Меккеге Құнанбаймен бірге барған
Ұлытау – ұлт бесігі, сонымен қатар, көне дәуірлер қойнауынан жеткен айрықша бітімдегі археологиялық нысандары және ертеректе һәм кейінгі ғасырларда бой көтерген сәулет ескерткіштерімен де ерекшеленеді. Бұлардың қатарында тарихи құндылығы салмақты кесене-мазарлар да бар екені мәлім. Соның бірі – өзі ғұмыр кешкен кезеңде ділмарлығымен төңірегіндегі елді аузына қаратқан шешен, болашақты болжай алатын көрегендігімен танылған тұлға Жәнібек қажы ЕГІЗЕКҰЛЫНЫҢ мазары.
Арғын тайпасының іргелі Төртуыл тармағынан тарайтын Айтқожаның Жауғаш руынан шыққан Жәнібек қажы Егізекұлы қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Терісаққан ауылдық округіне қарасты Бекназар мекенінде 1842 жылы дүниеге келеді. Жас кезінен құймақұлақ, аса зерделі болған ол есейе келе ұтымды сөз толғап, өткір айта білетін қарым-қабілетінің арқасында еліне сыйлы, халқына қадірлі тұлғалардың қатарынан көрінеді. Сол маңдағы қалың қауымға жөн көрсетіп, жол сілтейтін адамдармен рухани байланысы нығая түседі. «Жақсыны жақсы алыстан таниды» демекші, белсенді ұстанымы бар Жәнібек ауыл-аймақ көлемінен тысқары аумақтардағы абырой-атағы шыққан тұлғалармен де тығыз қарым-қатынас орнатады. Тиісінше, ел ішіндегі келелі жиындарда төрде отырып, төрелік айтатын деңгейге жетеді. Оған әрине, табиғатынан өжет болмысы, ақиқатты алдаспандай кесіп айтатын турашылдығы, әділдікті әспеттей білетін ұстанымы, ең бастысы – қынынан суырылған семсердей жарқ-жұрқ еткен ділмарлығы дәнекерлік еткені анық. Ауыздан ауызға аңыз боп жеткен әңгіме ауанына сүйенсек, жарықтық арабша өте сауатты кісі болған екен.
Жақсылармен жанаса жүруінің нақты бір айғағы – 1874 жылы атағы алысқа кеткен аға сұлтан Құнанбай қажы Өскенбайұлымен бірге Меккеге сапар шегуі. Мұсылмандық парызын өтеу мақсатында сапарға шыққан топтың құрамында Бекен қажы Боршақайұлы мен Мейрам қажы Жанайдарұлы болғаны тарихтан белгілі. Ескі күндерден жеткен есті әңгімелердің үзігі заманында ел билеген аузы дуалы Жәнібек бидің қыпшақ және найман руларының болыс-билерімен, жалпы атқамінер азаматтарымен сыйласып өткенін айғақтайды.
Қол қайырымы мол Жәнібек қажы тұрмысы нашар кедей-кепшікке мал үлестіріп, қамқорлық танытып отырған. Ағайындары мен ауылдастары оның сөзіне қалтқысыз құлақ түріп, қатты құрметтеген.
Ел арасында «Жәнібек қажы айтыпты» деген сөздер де көп тараған. Мейрам қажы Жанайдарұлының бел баласы Рақымбек еншібасын алып, Сауранбай елі жаққа қоныстанған кезінде мезгілсіз дүние салыпты. Ауыр қаза Мейрам қажының еңсесін езіп, ешкіммен тілдеспей теріс қарап жатып қалса керек. Өзі жатқан киіз үйге жан баласын жақындатпай қойыпты. Суық хабарды естіп жеткен Жәнібектің дауысын естігенде ғана басын көтеріпті. Сонда Жәкең інісін бауырына тартып тұрып:
«Қолыңнан ақ сұңқар ұшты,
Болаттың шеті ұшып түсті.
Бәрінен құдіреттің ісі күшті,
Босаңсыма, бекем бол!», – деп басу айтқан екен.
Рулық салтпен қуғанда ағалы-інілі болғандықтан, қалаберді, қай тұрғыдан алса да, деңгейлес адамдар ретінде өзара сыйлас ғұрыпты ұстанған Жәнібек қажы мен Мейрам қажының арасын бір жолы беймәлімдеу себептермен салқындық басады. Сондай шақта Мейрамның жылқылары Жәнібектің егістігіне түсіпті. Оны көрген аталас ағайындары «жылқыларды айдап, қуып жіберейік» дегенде Жәнібек: «Араз болсақ, өзіміздің жеке басымыз араз, әкелерім, мал-жаным мен дастарқаным араз емес. Бетін қайырмаңдар, жайыла берсін», – деп тоқтау салыпты.
Сөйте жүріп қос қажы басқа өңірге сапарлайтын болса, екеуі бір шанаға мініп шығып, алысқа ұзаған соң екіге бөлінеді екен. Жәкең жарықтық мұның мәнісін білгісі келген атқосшысына: «Ауыл екеуміздің арамыздағы келіспеушілікті білмеуі тиіс, ел іргесін сөкпеуіміз керек», – деген екен.
Бұрынғы Жезді аудандық «Жезді өңірі» газетінің 1997 жылғы 1 қаңтарындағы санында жарияланған мақаласында қажының шөбересі Дулат Өмірбекұлы бәтуалы сөз айта білген бабасының шешендік сөздерінен мынандай мысалдар келтіреді:
«Мейрам қажы Жанайдарұлы екеуі соңдарына ерген көп адаммен Қорғанбек, Дәуренбек деген ағайынды кісілердің ауылынан қайтып келе жатып, бір бұлақтың басына тыныстау үшін тоқтайды. Сол жерде кезіккен атақты Шоң бидің Түсібі Жәнібектен:
– Е, қажеке, барған еліңіз қандай екен? – деп сұрапты. Сонда Жәнібек қажы:
«Меймандос өзі момын ел екен,
Жері – құм, айдын-шалқар көл екен.
Бес мың үйді бір жас бала билеп отыр,
Иттей азып, бордай тозған –
Сені менен мен екен»,– деп жауап беріпті.
Жәнібек қажының қарындасы қайтыс болып, Арыстан есімді жиені жетім қалады. Әлгі жиені өте намысқой болса керек. Анау-мынауға илікпейтін баланың қиғаштау қалпын байқаған Жәнібек қажы:
«Сенің атың Арыстан,
Ой ойлайсың алыстан.
Ептеп-септеп күніңді көр,
Ештеңе өнбес намыстан», – деп жиеніне жұбата отырып, жөн-жоба сілтепті.
Елдің бірлігі мен татулығын мұрат тұтқан Жәнібек қажы Егізекұлы 1912 жылы ақпан айының бел ортасында Терісаққан төңірегіндегі Ақжол қонысында орналасқан өз үйінде дүниеден өткен. Өзінің өсиеті бойынша Әулиетастың іргесіне жерленеді.
Ол кісі өмірден өткенде күн райы қатты суытып, алапат боран соғып тұрған сыңайлы. Марқұмның қабірін қазу оңайға түспейді. Жерді жібіту үшін киіз үй тігіліп, оған он қабат туырлық жабылады. Қызуы күшті сары қиды маздата от жағылады.
Көктем шыға туысқан інісі Наймантайдың Жұмабегінің басшылығымен Атбасардан кесене тұрғызуға машықтанған шебер – Апбас есімді татар жігітін арнайы алдырып, еңселі әрі бүрмелі күмбезді мазар салдырыпты.
Кеңес үкіметі орнығып, шаруаларды алғашқы ұжымдастыру кезінде колхоз малдары жаппай әлдебір індетке шалдығыпты. Ауыл адамдарының айтуына қарағанда, ауырған малды Жәнібек қажы мазарының іргесіне түнетсе, жазылып кететін көрінеді. Бұл – бабамыздың ерекше киелі кісі болғанының тағы бір айғағы, әрине.
Салынғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен мазардың кірпіші топыраққа жылқының қылы мен майын қосып дайындалып, отқа күйдірілген. Қазіргі күнге дейін бастапқы қалпын бұзбай, соншалықты сақталып тұруына сол да себеп шығар, бәлкім. Дегенмен, табиғат құбылыстарының әсерінен мүжіліп, өзінің қалпын жоғалтуы бек мүмкін. Сол себепті, кейінгі ұрпаққа көшелі сөз қалдырған біртуар тұлғаның мазарына осы салаға жауапты құзіретті орындардың жанашыр пейілмен назар салуы қажет-ақ.
Қасиетті баба мазары «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына тиесілі жер аймағына жататын аумақта тұр. Шүкіршілік, ғасыр жасаған мазар «Тарихи-мәдени мұралар тізіміне» енгізілген. Ендігі тілек – Жәнібек қажы мәңгілік тыныс тапқан мазардың тарихи сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру бағытында мемлекеттің қолдауы негізінде жүргізіліп жатқан шаралар аясында жөндеу жұмыстарымен қамтылу жайы.
Бұл – дара бітімді ділмар тұлғаның Терісаққан-Шеңбер өңірінде тұратын аталас туыстары мен туған жерден сыртқары жүрген ұрпақтарының ғана емес, сонымен қатар, құнды тарихи ескерткіштердің мүлтіксіз сақталуына мүдделі жалпы жұртшылықты мазалайтын, тамыры ізгі ниеттен бастау алатын орнықты әрі оралымды ой.
Дәмелі ЖӘНІБЕК,
мемлекеттік қызмет және білім беру саласының ардагері.