Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Мамырдың үш күні

Тәуелсіздікті алу бар да, оны өзгеге сезіндіру бар. Сұқ көзден, сұғанақ қолдан сақтау – одан да зор міндет-ті. Әсіресе, батыс Одақты ыдыратып, оны бөліп билеуге ұмтылған тұста – мемлекеттілікті жер жүзіне мойындату – жан алысып, жан беріскенмен пара-пар еді. Әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас, ынтымақтастық орнатуда Қазақстан Тоныкөктей күй кешкен. «Түнде ұйықтамады, Күндіз отырмады. Қара терін ағызды. Барыстай жұлқысты. Көк бөрідей алысты. Суға түсіп тоңды. Отқа түсіп күйді». Тәуелсіздік жылнамасын парақтаған соң осылай дейміз. Мұндағы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ еңбегін ешкім де, ештеңе де жоққа шығара алмайды. Бұл – жеке басқа табыну емес. Барды бар деп айту ғана бар болғаны...

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған соң дүние жүзінің елімізді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауы жөнінде дипломатиялық келісімдер іске асырыла бастады. Ол – жас мемлекеттің алдағы дамуы үшін аса бір салиқалы да сындарлы қадам-тұғын. Тұңғыш болып Түркия қабыл алғаны тарихтан аян. Десек те, қырық жылдан асқан қырғи қабақ соғыстың соңғы әрі жалқы жеңімпазы ретінде өзін сезінген АҚШ-тың мойындауы да маңызды еді сол сәтте. Ақ үйдің Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер 1991 жылдың 17 желтоқсанында Алматыға келеді. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға қол қойған 16 желтоқсанның ертесі. Осы күнмен тұспа-тұс келген Джеймстің осы келісін кездейсоқ деуге келмейтіні де ақиқат. Жер шарының жартысын жалғыз билеп отырған Америка Еуразияның кіндігіндегі жас мемлекетке пиғылы қандай екенін ол уақытта ешкім ашық айта алмайды. Әйтеуір, жас елдің тамырын басып көруге арналған келіс екені мәлім. Сонымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 17 желтоқсанында Джеймс Бейкермен кездеседі. Сол кездесуде Тәуелсіздік жариялау барысында, КСРО құрамында болған өзге де одақтас республикалар арасында туындаған қиындықтар, әрі келешек ынтымақтастық кеңінен сөз етіледі. Сонымен қатар, дәл осы кездесуде Америка Құрама Штаттарының Қазақстанды жаңа егеменді ел ретінде тануы жөнінде мәселе де қаралады. Мұны бұқаралық құралдары өкілдеріне берген баспасөз мәслихатында Джеймс Бейкер мәлімдеген. Осы кездесуден Ақ үйдің хатшысы бірқатар аманаттарды арқалап кеткен сыңайлы. Содан көп ұзамай, арада бірер күн өткенде АҚШ Қазақстанды егеменді ел ретінде тану туралы мәлімдеді. Бұл – желтоқсанның 25-і еді. Келесі күні, 26 желтоқсаннан дипломатиялық қарым-қатынастар орнатудың берік негізі қаланыпты. Біз өзге емес, АҚШ-қа неге жеке-дара тоқталдық? Себебі, осы АҚШ-та еліміз үшін үлкен және бір тарихи оқиға орын алған еді. Желтоқсанның соңғы жұлдызында АҚШ Қазақстанды мойындаған соң Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті ретінде алғаш рет 1992 жылы 18 мамырда Америкаға сапарлайды. 1992 жылдың 18-20 мамыр аралығындағы сапарда елдің ертеңі үшін маңызды шешімдер қабылданды Вашингтонда. Ол жөнінде әлем жазды. АҚШ-тың атақты газеттері жарыса жариялады. Негізі, бұл сапарға АҚШ Президенті Джордж Буштың шақыруы түрткі болған еді. Осы алғашқы ресми кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкермен, Қорғаныс министрі Р.Чейнимен, Қаржы министрі Н.Брейдимен, Ауыл шаруашылығы министрі Э.Мэндиганмен, ОББ (ЦРУ директоры Р.Гейтспен, «Шеврон» корпорациясы төрағасы К.Дерремен жүздеседі. Осы екі күнде көптеген меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, өзара түсіністік туралы меморандум, Капитал салымын өзара қорғаудың және ынталандырудың келісімшарты, Капитал салымын ынталандыру ту[1]ралы Қазақстан Республикасы және АҚШ Үкіметі арасында келісім, Сауда туралы келісім және тағы да біраз ынтымақтастыққа қол жетті. Соның ішінде, «Шеврон» компаниясының бірлескен «Тенизшевройл» кәсіпорны туралы құрылтайшылық келісім де бар. Мұның ең негізгісі – АҚШ Президенті Дж. Бушпен ядролық қаруды жойып, ядролық қару-жарақсыз мемлекетке айналдыру жөнінде келісімге келуі еді. Ол туралы АҚШ газеті «Нью-Йорк таймс» былай деп жазған-ды…

«Бүгін Президент Буш пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұрынғы Кеңес республикасын он жыл мұғдарында ядролық қару-жарақсыз мемлекетке айналдыру туралы жоспар жөнінде келісімге келді… …Бүгін аяқталған Вашингтонға екі күндік сапарында Назарба[1]ев мырза алысқа ұшатын SS-18 ядро зымыранының 104-ін жоюға уәде берді. Олардың әрқайсы 10 оқтұмсықпен жабдықталған, мұның бәрі дәл қазіргі уақытта Қазақстанда орналасқан. Ол, сондай-ақ, Қазақстан 1978 жылғы ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қоятынын, өз елінің Парламенті мақұлдағаннан кейін өз елін ядролық қаруды немесе оның компоненттерін әзірлемеуге және сатпауға міндеттейтінін мәлімдеді». «…Дүйсенбі және бүгін Буш мырзамен және Мемлекеттік хатшы Джеймс А.Бейкермен келіссөздер барысында Н.Назарбаев мырза Президент Буш пен Кеңес Одағының бұрынғы Президенті М.Горбачевпен 1991 жылғы шілдедегі жоғары деңгейдегі соңғы кездесуінде қол қойған стратегиялық ядролық қаруды қысқарту туралы шарттың қайта қаралған нұсқасына қол қоюға келісті…». «Нью-Йорк Таймс», 1992 жыл 20 мамыр. АҚШ сапарындағы келісімдердің сол қиын қыстау кезеңде ел экономикасына қандай ықпал еткенін жақсы білеміз. Мұндағы Тәуелсіздіктің тұғырын бекем қылу үшін «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» Елбасының ерен еңбегін жоққа шығару – қиянат. Жазбамызда Тәуелсіздіктің алғашқы жылының мамырындағы 3 күнін ғана сөз еттік. Ол кезде әр күннің келешек үшін мәні зор еді. Өйткені, енді ғана қаз-қаз тұрған Қазақстан әр күн, әр түн сайын әлемдік саяси сахнаға қарай тапұл-тапұл қадам басып бара жатқан-ды.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button