Ресми

Маңызды ұсыныстар айтылды

Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында облыстық мәслихат депутаттарымен кездесіп, аймақтың өзекті мәселелерін талқылады. Одан бөлек, еліміздің жоғары заң шығарушы органының өкілі Парламент Сенатында жүргізіліп жатқан жұмыстармен бөлісіп, жергілікті өзін-өзі басқару, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік саланы дамыту және тағы басқаларға қатыс­ты депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Өткен жылдың желтоқсанында үш жылға республикалық бюджет қабылданған болатын. Осы орайда Серік Өтешов облыстық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. Себебі, өңір өмірімен жете таныс депутаттар жіберген ұсыныстар басты назарға алынған.

– Өңірлерден келген ұсыныс­тардың басым бөлігі орындалды деп айтуға болады. Әріптес­терімізбен бірге «бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығарып» ауқымды жұмыс атқарылды, – дейді сенатор.

Сонымен қатар, Серік Балғатайұлы өткен жылы қабылданған заңдарға да тоқталды. Оның ішінде өңіріміз үшін ең маңыздыларының бірі – еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заң. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған тағы бір стратегиялық қадам – кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық баланың Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы болуы.

Ал, болашақта Парламенттің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарында Салық және Бюджет кодекстерін пысықтау және қарау бар.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов ауылдық жерлерде жергілікті өзін-өзі басқару құрылымын жетілдіру, сондай-ақ бюджетаралық қатынастар тетігін одан әрі дамыту қажеттігі туралы айтты. Мәселен, Осакаров ауданының Молодежный кенті арқылы өтетін Қаныш Сәтбаев атындағы канал Астана қаласында тіркелгендіктен, одан түсетін салықтың аталған ауданға еш қатысы жоқ болып шыға келеді. Осы орайда, Нұркен Кобжанов «Салық неліктен жергілікті жерге түспеске?» деген ұсынысын білдірді. Серік Өтешов болса, аталған мәселеге қатысты ұсыныс беріңдер деген тілегін жеткізді.

Ал, облыстық мәслихат депутаты Қадиша Оспанова болса, Парламент Сенатының жұмыс форматына көңілі толатынын айтты. Себебі, бүгінде Сенаттың түрлі комитеттерінің қатарында облыстық мәслихат депутаттары да бар. Бұл өз кезегінде өңір жайын жете білетін депутаттардың проб­леманы нақты көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, депутат Серік Балғатайұлына өңірдегі біраз мәселені де мәлімдеді. Айтуынша, Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры емханалар мен стационарларды бүгінде толық көлемде қаржыландырмайды.

– Облыста операциялардың кезегі өте үлкен. Тіпті, биылғы жылдың соңына дейін баратындары да бар. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының жұмысы қайта қарастырылады ма? Денсаулық сақтау министрлігі тығырықтан шығар жолды ұсынғанымен, жергілікті жерлердегі проблеманы біле бермейді. Осыған қатысты қордың қызметі мен қаржыландыруын қайта қарастыру бойынша бірқатар ұсыныстарымыз бар, – дейді Қадиша Базарбайқызы.

Сенатор бүгінде аталған қордың жұмысына қатысты аудит жүргізіліп жатқанын айтты. Нәтижесі бойынша нақты өзгерістер қабылдануы мүмкін.

Қадиша Оспанова бұдан бө­лек, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін даярлау жүйесін жақсарту, денсаулық сақтау саласының бейіндік мамандарын оқыту бойынша да ұсыныстарын айтты.

Депутат Меруеш Башай болса, қызметін атқару барысында қаза болған құқық қорғау органы қыз­меткерлерінің отбасылары алып отырған жәрдемақыға қатысты мәселе көтерді. Айтуынша, заңға енгізілген өзгерістерден кейін олар әлеуметтік кепілдіктен құр қалған.

– Осы мәселе бойынша Парламент Сенатына хат жолдадық. Келген жауапта Үкіметтің қарастыратыны жайлы айтылған. Бірақ, әлі ешқандай нәтиже жоқ, – дейді Меруеш Башай.

Депутат өзінің уәжін Үкімет отырысына барып айтуға да қарсы емес.

Серік Өтешовтің айтуынша, аталған мәселеге қатысты жұмыс аяқталмаған. Бұл мәселе шешімін табар деген үмітте.

Сондай-ақ, кездесу барысында білім және ғылым, медицина, дене шынықтыру және спорт, экономика салалары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі талқыланып, алдағы жылдың жұмыс жоспары талқыланды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button