МЕЙМІЛ

     Өмір болған соң оның әйтеуір бір жетімсіздігі білініп тұрады. Толық ешнәрсе жоқ. Ең құрығанда күкірт жетімсіздігін сезінесің. Толып жатқан сол жетімсіздіктің орнын толтыратын бірдеңесі болады.

     Тусырап жатқан жерге бір нөсер жетпей тұрады.

     Қаңсып жатқан шөлге бір тамшы жетпей тұрады.

     Сол кемдік андағайлап алдыңнан шыққанда кәдімгідей пұшайман боласың. Алдымен дәрменді өзіңнен іздейсің. Сонсоң айналаңнан.

     Сонымен табасың. Шам салып жүріп. Бәлкім, өзі табыла кетеді…

     Толық адамның өзі өзінен аспай жатады. Асатыны ернеуінен асып, төгіліп жататын меймілі.

     Ниқанбай Иманғалиұлы Омарханов мен үшін сондай жан.

     Шешіліп, төгіліп сөйлеп кеткенде абыз Қарқаралы тумасы екеніне кәміл сенесің.

     Айтқан сөзін жұтпайтынына қарап Арқа азаматы екендігін жазбай танисың.

     Қарың талса демеп жібереді, жол шетінде тұрсаң ала кетеді, жаяу қалсаң астындағы тулағын түсіп береді.

     Соның барлығы табиғатынан.

     Бір Жаратқан осы азаматқа бәрін бере салған. Сол барымен елімен бөлісіп жүреді.

     Жылқы жарықтықтың аңсарын айтқанда құлап түскем. Кәнігі атбегілер біле бермейтін сол бір тылсым сезімді «Аңсар» деген хикаятыма өзек еттім. Төрт түлікті сөз еткенде алдына түсірмейді. Қойшының қасиетті ақ таяғы осы Ниқанның қолында жүргендей сезінесің. Бүгінгі замандастарымыз бәкі ұстаудан қашқақтап жүрсе, «жарықтықтан пейіш иісі шығады» деп бас ұстап отырған Ниқанды көресің. Сондайда көз алдыңда өмір бойы бас тәрбиелеп келген абыз тұрар еді.

    Ол алдымен өзін тәрбиелейді. Өзінің тәрбиесімен өзгелерді тәрбиелейді. Солармен ойға да шапқылайды. Қырға да. Аң қағып, болмаса дуадақ шалып жүрген жоқ, әрине. Барған жерінен ең құрығанда арыс ала келеді. Онысы ертеңінде еларба болып ауыл ішінде кетіп бара жатады.

    Той деген қазақтың бөлінбеген еншісі ғой. Кейінгі жылдардың ішінде қаншасын өткіздік. Соның ішінде елдің есінде қалғаны Қарқаралыда өткен Қасымның тойы. Бұл шын мәніндегі руханият тойы болды. Қасымның рухын тірілту арқылы өзіміз де диланып алдық. Қасым әрбір қазақ баласының бойында жүрген рух қой.

    Сол тойды Ниқан ұйымдастырып еді-ау.

    Ал Қарқаралының 180, Мәди бабаның 125, Тоқтар ағасының 60 жылдығы сынды улкенді-кішілі тойлардың әрқайсысы өз алдында бір төбе емес пе?!

   Ниқан Ақтоғайға әкім болып келгенде әркім әртүрлі қабылдады. Біреулер ытырынды, біреулер бөріктерін аспанға атты. Алғашқылары Ақтоғайдан гөрі Қарқаралысына көбірек керегірек еді деді.

   Оларға қарсы айтатындай уәж жоқ еді. Аудан басында ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсататын кәсіпорындар ашты. Елге диірмен келді, дәруменді су шығарды, жүн басты, шұжық жасады… Ең бастысы, совет өкіметін қара өгіздей сүйреген МТМ қайтып келді.

   Біреулер «Ниқан бүлдіреді» деді. Олары рас болды. Ақтоғайға бара сала сойқанды салды. «Отыратын» басшылардың орнына жүгіріп жүріп басқаратын «балалар» келді. Екпінді еді олар.

   Ақтоғайдың иесіз жерлеріне ие тауып берді. Қашқақтағандарына қарамастан несие алуға көндірді. Сөйтіп, Ақтоғай топырағында төрт түлік мыңғырып берсін.

    Ниқан Ақтоғайға әкім болып бара жатқанда жоғарыдағылар «төрт жылдың ішінде Ақтоғайды Нұраның жағдайына келтіресің» деді. Оны өз құлағымызбен естідік. Келтірер де ме еді?!

   Ниқан Ақтоғайда көп тұрмады. Нұраға әкім болып ауысты. Тағы да ел қақ жарылған. Біреулері Ақтоғайға көбірек керегірек еді десті. Біреулері Нұраға.

   Нұрасы ел жатырқамайтын, жер жатырқамайтын Ниқанды Тоқырауынындай қарсы алды. Айналдырған бір жылдың ішінде Нұрамыз Қарқаралы, Ақтоғайдай қазақыланып шыға келді. Іс басына тағы да қарадомалақ қазақ баласын жинады. Ертеректе Нұра қара судың ғана емес, сүттің де тұма бұлағы еді. Ниқан соны қалпына келтірем деп жатыр. Елдің Саумалкөлі бұлардың Қаймақкөлі болып төгіліп жатыр.

   Ал менің аспанға атқан бөркім біреудің басында кеткен.

   Әлихан бабамның тойы келе жатыр еді ғой. Қасымнан кейінгі семе бастаған рухымызды Әлихан баба тойы әкелетіндей көрінген. Бір Жаратушы Ниқанды Ақтоғайға солайша жіберген болар деп ойлағам…

   Күпірлік жасаппыз. Пендешілігіміз де шығар.

   Әлихан тойы Ақтоғайдан аспай қалды.

   Алда Қаздауысты Қазыбек бабам тойы келе жатыр…

   Анығы Ниқан керек адам. Маған, сізге, оған. Бәлкім, маған көбірек. Бәлкім, сізге көбірек. Бәлкім, оған көбірек.

   Бәрімізге жетпей жүреді.

   Бірдеңе болып.

  Өйткені, ол – мейміл адам.

Төрехан МАЙБАС

   Суретте: Ниқанбай Омарханов Батыр Тоқтармен бірге.

 

One thought on “МЕЙМІЛ

  1. «Орталықтың» шығармашылық ұжымын, барша оқырманын келе жатқан 2017 Жаңа Жылмен шын пейілмен құттықтаймын. Аман болыңдар, жақсы болыңдар. Үй-іші от басыларың бақытты болсын. Сәлеммен, Зарқын Тайшыбай

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.