) бактериясынан туындаған, назофарингиттен (мұрын қуысы мен жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуы) ми қабығының қабынуына (менингит) және сепсиске (қанмен улану) дейінгі клиникалық көріністері бар, әртүрлі органдар мен жүйелерді зақымдайтын өте қауіпті ауру.

Сурет: автордан

Менингококк инфекциясы ауа тамшылары арқылы жұғады және оны тек науқас адаммен немесе тасымалдаушымен жеткілікті тығыз және ұзақ қарым-қатынаста болғанда ғана жұқтыруға болады. Инфекция тамақтану кезінде тұрмыстық заттар (соның ішінде жалпы шыныаяқтар мен қасықтар) арқылы да жұқтыру мүмкін.

Менингококк инфекциясы интоксикациядан, дене температурасының жоғарылауынан, қалтыраудан, бас ауруынан, құсудан, қызғылт дақтар түріндегі бөртпелерден басталады. Менингитпен ауыратын науқас ерекше танылатын түрде жатады: басын артқа шалқайтып, аяқтарын бүгіп алады. Көбінесе мойынын соза алмайды. Бұл белгілер бірнеше сағат ішінде өте тез пайда болуы мүмкін, сондықтан дереу медициналық көмекке жүгіну маңызды.

Аурудың алдын алу:

– Тамақ ішер алдында, дәретханаға, қоғамдық орындарға барғаннан кейін, жануарлармен ойнағаннан кейін қолыңызды сабынмен жуыңыз. Бұл ережені өзіңіз сақтаңыз және балаларға үйретіңіз.

– Жеке гигиена ережелерін сақтаңыз. Басқа адамдармен бір стақаннан ішпеңіз, түтіктерді, ас құралдарын, гигиеналық ерін далабын, тіс щеткасын ешкіммен бөліспеңіз.

– Иммунитетті сақтауға тырысыңыз. Ауру қаупін азайту үшін салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Жиі демалыңыз, жеткілікті ұйықтаңыз, үнемі жаттығулар жасаңыз, дұрыс тамақтаныңыз: көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар.

– Фарингит, тонзиллит, ларингит сияқты мұрын-жұтқыншақтың созылмалы ауруларынан арылыңыз-.

– Маусымдық аурушаңдық кезеңінде адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, таза ауада көбірек серуендеу ұсынылады.

– Түшкіргенде немесе жөтелгенде аузыңыз бен мұрныңызды жабыңыз.

– Ересектерде суық тиген жағдайда дәке (бір рет қолданылатын маскалар) қолдану керек.

Балалардағы менингитті емдеуді кеш бастау, медициналық көмекке уақтылы жүгінбеу өлімге әкелуі мүмкін! Мұны ата-аналар білуі және есте сақтауы маңызды!

Еркін БЕЙСЕМБАЕВ,
Шахтинск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button