АймақТеміртау

Мамандыққа адалдық әспеттелді

Осымен үшінші жыл қатарынан Теміртау қаласы әкімінің «Өрлеу» сыйлығы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық-саяси өміріне араласып жүрген қыз-келіншектерге беріліп келеді. Бұл жолы қалалық әкімдікте құрылған комиссия осылардың арасынан 7 адамды анықтап, оларды cалтанатты марапаттау рәсімі «Восток» қысқы саябағында өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өткен Ұлттық Құрылтайда «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген адам ғана табысқа жете алады» дегендей, бұл 7 адамның бәрі де өз саласында жетістікке жетіп, абырой-құрметке бөленген жандар. Марапаттау сәтінде оны Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков те атап өтіп:

– Бұл рәсімнің негізгі мақсаты мен міндеті – шаһар өміріндегі іскер, әлеуметтік белсенді әйелдердің рөлін көтермелеу һәм арттыру, сондай-ақ гендерлік саясат, олардың оң беделін насихаттау, – деді.

Сол бойынша ең бірінші болып «Мәдениет үздігі» аталымында Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығы директорының орынбасары Үрзада Есмұрзаева сыйға бөленсе, «Денсаулықтың үздігі» атағына осы салада 40 жыл қызмет атқарған Қарлығаш Рахимбекова ие болды. Ал, «Үкіметтік емес сектордағы үлесі үшін» аталымының сыйлығын қалада экологиялық білім мен мәдениетке ықпал ететін 100-ден астам экологиялық акцияларды ұйымдас­тырып, өткізген «Отражение» ҚБ басшысы Елена Варганова алды. Келесі «Ана бақыты» аталымында «Әлем» БЖО орталығының педагогі, алты баланың анасы Баян Мамитова жеңімпаз атанса, «Бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында жобалау саласында 15 жылдан аса жұмыс істеген, «Строй-Аст» ЖШС директоры Ирина Замиралова озық шықты. Рымкүл Ибраева оқу үдерісін шебер ұйымдастырғаны үшін «Білім үздігі» атағын иеленсе, қызмет көрсету саласындағы жетістіктері үшін «Бум Кидс» білім беру және «БУМеранг» ойын-сауық орталықтарының жетекшісі Юлия Гурская, өндірістегі жетістіктеріне байланысты «ҚарМет» кокс-химия өндірісіндегі сөндіру вагонының электровоз машинисі, осы жерде 29 жыл еңбек етіп, «Еңбек даңқы» төсбелгісін алған Резада Хасеноваға да «Өрлеу» сыйлығының сертификаты мен дипломдарын Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков табыс етті.

Салтанат соңында марапат иелеріне дастарқан жайылып, қалалық Мәдениет сарайының өнерпаздары өнер көрсетті.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button