Жезқазған

Майталмандарға – мадақ пен құрмет

«Қазақмыс» корпорациясында ұлттың ұлық мейрамы – Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік бағдарламалар аясында «Таукен – металлургия кәсіпорындары және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен еңбек майталмандарын марапаттауға арналған салтанатты жиын өткізілді.

Салтанатты басқосуда өндірісте өнімді жұмыс істеп, өзгелерге үлгіөнеге бола білген ардагерлер мен еңбек озаттарын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС атқарушы директоры Сайран Әменов мыс өндіру саласындағы бірегей кәсіпорынның басшылық құрамы атынан ақжарыла құттықтады. Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын тілге тиек еткен Сайран Сұлтанұлы «Қазақмыс» корпорациясының ел ырысын еселеу жолындағы тындырымды әрекеттерін айрықша атап өтіп, ерекше еңбек жетістіктерімен көзге түскен жұмысшы-қызметкерлердің мадақ пен құрметке мейлінше лайықты екендігіне назар аударды. Мерекеде мерейі өскен майталмандарға сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен өндірістік кешенінің техникалық директоры Серік Айтмұқанов пен «Таукен – металлургия кәсіпорындары және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоғызбай Тажбенов жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Құттықтау және марапаттау рәсімі кезінде салтанатты шараны ұйымдастырушы тарап үздіктер қатарынан көрінген тұлғаларды ыстық ықылас пен гүл шоқтарына орап тастады. Мәселен, бар саналы ғұмырын корпорацияның өркен жаюына арнаған білікті маман, ТМД елдерінің және Қазақстан Республикасының Құрметті энергетигі мәртебелі атақтарының иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Жайық Мұңсызбаев «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ал, «Казахмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС тау-кен шахталық қондырғыжабдықтары зауытының директоры Қозы-Көрпеш Байтоқов нәтижелі еңбегінің қапысыз қайтарымы ретінде «Құрметті кенші» төсбелгісінің иегері атанды

Тек Қазақстан аумағында ғана емес, әлемдік деңгейдегі танымалдылық сипатын иеленген корпорацияның замана талабымен үндесе қадам басып, өндiрiстік қуатын жаңғыртып, келер күндерге сеніммен бағыт алып келе жатқаны белгілі. Жезқазған-Ұлытау өңірі тұрғындарының басым денінің тағдырлары мен тыныс-тірліктері осынау тау-кен және металлургия өндірісімен тікелей немесе жанама түрде байланысқаны – уақыттың өз шындығы. Бәлкім, сондықтан да шығар, жиын барысында қошемет пен құрметке кенелген еңбеккерлер саны айтарлықтай мол болды. Осы ретте, марапат түрлері де сан алуан болғанын атап өту артықшылық етпейді. Еселі еңбегі ескерілген жандар І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі мен «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленді.

Таза пейіл мен ізетті ықылас тұнған іс-шараны ұйымдастырушы «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы да дархандық пен пен жомарттықтың жарқын үлгісін көрсетті. Қарапайым еңбеккерлер мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестіктің төрағасы Тоғызбай Тажбенов бір шоғыр еңбек озаттарына салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары мен қаржылай сыйақыларын табыс етті. Көңілдерді көркем еткен әсері мол жиынды жергілікті өнерпаздар әсем әнмен әдіптеді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы

Басқа материалдар

Back to top button