Маңғыстаулық жастар Қарағандыда техникалық және медициналық мамандықтарды игеріп жатыр
Қарағанды — еліміздегі ірі өнеркәсіп пен медицинаның тоғысқан орталығы. Сондықтан біздің өңір техникалық кадрлар мен денсаулық сақтау мамандарын даярлау ісінде оқ бойы озық тұр. Осындай ортада білім алу — еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар үшін үлкен мүмкіндік. Соның жарқын мысалы – Маңғыстау жастарына арналған «Жарқын Болашақ» бағдарламасы.

Әлеуметтік бағдарламаның мақсаты – алыс аймақтардағы жастардың кәсіби білім алуына жағдай жасап, таңдаған саласында табысты маман болуына қолдау көрсету. Жоба аясында бүгінде маңғыстаулық жүзге жуық жас Қарағандыда кәсіби білім алып, техникалық, гуманитарлық және медициналық мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бірі – техник-технолог болуға ұмтылса, бірі – медицина саласында білікті маман болуды мақсат етеді. Осындай талапты жастардың қатарында жаңаөзендік Берді Сәду, Айбар Әжіғали және Арайлым Қайнарова бар.
Берді Cәду қазіргі таңда Қарағанды машина жасау колледжінде «токарь» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бала кезінен техниканың тілін білуге талпынған ол бағдарлама аясында қара алтынның отанында білім алуға бел байлаған.
– Бағдарлама туралы алғаш естігенде бұның ерекше мүмкіндік екенін түсіндім. Қарағандыда техникалық бағытта сапалы білім алып, нақты кәсіп меңгеруге болатынын білдім. Бұрын өз қызығушылығымды қай салаға бағыттау керегін білмейтінмін, ал бұл бағдарлама нақты бағдар берді. Әуелде сызбаларды оқу, станокпен жұмыс істеу оңай болған жоқ. Бірақ тәжірибе жинаған сайын, өзіме деген сенім артты. Қазір әрбір жасаған бөлшек мен үшін кішігірім жетістік, – дейді Берді.
Берді колледже алған білімімен ғана шектелгісі келмейді. Ол жоғары білім алып, техникалық салада терең мамандануды жоспарлап отыр. Оның арманы — Қазақстандағы өндіріс пен техника саласын дамытуға үлес қосу. Сол арқылы болашақта заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын, халықаралық деңгейдегі маман болуды көздейді.
– Қазақстанның өзінде де озық технологиялар, заманауи өндірістер көп болғанын қалаймын. Мықты инженерлеріміз көп болса деймін. Сондықтан осы бағытта терең білім алып, жақсы маман атанғым келеді, – дейді ол.
«Жарқын Болашақ» бағдарламасының тағы бір қатысушысы Айбар Әжіғали да Қарағанды машина жасау колледжінің үшінші курсын тәмамдап отыр. Техник-технолог мамандығын меңгеріп жатқан жас студент өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби шеберлігін арттыруға барын салып жүр.
– Маған түрлі станоктардың қалай жұмыс істейтінін бақылаған ұнайды. Колледжде оқып жүріп сызбалармен жұмыс істеуді, техникалық құжаттармен танысуды үйрендік. Енді сол теорияны нақты өндірісте қалай іске асыратынымды көріп жатырмын. Колледжді бітірген соң, жоғары оқу орнына түсіп, кейін өзімнің жеке кәсібімді ашқым келеді. Мақсатым – металл өңдеумен айналысатын өндіріс орнын ашу, – дейді ол.
Айбардың пайымдауынша, кәсіби-техникалық білімді ерте бастан игеру — жастардың өмірге тез бейімделуіне, нақты еңбекке еркін араласуына мүмкіндік береді. Өзінің де техникаға қызығушылығы бала кезден басталған.
– Әкем механик, бала кезімнен қасында жүріп, көптеген іске араластым: метал тазалап, сырлауды, тұрмыстық заттарды жөндеуді үйрендім, – дейді Айбар.
Ал грант иегері Арайлым Қайнарова Қарағанды облыстық жоғарғы мейіргерлік колледжінде фельдшер мамандығы бойынша білім алады.
– Маған өз мамандығым қатты ұнайды. Өйткені мен адамдарға көмек көрсетіп, пайдалы болғым келеді. Кез келген жағдайда адам өмірін сақтап қалуға үлес қосу – игі іс деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл әр кезде сұраныста болатын мамандық. Қарағандыда сапалы және жан-жақты білім алып жатырмыз. Оқу барысында қызық та, қиын да сәттер болады. Бірақ сол арқылы жетіліп, шыңдаламыз, – дейді Арайлым.
Маңғыстау облысының жастарына арналған «Жарқын Болашақ» бағдарламасы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен және Bilim Foundation корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Бағдарлама арқылы 12 мен 22 жас аралығындағы жастар қазақстанның 11 өңіріндегі оқу орындарына түсіп, техникалық, гуманитарлық, өнер және спорт салалары бойынша білім ала алады.
“Bilim Foundation” корпоративтік қорының баспасөз қызметі