Жаңалықтар

Кездескен деген осы… («Шыт көйлектің» шеруі)

Бір-бірін сырттай жақсы білсе де, өмірі жүздеспеген адамдар жеткілікті. Былай қарасаң, олардың кездесуі соншалықты міндетті де емес. Қайтеді кездесіп? Бәлкім, екеуі екі өңірде тұратын шығар… Тіпті бір қаланы мекендеген күннің өзінде жүзбе-жүз ұшырасудың сәті түспеген болар.   Әйтеуір кейбір жандар көңілі түзу екеніне қарамастан, бір-бірінің келбетін көпке дейін көре алмай, ұзақ жүреді. Солардың ішінде «Шіркін-ай, осы бір тілеулестер өзара жолықса ғой» деп іштей ниеттестік танытатын қадірлі кісілерің болады. Баяғыда біздің жастық дәуірімізде белгілі жазушы Танаш Дәуренбековтің «Біз әлі кездесеміз», «Кездес­кен деген осы» деген елге танымал екі романы бар еді. Ол кездегі оқырманның көбін алдымен кітаптың мазмұнынан гөрі осы шығармалардың елең еткізерлік атауы қатты қызықтыратын. Сол сияқты біз тілге тиек еткелі отырған бұл кездесуді де бірқатар жұрт асыға күткен-ді. Соның арасында өзіміз де бармыз. 

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Себебі де жоқ емес-ті. Осыдан екі жыл бұрын «Шыт көйлек» деген эссе жазғанбыз. Онда біздің жас шағымызда қазақтың арқалы ақыны Абзал Бөкеннің «Шыт көйлек» деген өлеңінің КазГУ-дің қалашығына кең тарағаны, жастар оның авторын анық білмесе де, жаппай жаттап, жарыса оқығаны жөнінде айтылатын. Сол өрендердің ішінен нарынқолдық жас жігіт Шерубайдың көркемдеп оқуы бөлек-ті. Иә, өлеңді миына мөр ғып басқан кезде жиырма беске жаңа толған студент, бүгінгі академик Шерубай Құрманбайұлын айтып отырмыз. Шымыр Шерубай «Шыт көйлекті» сол оқығаннан мол оқыды. О, енді оның оқуы ешкімге ұқсамайды. Шерубай образға кіріп, образ Шерубайға кіріп, бастап кеткен кезде қалай елти жөнелгеніңді байқамайсың. Қазаққа қара өлеңнің қыруар қазынасын қалдырып кеткен Қадыр ақынның:

Жазираның жалғыз сәні жаздағы,
Жиде гүлі қызғалдақтай маздады.
Бір бұтаға қонып алып жас бұлбұл,
Жырға айналып ағып кете жаздады, – деген жыр жолдары бар еді. Шерубай ширығып алып, өлеңнің өрісі мен өріміне қарай дауысын мың құбылтып, әр сөзін әрлеп, әр буынын зерлеп, жұртты әбден баурап алған шақта сезімге ерік берген сен де жаңағы әсершіл бала бұлбұлдың кейпін кешіп отырасың.

«Шыт көйлекті» шыт көйлек қылған жалғыз Шеру емес еді. Одан үйренгені бар, өз бетінше талап қылғаны бар, қазақ жұртының әр қиырында осы өлеңді жеріне жеткізе оқитын біршама көркемсөз шеберлері қалыптасты. Қыр мен Сырдың перзенттері Абзал ағамның әйгілі жырын нәшіне келтіре, тақылдай тәпсірлеп, өз өлкесінің үлкені мен кішісіне жаттатып жатты. Шынайы «шыткөйлекшілдік» дәстүрі жырқұмар қоғамды толық жайлап алды.

Жалпы, Шерубайдың «Шыт көйлек» шеруі ұзаққа созылды. Жиырма бесінде жаттаған жырды оқи-оқи ол алпысқа тая­ды. Бірақ осы уақытқа дейін әуелі авторын білмей жаттаған, кейін біліп алып, атын атап, түсін түстеп оқыған «Шыт көйлектің» бас иесімен әлі жүздеспеген-ді. Соған орай әлеуметтік желіде бүкіл ел болып талқылаған әлгі эссемізді былайша аяқтағанбыз: «Жә, бітті енді осымен атышулы «Шыт көйлек» хикаясы. Бұл әңгімені қайтіп қорытсақ екен енді а?! Өлең оқушы өлеңмен өзектесіп, қанша жылдан бері бірге келе жатса да, сол өлеңнің авторымен әлі күнге дейін арнайы кездесіп, шүйіркелесіп әңгімелесе қоймапты. Қарбалас қоғам. Тынымсыз тіршілік. Мазасыз мезгіл. Ұшқыр уақыт. Сан мың себеп… Әйтеуір сәті түспеген.

Сәті түсер, реті келер… Өлең авторы мен өлең оқушының алғаусыз жүздесуіне де куә болармыз. Үміт күтейік алдағы күннен…».

Сәті түсті соның жақында. Қарағандыдағы Кеншілер сарайында Абзал Бөкеннің жетпіс бес жасқа толуына орай «Күн астынан күміс жамбы жаудырған» деген шығармашылық кеш өтті. Кешке іргедегі Астанадан Шерубай Құрманбайұлы арнайы келді. Бұл күнгі кездесуді жырсүйер  жұртшылық аса тағатсыздана күтті. Шерубайдың сахнаға шығуы онсыз да әсерлі кештің керемет кульминациясына айналды.

Әрине, кеш басталғаннан бері «Шыт көйлек» еленбей қалған жоқ. Жас әртіс­тер ме, көркемөнерпаздар ма, әйтеуір өңкей бір талапты ұл-қыздар өлеңнің әр шумағын бөліп алып, кезек-кезек оқыды. Одан соң Абзал ағаның өзі де қырық жыл киген «Шыт көйлегін» емірене тағы бір иіскеп қойып, төгіп-төгіп тастады. Бәрібір Шерубайдың шеруі жетпей тұрды. Бір кезде жүргізуші оның өзін ортаға шақыр­ды. Көрерменнің ықыласында шек жоқ. Кең залды шапалақ үні кернеп кетті. Кеншілер сарайының түндігі желпілдеп тұрды. Айбарлы ағасы ізетті інісіне құшағын айқара ашты…

Шерубай жай келмепті. Алдымен мерейлі жасқа жеткен Абзал ағасының иығына әдемі шапан жапты. Сөйтіп, бүгінгі белгілі тілші-ғалым сонау студент кезінен академик болғанша қастерлеп сақтаған шыт көйлекті зерлі шапан етіп қайтарды. Басына қауғадай бөрікті қоса кигізді. Көрінгеннің көзін тартатын бұл көрініске разы болмаған жан жоқ. Бір кезде осы қаланың іргесіндегі шахтада жұмыс істеген Жұмекен ақынша айтсақ, «Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып, Қарағанды бір қараған секілді» болды айбынды Абзал мен ширақ Шерубайға… Жақсы дүниенің нобайы көзіне шалынса, жолбарысша атылуға дайын тұратын фотомерген Жангелді ініміз бұл сәтті де қалт жібермегенге ұқсайды.

Содан оқыды Шерубай «Шыт көйлекті». Күндей күркіреді. Жаңбырдай жауды. Селдей лықсыды. Теңіздей тербелді. Бабында екен әлі. Сол дауыс. Сол қимыл. Сол мәнер…Талай жыл өтсе де, «Шыт көйлек» өңін өзгертпепті. Түсі кетпепті. Тауары сетінемепті. Көнерсе де кірлемепті. Жуылса да жидімепті. Киілсе де кәделі. Жұқарса да жарасымды. Сол күйі. Әдемі. Әрлі. Әсерлі. Шерубайдың өзгеше оқу тәсілі жиылған жұртқа да, абыройлы авторға да осыны ұқтырды.

Жол құрғатпай тағы да жыр патшасы Жұмекенге жүгінсек:

Мұның бәрі сөзбен айтсаң – тыныштық,
көзбен көрсең?..
О түсінем, түсінем.
Қарағанды қайнап жатыр, бір ыстық,
бір керемет жүректердің күшімен…

Сөйтіп, олар осылай жүздесті. Бірақ бұл Шерубай енді қайтып «Шыт көйлекті» оқымайды деген сөз емес. Алпыстың асуына аяқ артқалы тұрған ол «Шыт көйлектің» одан әрі тынысын ашып, шырайландыра түседі әлі…

Әдемі әсермен әлдилейтін «Шыт көйлек» әпсанасы тәмамдалды. Табиғи талант иесі Танаш көкем тірі болса, мұндайда байыппен ғана тіл қатып, «Кездескен деген осы…» дер еді…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҰҒА академигі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button