АймақБұқар жырау

Майгүл – «Мəдениет майталманы»

Бұл атақ Майгүл Насырқызы Асқароваға 2012 жылы Бұқар жырау ауданы əкімінің арнаулы сыйлығын алғанда берілген. Басқа да марапаттары жеткілікті болғанымен, осы ауданның мəдениет саласында ширек ғасыр бойы еңбек етіп келе жатқан өзіне оның жөні бөлек…

Майгүл Асқароваға

Бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Тəттімбет ауылында 1971 жылдың 27 сəуірінде зоотехник Насыр мен аспаз Əуияның шаңырағында 11 баланың кенжесі болып дүниеге келген. Туған жеріндегі орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ жұрт алдына суырылып шығып, əсем дауысымен қазақ əндерін тамылжыта орындайтын.

Ол мəдениет қызметкері боламын деп əсте ойламаған. Ауылындағы орта мектепті 1988 жылы бітірген Майгүл Абай атындағы Саран педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1991 жылы бастауыш сынып жəне қазақ тілі мен əдебиеті пəні бойынша аяқтап, еңбек жолын өзі оқыған мектебінде бастады.

Ал, Ботақараға көшіп келгенде аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөліміне хатшы болып орналасты. Өзінің бойындағы бар қабілетін танытуға мүмкіндік енді туғанын түсінді. Салған беттен мұны жылы қарсы алған аталған мекеменің басшысы Мүгілсім Шибаева, аудандық мəдениет үйінің директоры Раушан Жұманова, көркемдік жетекшісі Құралай Аюпова мен олардың төңірегіне топтасқан Қалиасқар Шыныбеков, Қазыбек Талашев, Оралбек Жұмашевтер болды. Олар мінезі ашық, елгезек жасты өз орталарына жатсынбай қабылдап, бірден тонның ішкі бауындай араласып кетті. Міне, соған да ширек ғасыр толыпты…

Осы жылдар ішінде Майгүл Асқарова аудандық кітапханада кітапханашы, əдіскер, аудандық мұражайдың экскурсия жетекшісі, қайтадан кітапхананың жаңа жұмыс түрлері бойынша аға кеңесшісі болып істесе, 2021 жылдан бері кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметінде. Сол аралықта Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетін 2014 жылы қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай оқып та алған. Алайда, Құдай қосқан қосағы Мақсаттың мезгілсіз дүние салуы өзі мен балаларына қатты батқан. Дəл осындай ауыр сəтте көңілін серпілтіп, қайғысын сейілтуге өнер мен мəдениет ордасында, жанашыр достарының ортасында жұмыс істеуінің əсері болғаны анық. Шүкір, бүгінде Ақзері мен Саяны, Қуанышы аяқтарынан тұрып, Темірлан есімді жиенін сүйіп те үлгерді. Өзінің жолын қуған Саяны «Зерде» бейнемобилінің мəдени ұйымдастырушысы болып істейді.

Мен білетін Майгүл бір ғана кітапханашылықты місе тұтпайды. Бойына бірнеше өнер тоғысқан ол өлкетанушы, сценарист, қаншама кештерді ұйымдастырып, жүргізуші, көрме залдарын безендіріп, кітап құрастырып, айтыс өнерін насихаттап, деректі фильмдер де түсірген. Осы жасаған шаруаларына көңіл толып, көз сүйсінеді.

– Мəдениет саласының жұмысы бірден баурап, өзіне тартып əкетті. Ойларым мен идеяларымды жүзеге асыруға түрткі болды, – дейді Майгүл.

Енді, биыл ол «Ұлылар мұрасы – ұрпаққа үлгі» атты жоба бойынша Бұқар жырау Қалқаманұлының 355, Мəшһүр Жүсіп Көпеевтің 165, Шопанай Əмірхановтың 100 жылдығына арналған квест ойынын ұйымдастырып, жүзеге асыруды қолға алды. Осы мақсатта квест ойынды 3 аялдамаға бөліп, оның біріншісі «Құпия сөз» аялдамасы Ботақара кентінде бастау алып, Шопанай Əмірханов жайлы тұрғындарға ақпараттық деректер берілді. Кітапханашылар торкөздерге жасырылған сөздерді толтырып, Шопекең ұрпақтары естеліктерімен бөлісіп, аудандық кітапхана қорына оның портреті мен арнайы тіккізген бас киімін сыйлады. Келесі «Тарихнама» аялдамасына Бұқар жырау толғауларын жатқа оқуды өзі бастап, кітапханашылар оны жалғап, соңғы нүктесі кенттегі Бұқарекең ескерткіші алдында қойылды. Ал, кейінгі «Сырлы сандық» аялдамасында кітапханашылар Баянауылдағы Мəшһүр Жүсіптің кесенесіне сапар шегіп, онда Майгүл əулие ақын туралы өзі дайындаған деректер топтамасын Мəшекең мұражайына табыстады. Кесенеге барғандар оған дұға бағыштап, квест ойынның қорытындысы шығарылып, 15 кітапханашыға Алғыс хат тапсырылды.

Бесаспап маман, мəдениет майталманы Майгүл Асқарова жиырма бес жылғы еңбегі үшін 2019 жылы облыс əкімінің «Ауылдың үздік кітапханашысы» сыйлығын алды. Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары жетерлік.

– Бірақ маған бəрінен де бұрын «Мəдениет майталманы» деген атағым қымбат. Бұқар жырау ауданының мəдениет саласындағы ширек ғасырлық еңбегімен одан асқан бағаның қажеті жоқ, – дейді Майгүл. Бұқар жырау ауданы

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button