Мәселе

Мектептегі оқу қаншалықты қауіпсіз?

Пандемия басталғанда дәрігерлер COVID-19 балаларға қауіпті емес, вирус оларда жеңіл әрі байқалмай өтеді деген еді. Алайда, кейінгі зерттеулер жағдайдың өзгергенін көрсетті. Статистикалық мәліметтер оны растады. Ресми деректер бойынша жыл басынан бері 50 мыңнан астам бала індет жұқтырған. Қайтыс болғандар да бар. Бір апта бұрын 6380 баланың коронавирустан ем алып жатқаны айтылған болатын. Осындай статистикамен дәстүрлі форматта білім алу қаншалықты тиімді болмақ? Ата-ананың алаңы да осы. Мектеп баласының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады ма?

Жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта өткізу туралы мәселе жаз шығысымен айтыла бастаған еді. «Онлайн оқумен білім деңгейін ақсатып алдық» дегендер де, «балам оқымаса, оқымасын, аман отырсын» дегендер де табылды. Тоқетерін Мемлекет басшысы қабылдады. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша барлық оқушылар мен студенттер офлайн оқуы тиіс. Дегенмен, бірқатар ата-аналар онлайн оқу мүмкіндігін соңына дейін күткен сияқты. Тіпті, әлеуметтік желіде бірінші тоқсанның онлайн өтетіндігі туралы да ақпараттар тарап жатты. Оның үстіне, Алматы қаласының бас санитариялық дәрігерінің қаулысындағыдай ата-ананың өтініш бойынша баланы онлайн оқыту мүмкіндігін біздің де ата-аналардың күткені рас. Сондықтан, оқу құралдары мен форманы алар-алмасын білмей екіұдай күйде болды. Шегінерге жер қалмағанда баласын жетектеп дүкен аралап, базар жағалап кетті. Бұл ретте баласын мектепке бергісі келетін ата-аналар мектепте, онлайн оқытқысы келетіндері үйде оқытатындай құқық берілсе, ешкім ұтылмас еді деген ой келеді. Дегенмен, құзырлы мекеменің бала денсаулығына жауапкершілік алғаннан кейін оны орындайды деп сенгеннен басқа амал қалған жоқ.

Енді сол қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің орындалуына күш салуды ойластырған жөн. Екі-үш күн бұрын қабылданған Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысында көрсетілген санитарлық талаптарды орындау – оқу жылын аман-сау аяқтаудың шарты. Ресми құжатта педагогтар мен техникалық қызметкерлердің толық вакцина алуы – негізгі талап. Әрине, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және соңғы үш айда ауырып, жазылған адамдарды қоспағанда барлығы осы айдың соңына дейін вакцина алуы тиіс. Бұл талап қара басын ойлап сатып алынған жалған құжатпен емес, шынайы қорғаныш арқылы орындалуы маңызды. Сонымен қатар, дене қызуын өлшеу, кабинеттерді зарарсыздандыру жүргізілуі, кварцтеу, дезинфекциялық құралдардың болуы және «Ashyq» қосымшасы арқылы кіргізу құжатта жазылған жайттар. Ал, бір бала ауырса, тұтас сынып 2 аптаға карантинге кетеді. Қазір бір сынып тек бір ғана кабинетте оқитын болды. Сонымен бірге, асханаға бару және қоңырау уақыттары да әр сынып үшін бөлек болмақ. Ел бойынша 3,5 миллион бала осындай тәртіппен оқымақ биыл.

№104 мектеп-гимназиясына орнатылған турникет барлық мектепте болса, санитарлық талаптың орындалуы жеңілдер ме еді?! Дегенмен, ондай бірегей құрылғы әзірге тек бір ғана оқу орнында.

Екінші жағынан мектеп тарапынан осы талаптар сақталғанымен, індетті білім орнында ғана емес, барлық жерде жұқтыру мүмкін екенін ескеру де керек. Ауырып қалған баласы үшін мектепті айыптарда қонақ шақырған не көпшілік орынға барған өздерін де ұмытпаса, әділетті болатын сияқты. Сайып келгенде, бала – өзіміздікі. Оған мемлекет те, басқа да жауапты бола алмайтынын көрдік. Сондықтан, талапты өзіміз сақтауымыз керек «Бір Аллаға сыйынып».

Р.S. 1-сыныпқа баратын баламның сыныбында 30 бала. Білім ордасы баламның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді дегенге сенгім-ақ келеді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button