Мемлекеттік қызмет – мемлекет айнасы
Қарағандыда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметі мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңеске қатысушылар «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында бес институционалдық реформаның өңірдегі орындалу барысын талқылады.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Қанаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов, мемлекеттік банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мірболат Жақыпов, облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, сондай-ақ, облыстың басқарма басшылары қатысқан жиында цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін арттыру мәселелері айтылды. Факторлық-балдық шкала мен бонустар негізіндегі мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі де назардан тыс қалған жоқ.
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Бүгінде мемлекеттік қызметке келушілер қатары сиреген. Мәселен, бос орынға конкурс жариялау кезінде бір орынға бір адамнан келуі қызметтің тартымдылығын төмендететіні анық.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Жандос Сәрсеновтің айтуынша, 231 мемлекет қызметшінің 166-сы өз еркімен жұмыстан шыққан. Оның себебін жалақының төмендігімен, конкурстың қатаңдығымен түсіндірді Жандос Шералыұлы.
– Ауылдық жерлерде маман онсыз да жетіспейді. Мәселен, ауылдағы бір мектепте бірге туғандар жұмыс істейді. Сондықтан, бұл жағдайда қатаң түрде қарамай, жағдаймен санасу керек. Тіпті, кейбір лауазымдарға үміткерлер де жоқ. Бұл – мемлекеттік қызмет беделінің төмендеуі. Осыған қарап, «адамдарды қызметтен үркітіп алған жоқпыз ба?» деген мәселе туындайды. Егер, жұмысқа орналасқысы келетін адам жоқ болса, конкурс жариялау қажет пе? Асыра сілтеп, жұмысқа адам таппай қалмайық, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Қанаев.
Жиында Қарағанды облысының мемлекет бойынша жергілікті атқару органдарының ішінде цифрландыру бойынша қызмет көрсетуде небәрі 13-орынды қанағат еткені де өзекті мәселелердің бірі болды. Кез-келген көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда көрінетін облыстың мұндай деңгейге жетуі – алаңдайтын ахуал. Әрине, кең жолақты интернетпен қамтуға облыстағы тұрғындардың орналасу тығыздығы, облыс көлемінің ауқымдылы мүмкіндік бермейді. Дегенмен, тығырықтан шығатын жолды қарастырып, білікті мамандарды тартуды тапсырды қоғамдық кеңес төрағасы.
Облыс немесе аудан орталығында бұл мәселе оңтайлы шешілгенімен, шалғайдағы ауылдарға интернеттің жете қоймағаны рас. Бұл өз кезегінде оқу сапасына әсер етеді. Кезінде Астана мен Алматы қалаларына ғана дес беріп, ҰБТ-дан үшінші орынды иеленіп жүрген Қарағанды облысының қазір тоғызыншы орынға құлдырауы – осының айғағы.
«Астанаға көшкен кезде билік органдарында электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесін жасау тапсырылғанда, осы салада жұмыс жасаған мамандардың 60 пайызы қарағандылықтар болған. Қарағандылықтардың қолымен жасалған, ұлттық масштабта жұмыс жасайтын мұндай жүйе ешқандай елде жоқ» деген мемлекеттік банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мірболат Жақыпов цифрландыру саласында жұмысты күшейтуді тапсырды.
Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»